Четверг, 29 Июнь 2017
-->

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ: БІРСАРЫНДЫЛЫҚТЫ ЖАНЫМ ЖЕК КӨРЕДІ

Ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, жыршы, манасшы, кинорежиссер, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы секілді бір басына сан түрлі өнерді тоғыстырған Баянғали Әлімжанов ағамызбен әдебиет әлемі жайында кең отырып әңгімелескен едік.

4354

Рингтегі бокс емес
– Аға, мен сізді бәйге тілеп тұратын тұлпардай көз алдыма елестетуші едім. Қазір дулы ортадан көп көрінбейсіз…
– Рақмет, айналайын! Көп көрінбеймін деп айта алмаймын. Сол қалың елдің ортасында ғұмыр кешіп келемін. Астанада тұрамын.
– Биыл он екі томдығыңыз шығып, соны елордадағы Ұлттық академиялық кітап­ханаға тапсырдыңыз. Әңгімені содан өрбітсек…
– Менің шығармашылығым сан-салалы жанрды қамтиды. Соның бәрін жинап, дәмді деген дүниелерімнің басын бір құрастырып қойсам деген ой болды. Өзімнің ұрпағым үшін де керекті кітап болар деп санаймын. Соның ішінен оқырман іздегендерін алар, қажет болмаса кітапханада тұрар. Сөйтіп, осындай талаппен он екі томға тәуекел еттім. Идея да жоқ жерден келді.

2015 жылы «Фолиант» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен үш томдығым жарық көрді. Ол екі мың данамен елдегі кітап­ханаларға тарады. Соған қосымша төртінші томнан он екі томға дейінгі туындыларымды тіркей қойдым. Оның бәрі өз қаржыммен Көкшетау­дағы «Келешек» баспасында басылды. Анау айтқандай, тиражы көп емес, санаулы ғана. Әрине, кітап шығару оңай жұмыс емес. Он екі томдығыма жазғандарымның бәрі енді дей алмаймын. Сахнада 216 рет айтысқа шығыппын. Соның кітапқа 40-қа жуығын енгіздім. Жас күнімде жазған сын мақалалар мен рецензия­лардың 2-3-еуі ғана кірді. Қалған дүниелердің ешқайсысы енбеді. Солардың бәрін қосып, нығыздасам, әлі де 4-5 томдықты жинайтын еңбегім бар екен. Бірақ осы томдыққа өз көңілімнен шыққан көркем шығармаларымды қос­тым. Бұл бір біткен іс болып, көңілім жайланып, тамаша әсерде жүрмін.

Кейде менің ақылым айран-асыр болады. Тәуелсіз мемлекетпіз. Сөйтіп отырып, қазақтың теледидары халқымыз­дың аңызы мен жырына жол ашпай отыр­ғанына қайран қалам. Сіз телеэкраннан ақындардың өлең оқығанын көрдіңіз бе? Құдай-ау, мықты ақындар толып жүр ғой. Олар сізден ешқандай ақы сұрамайды. Солардың өлең оқуына да жол жабық. Ертеден кешке дейін бітпейтін шоу. «Шоу» деген сөз жүйкеме тиеді. Содан балалар түк ойланбай өседі

– Бәрі қайырлы болсын, аға! Он екі томдықпен шық­қан кітаптардың түсі де әртүрлі екен. Оның сыры бар ма?
– Жарық дүниенің өзі алуан қырымен әдемі емес пе?! Бірсарындылықты жаным жек көреді. Шығармашылығымның өзі көп мазмұнды болғандықтан, әр жинаққа бөлек түс арнадым. Маған осы ұнады.
– Жалпы, жазу өнері бір тылсым күшке ие секілді. Ол адамға қалай қонады деп ойлайсыз?
– Айталық, француздың бір сыншысы «жазылған шығарма адамның өмірбаянынан туады» деген теориялық ой айтқан. Оның пікірін Джойс деген сыншы жоққа шығарып: «Көркем шығармаға биографияның түк қатысы жоқ. Ол басқаша жаратылады. Оның жаратылысы бөлек» деп ой сабақтаған. Шындығында, өнер қайдан туады? Ақылдан ба, жүректен туады ма? Соның бәрі үйлесіп, жаннан туатын секілді. Адам – жанның жаратылысы. Адам жанының рухын үрлейді. Жан қайдан келеді? Біз мұсылманбыз. Жан Алланың аманаты дейміз. Дәлірек айтқанда, осының бәрі Алладан деп есептеңіз. Алла адамға жан беріп, дарын сыйлаған. Соны әрмен қарай дамыту, көркейту адамның ақыл-санасына, біліміне байланысты. Бейнелегенде, өте бір күрделі дүние.

