-->

БАУЫРЛАС ҚАЛАНЫҢ БЕРЕКЕСІ

Астанаға бауырлас қаланың бірі – Санкт-Петербург. Жақында осы жаққа жолымыз түсіп, көне шаһардың туристік келбетін көңілге тоқып қайтқан едік. Үйренетін үрдістерін назарға алдық.
Туризм деген ұғым санамызда пайда болмас бұрын-ақ, біздің бабаларымыз «Жеті тілді білдің бе, жеті белден астың ба» деп ұрпағын ел-жер көруге міндеттеген сияқты. Дүниенің төрт бұрышын аралап қана қоймай, келген қонағын қарсы алып, көрнекі жерлерін көрсете білуді де үрдістендіруден ешқандай зиян болмайтынын уақыт дәлелдеп отыр.
Тарих пен туризмді ұтымды ұштастырып, оның озық дәстүрін қалыптастырған Астананың бауырлас қаласы – Санкт-Петербург шын мәнінде туристерді аса қызықтыратын шаһарға айналған екен.

5555
ҰЛЫ ПЕТР ҚАЛАСЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ
Тарихы үш жүз жылдан асып жатқан қала дамуының әртүрлі кезеңін басынан өткізгені мәлім. Осында талай рет дүние «төңкеріліп», қоғам құрылысы ауысып келеді. Бір қызығы, питерліктер осыншама өзгерістердің шашауын шығармай, тарих тізбегінің бір мысқалын жоғалтпай, оның әрбір сәтін маржандай тізіп, әп-әдемі туризм бизнесіне айналдырып отыр. Ол аздай қазіргі заманның талабымен түрлендіріп, болашақ ұрпақтың талғамын тәрбиелеуді де назардан тыс қалдырмапты.
Әрине, шағын мақалада Ұлы Петр қаласының сән-салтанатын айтып тауыса алмаспыз. Алайда, көзге түскен, көңілге түйген туризмнің оң тәсілдерін баян етпекпін.
Ескі шаһардың қақ ортасындағы храмдардың қатарында көгілдір күмбез көз тартады. Сымбатын Бұхаралық шеберлер өрген мешіт қазір мұсылман жамағатының игілігінде екен. Осы мешіттен кейінгі екінші үйде 1917 сәуірде большевиктер партиясының алғашқы жиыны өткенін тасқа қашап жазыл қойыпты. Қазір мұнда революция мұражайы бар. Гагарин көшесіндегі Санкт-Петербург Еуропа университеті патшалық ресейдің атақты меценаты Александр Григорьевич Кушелёв-Безбородконың сарайында орналасқан. Ғимараттың кіреберісіндегі гранит сатылардың сәні мен адам бойындай сәнді құмыра, алтын және мәрмәр залдары, сан құбылған шырағдандар, қызыл ағаштан жасалған ескінің көзіндей есіктерінің осы күнге сақталып жеткеніне таң қаласың. Бір қызығы, сол үйдің алдындағы көшеде тағы бір тақта орнатқан, онда революционер тілшінің ақ гвардияшылар қолынан мерт болғанын баяндайды. Одан сәл ұзасаңыз, атақты фильмдегі Верещагиннің дәмханасы тұр. Үш қоғамның үш оқиғасы үш ғасырдың жүгін көтеріп, бірімен бірі үндесіп тұр.