Өнердің өзі екі түрге бөлінеді. Оны рахмани және сайтани өнер деп айтамыз. Біз кейде әлемдік классик деп әуелетіп, жарты құдайдай табынып жүрген кейбір жазушыларымыз ешбір дінге сенбейді. Дінсіз десек болады. Ал құдайсыз пенде Аллаға сенген иманды адамға жол сілтеп, қандай өнеге көрсетеді? Оларды біз қопақардай классик деп қадірлейміз. Қазір шайтанды жазып, мистикалық дүниелерге қалам тербейтіндер шықты. О дүниеге ой жүгіртетіндер молайды. Өзге елдің әдебиетіндегі «Құдай іздеу» сарындары бізге де жетті. Он сегіз мың ғаламды Алла жаратты. Құранда: «Аллаға дәлел іздеме, көмескіге иман келтіресің» дейді. Сондықтан осындай философиялық ойлар мені жиі мазалайды.

Біз көп жағдайда кешегі кеңес әдебиетінің сынықтарымен келе жатырмыз. Социа­лизм идеологиясынан толық құтылған жоқпыз. Ақындардың ішкі рухани азаттығы күшті. Бірақ оның ақыл өресі мен сана сезімі қандай деңгейге жетті?! Кезінде Сталин қаламгерлерді басқару үшін әдебиетке пагон енгізуді ойластырған. Біздің көзқарасымызда әлі осы әдет бар. Атақ үшін марапатқа таласамыз. Әдебиет рингтегі бокс емес. «Ананы ұрып жықсам, атағым шығады» деген. Нағыз таланттың өз әлемі болады. Ол қаншалықты бай, қаншалықты күрделі, қаншалықты көркем! Бүгінде әдебиетте имансыз кейіпкерлерді бейнелеу көбейді. Соны ізденіс, өнер деп бағалайтындар пайда болды. Мен оны қош көрмеймін.

Адам бойынан асыл қасиет  іздеймін
– Мүмкін, оқырманның талғамы өзгеріп кеткен болар…
– Олай ойламаймын. Әдебиеттің мақсаты – ізгілік іздеу, ізгілікке бастау, ізгілікке шақыру. Жалынды ақын Сұлтанмахмұтша айтқанда, «Қарайған қанымызды тазартуға қызмет етуіміз» қажет. Біздің шығармамызды оқыған оқырманның кішкене болса да жан дүниесі нұрланып, оған рухани қуат бере алсақ, қаламгердің миссиясының орындалғаны деп ойлаймын. Әдебиет осылай болуға тиісті дегенді жазбайды, болған нәрсені жазады. Тағдырдың әр тарау жолы адамды сан азапқа түсіреді. Содан ол қалай шықты, қалай жол тапты, түптің түбінде адам болып, имандылық қасиетін сақтады ма деген ойлар жазушыны үнемі қалың қиялға батырады. Әдебиет адам бойынан осындай асыл қасиеттер із­дейді. Әрине, өмірде бәрі қа­лыпты болмайды. Кейбір жазушылардың ізденгеннің жолы осы екен деп, пенденің қараңғылық жағын қазып, жыртқыштық сезімдерін оятуды көздейді. Оның бәрі саясатпен, астармен жасалады. Ғасырлар бойы сақталған халықтың құндылығын, отбасы дәстүрін бұзу үшін барады деп есептеймін. Біз осындай кесірлікті үндеген туындыларға қарсы қандай дүние бере аламыз? Бүгінгі жас буын өз ана тілінде кітап оқып, өз ана тілінде тәрбие алып, рухани жағынан қалыптасқан кемел азамат бола ма? Соған қалай ықпал жасаймыз? Осы ой мені қатты толғандырады. Ұлттық тәрбие балаға кішкентайынан берілу керек. Өткен ғасырдың 90-жылдардың басынан күнкөрістің қамымен кеттік. Ауқаттылары байлығымызды қалай молайтамыз, әлемге даңқымды қалай шығарамыз деп дақпырттың соңына түсті. Сол кездегі балалар қазір ержетті. Енді олардың санасын өзгерту мүмкін емес. Біздің қазақтың мұсылмандығы керемет болған. Діни фанатизмді айтып отырған жоқпын. Бабаларымыз бір Құдайға сенген. Ешкімнің ала жібін аттамаған, өтірік айтпаған, ұрлық жасамаған. Енді қатып қалған діни фанаттардан қадам басып жүре алмаймыз.
– Сол сананы өзгертуді өзіңіз бастап, балалар әде­бие­тіне қалам тербепсіз…
– Балғындарға арнап өлеңдер жаздым. Оның өз себебі бар. Балабақшаға барып жүр­ген немерелерімнің үйге жат­тауға берген өлеңдерін өзім түсінбейтін болдым. Ойы да, ұйқасы да, көркемдігі де келісіп тұрған жоқ. Төрт жол төрт жаққа кеткен. Сосын балаларға арнап шағын дүниелер жазуды қолға алдым. Аяғында үлкен бір кітап болды. Қатты қуандым. «Әліппе өлең» деген әліппе жаздым. Керекуде тұратын Назымбек Дүкенбай деген композитор соған музыка шығарыпты. Жаңылтпаштар мен оқиғалы өлеңдерге қалам тербедім. Балалар балабақшада немесе мектепте ана тілінде өлең оқығанда, оны жан дүние­сімен сезініп, түсініп оқу керек. Сонда оны сүйіп оқиды. Оған қойылатын талап та қатаң болса деймін. Бастауыш сыныптардың кітаптарындағы қазақ тілінде жазылған сөз түсініксіз болмағаны жөн. Бірде-бір артық сөзді қолдануға болмайды. Сонда бала өзінің ана тіліне құмарлықпен құштар болады.

Өнердің өзі екі түр­ге бөлінеді. Оны рахмани және сайтани өнер деп айтамыз. Біз кейде әлемдік классик деп әуелетіп, жарты құдайдай табынып жүрген кейбір жазушыларымыз ешбір дінге сенбейді. Дінсіз десек болады. Ал құдайсыз пенде Аллаға сенген иманды адамға жол сілтеп, қандай өнеге көрсетеді? Оларды біз қопақардай классик деп қадірлейміз

– Өзіңіз жазу өнеріне қалай келдіңіз?
– 4-сыныпта оқып жүргенде жазушы болам деп ойладым. Көктемнің көкөрім шағы. Табиғат бусанып, оянып жатқан кез. Малақайымды шешіп тастап, мектептен үйге келе жатырмын. Әне жерде Біржан сал атамыздың зираты. Келесі беткейі – ауыл. Содан кеудемді шаттық сезімі кернеп, біртүрлі толғаныс күйін кештім. Мүмкін, сол кезде менің бойымдағы алғашқы ақындықтың оянғаны шығар деп ойлаймын. Бірақ оған мән бермедім. Былдырлап бірдеңе жазғаным есімде. Кенен жырдың ортасында өссем де, ақындықты қатты қумадым. Жазушы болуға қызықтым. Бала күнімнен Мұхтар, Сәбит, Ғабит ағаларымның кітаптарын көп оқыдым. Әлем әдебиетінің інжу-маржандарымен сусын­дадым. Әсіресе, ертегілер мен аңыздарға құмар болдым. Кітап маған қасиетті дүние көрінді. Мен үшін адамның төресі жазушы саналды. Орта мектепті тәмамдап, Алматыға арман қуып келдім. ҚазМУ-дың қазақ филология факультетін бітірдім. Сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында жұмыс істедім. Мен үшін шығармашылық жолымда күтпеген бұрылыс болды. Кәдімгідей салмақты, байсалды психологиялық, лирикалық проза жазамын деп ойлайтын едім. Бірде телеарнадан орыстардың әзіл хабарын көрдім. Өзім әзіл сөзге бейім азаматпын. Соны көріп отырып, ойды ой түртті. «Қиқыматтың хикая­лары» деген повесім өмірге келді. Жазып отырып, шегім қатып күлемін. «Қазақ әдебиеті» газеті жариялады. Жұртшылық дән риза болды. Одан кейін «Қарасай батырдың тұқымының толғауы» жазылды. Мұның бәрі кеңес заманында жарық көрді. Менің бағытымда, жүріп келе жатқан жолымда ондай шығарма жазам деген ой жоқ болатын. Мұнда да көп нәрсе айтылады. Күлкінің астарын көріп, біліп-таныған сыншы сирек. Күліп отырып ойымды астарлап жеткіздім. Бірде Мұхтар Мағауин: «Бір сөйлемінде талай дүниенің жүгі жатыр ғой» деп баға берді. Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев газетке мақала жазды. Орыс тілінде де кітап жаздым. Абылай хан бабамды қатты жақсы көремін. Әбден бойыма сіңіп кеткен. Басқа ұлттар мен орыстілді қазақтарға асыл текті бабамыздың ерлігін білсін деген ниетпен «Аблай хан и его батыры» атты хикаят жарық көрді.
– Мектепті орысша оқыдыңыз ба?
– Жоқ, қазақы ауылда өскен, мектепті ана тілінде оқыған баламын. Бірақ мектепте орыс тілінен диктант жазғанда «5» алатынмын. Мұзафар Әлімбаев ағамыз алпысқа толғанда, «Огни Алатау» газеті маған тапсырыс беріп, орысша мақала жазып берген едім. 1984 жылы Мұхтар Мағауин Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, «Казахстанская правда» басылымына «Аласапыран» романы туралы рецензия жаздым. Сонда Ахмедин Ысқақов деген кісі менің мақаламды оқып: «Мына баланың орысша ой орамдары бөлек екен» деп айтты деп Мұқаң риза болған еді. Сөйтіп, Абылай хан бабамыз туралы хикаятты «Көкшетау» журналы басты. Кейін кітап болып шықты. Оқырмандарым ол жайында жылы пікірлерін білдірді. Одан кейін «Разрешите жить!» атты повесть жарыққа шықты. Сол кітапты Зоя Алексеевна деген дәрігердің анасы оқып, маған хабарласты. «Мен сіздің кітабыңызды оқып, толқыдым. Сіздей жазушымен танысқаныма қуаныштымын. Сіз өз шығармаңыз арқылы әлемдегі ұяты мен ақыл-есін жоғалтқан адамдарға үн қатып отырсыз» деп жоғары бағалады.

Қазақ  телеарнасы халқымыздың жырына қашан жол ашады?
– «Паң Нұрмағамбет» атты киностудия ашып, кино да түсірдіңіз…
– Әйгілі италиялық Феллини деген режиссер: «Әрбір адамның көретін өз киносы бар» деп айтады екен. Киноны елестетпейтін пенде жоқ. Шындығында, кино – құдіретті өнер. Осы ғажайып өнер арқылы имандылықты насихаттағым келді. Сол оймен киноға келдім. Төрт көркем, алты де­ректі фильм түсірдім. Бүгін­гі қазақ кинолары ұлттық бояуын жоғалтып барады. «Аран» деген фильмді туған жерім Степняк қаласында он мың долларға түсірдім. Оның оқиғасы өмірдің өзінен алынды. Әрине, кино өндірісі ұжымдық еңбекті талап етеді. Оған көп қаржы қажет. Мен жалғыз өзіммін. Өзім режиссер, өзім сценарист, өзім актермін. Әрі өзім шопырмын, жүкшімін. Имандай шынымды айтқанда, оны патриоттық сезімнен туған дүние деп санаймын. Титтей болса да қазағыма пайдасы тисе екен деп ойладым. «Айқан» деген фильм­де өмірдің түрлі теперішін көрген боксшының тағдырын бейнеледім. Әр туындыға мақсатты түрде сүбелі, сереқазы секілді ой тастайтын ұлттық бояуларды енгізіп отырдым. Мәселен, «Аранда» Біржанның «Теміртасы», Әбікен Хасеновтің «Қоңыры», «Айқанда» Қасым Аманжоловтың «Өзім туралысы», Мұқағалидың өлеңі, «Асау толқында» Мәшһүр Жүсіп атамыздың нақылын қос­тым. Мен содан бір пайда көрейін деп ойлаған емеспін. Бірақ соны рухани ерлігім деп бағалаймын. Айқын Нұр­қатов туралы үш бөлімді құрайтын деректі фильм жасадым. Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың көзі тірісінде үйінде отырып, екі сағаттық әңгімесін жазып алдым. Айталық, қазір сол кісілердің көзі кетті. Енді соның бәрі құнды мұраға айналды.
Драмалық шығармаларым да бір төбе. Жиырмаға жуық пьеса жазылды. Алғашқы «Құдалық» деген туындым Көкшетау театрында қатарынан он жыл жүрді. «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай!», »Еркегі бар болғыр», «Қазақы сайлау», «Қаптан шыққан қара қыз» секілді комедияларым ел театрларының сахналарында қойылды. «Жас қазақ», «Ойран» деген драма да жұртшылыққа ұсынылды. Бүгінгі таңда маған ғаламтор деген жақсы болды. Соған өзім жырлаған дастандарым мен толғауларымды салып қоямын. Тыңдармандар содан естіп, алғысын білдіріп жатады.
– Аға, маған бір қызық ой келді. Егер мен бір телеарнаның басшылығында отырсам, сізді соған шақырып, бір хабар ашып, халқымыз­дың бай ауыз әдебиетін
насихаттауға күш салар едім… Оны неге телеарнаға шығармайсыз?
– Ой, айналайын, мен осы мәселені айтып, «менмін» деген талай азаматқа бардым. Ұлттың жанашырымын, патриотымын деген кісілерге айттым. Кеңес заманында «Халық қазынасы» деген арнайы хабарлар дайындап, батырлар жыры мен термелерді көрерменге ұсынатын. Сөйтіп, жұртшылық одан рухани нәр алатын. Қазір соның бәрі жоғалды. «Атадан қалған аңызым» деп аталған бір циклды хабар ашайын деп біраз төрелерге айтып көрдім. Бәрі «ойыңыз дұрыс екен» дейді. Бірақ нәтижесі жоқ. Күніне телеарнадан 5-10 минут, тіпті аптасына бір рет аңыз жырлар мен дастандарды беріп отыратын болсақ, анау ескі дәуірдегі аталардың сөзі жаңғырып, бізге жетер еді. Ол тіпті үлкендер мен жастардың жүрегіне барып қонар еді. Халқымызға қуат береді. Артық қаржыны да талап етпейді. Кейде менің ақылым айран-асыр болады. Тәуелсіз мемлекетпіз. Сөйтіп отырып, қазақтың теледидары халқымыздың аңызы мен жырына жол ашпай отыр­ғанына қайран қалам. Сіз телеэкраннан ақындардың өлең оқығанын көрдіңіз бе? Құдай-ау, мықты ақындар толып жүр ғой. Олар сізден ешқандай ақы сұрамайды. Солардың өлең оқуына да жол жабық. Ертеден кешке дейін бітпейтін шоу. «Шоу» деген сөз жүйкеме тиеді. Содан балалар түк ойланбай өседі. Соның бәрі қазақ руханиятына көңіл бөлмеушілік, мән бермеушілік, еліміздің рухани әлемін адас­тыруға, соған бөгет болуға, соны теріс жолға салып жіберуге құштар ынталы күштер бар ма деп ойлаймын. Біздің азаматтар соларға елігіп, рухани құндылықтардан адасып қалды ма деп қорқамын. Қаламгерлер оларға танымалдылық жаса деп отырған жоқ. Бірақ біздің сөзіміз халыққа жету керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Азамат ЕСЕНЖОЛ 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*