DSC06850

КЕҢЕС ТАРИХЫ КЕСЕК КӨРІНЕДІ
Қазан төңкерісінің бесігі болған Ленинградта Кеңестің 70 жылдық тарихына қатысты ескерткіштерден аяқ алып жүре алмайсыз. Бір қызығы, ол қазір идеология нысаны емес өткен тарихтың белгісі ретінде бүгінгі күннің кәдесіне жарап тұр. Төңкеріс тарихы әлемдік орны бар тұтас бір жүйе еді ғой, ал қарапайым нәрсені де тамаша тарихқа айналдыру тек питерліктерге тән екен. Атақты дүкендегі мысыққа, Петропавел қорғанындағы қояндар мен «фонтанка» каналындағы жұдырықтай торғайдың «чижик пыжик» мүсіндері соның дәлелі.
1941-1945 жылдары қоршау кезінде мысық біткен түгелдей қырылып қалып, қаланы егеуқұйрық басады. Содан төрт вагон «мұртты дивизия» алып келіп егеуқұйрықты қынадай қырған. «Яраслав тұқымы» деп аталатын мысықтардың «ерлігі» мұрағатта қалар ма еді, егер «Василиса», «Елисей» деп аталатын екі марғауға ескерткіш орнатпаса. Ал, қаптаған көжектердің үлкенді-кішілі мүсіндері аралда қалай пайда болды дейсіз ғой. Оның да тарихы бар, Неваның суы тасығанда бір қоян Петр патшаның етігіне тығылып қалып, жан сақтапты. Нағыз мүсіншінің қиялын тербеткен туындылар қоянша көбейіп, Петропавель қамалында орын алып, келушілердің көз қуанышына айналыпты. Атақты Исакиевский соборының баспалдағының кертіліп қалған екі шеті де туризм нысанына айналған. Бұл Ленинградты қоршауы кезінде бомбалаудан қалған белгі екен. Собордың сымбатына сүйсініп, бомбаны лақтырған ұшақтың қиыс кеткеніне қуанасың.
Есіңізде болса, «Иван Василевич мамандағын ауыстырады» деген фильмде шіркеудің қоңырауының арқанына аяғы шырмалып қалған кейіпкер еріксіз бір әуеннің үніне салады ғой. Иә, иә, сол әуен, оның халық арасындағы мәтіні былай екен.
«Чижик-пыжик, где ты был?
На Фонтанке водку пил.
Выпил рюмку, выпил две-
Закружилось в голове» – осылайша әндеткен жұдырықтай құсқа да неге өзеннің ернеуіне ескерткіш орнатпасқа. Питерліктер де солай шешіпті. Бұл әзіл емес, шын сөзім, барша туристер жабылып жұдырықтай құсқа дән емес тиын лақтыруды әдетке айналдырыпты.
Ал маңызды әңгімені бастасақ, ақпараттық стендтер адасқан саяхатшының құтқарушысы екен. Метролар мен қоғамдық көліктердің аялдамаларында, бақтарда өзен жағалуы мен көше қиылысында орналасқан стендте қаланың сызбасынан «сіз мына жерде тұрсыз» деген белгі жақсы әсер етеді. Демек, ен қаланы еркін аралауға болады деген сөз. Ал автобусқа мінгіңіз келсе, тіптен жақсы. Қаланың көрнекі деген жерлерінде «hop-on-hop-off» жүйесіндегі автобустар сағат сайын зырылдап жүріп тұр. Жолай түсіп қалып өзіңізге ұнаған жерде, қайтадан көліке отырамын десеңіз, көлікке отырарда алған билетіңіз күймейді, саяхатыңызды жалғастыра бересіңіз. Теңіздің үсті де, жағалаудағы пристаньдар сіздің қызметіңізде болып, әсерлі әңгімесімен гидтер қаланың бар тарихын жеткізіп береді.
Соқпағы сүрленген, Эрмитаж жайында айтып жеткізу оңай емес. Әйтсе де, музей залдарымен таныстыратын балаларға арналған бағдарлама өте қызықтырды. Одан бөлек, картиналардың алдында еденде отырып сурет сызған сәбилер таң қалдырды. Бұл да – өнегелі іс. Балалардың эстетикалық талғамын жетілдірудің бір әдісі. Сәті түсіп, Этнографиялық мұражайға соққанымызда оқушылардың топ-топ болып музей аралап жүргенінің куәсі болдым.

DSC07119

ТЕАТРАЛДЫҚ ТУРИЗМ
Бөлек тұрған зәулім үйлер емес, әдеттегіден бөлек іргетасын Петр мен айналасындағылар қалаған көп қабатты үйлердің төменгі қабатын театрға айналдырғаны ұнады. Бұл халықты биік өнерге жақындататын, әдеттегідей биік ғимараттың сымбатынан сескеніп сыртынан жүруге емес, ішіне еркін енуіне жол ашатындай көрінді. Ал театралдық талғам сахнаның төріндегі әртістердің өнерін көргеннен кейін туындайды емес пе?! Бұл ретте, өнер ордаларын ашқандар солай ұқтырса керек. Туризмді тақырыпқа бөлсек, театралдық туризмге бұл қаланың да таласы бар. Көптеген театрлардан бөлек, театрланған қойлымдар қонақүйде де жүріп жатады. Кезіндегі әскери министр граф Д.А.Малютиннің оқшау үйін қонақүйге айналдырған. Мұнда адамдарға өздерін орта ғасырда жүргендей сезіндіру үшін барлық жағдай жасалған. Түрлі сазды кештердің, «светский раудтың» да ортасында болып, театр әртістерінің қойылымдарын көре аласыз. Біздің елде де атақты күйші жыраулардың кештерін өткізіп тұратын өнер отауының жаңа пішімін тапса, кім қой дер екен деген ойға қаласың. Менің байқағаным, питерліктер кітапқұмар халық екен. Метродағылардың жартысына жуығы сматфондарына, келесі жартысы кітапқа үңіліп отырады. Аялдамалардағы да осы көрініс көзді қуантады. Одан бөлек көше сайын «Book-cafe» қаптап тұр. Кейде келіскен уақытынан ерте келіп қалып, немесе оңаша отырғыңыз келсе, қайда барар едіңіз. Бұл, әсіресе, іс-сапар туризмі дамыған біздің қалада өте қажет-ақ. Ондайда «Book-cafe» таптырмайтын орын екен. Оның біріне мен де бас сұқтым. Кофенің хош иісі, тып-тыныш қана жылы бөлмеде кітап сөрелері көзге түседі, сол сөреден ұнаған кітабыңды алып, немесе компьютеріңізді іске қосып емін-еркін демалуға да, жұмысыңызды бітіруге де мүмкіндік бар. Үйренетін үрдістер жеткілікті, тарихтың бастауында тұрған біздің қаламызда да осындай үрдістер қалыптасса, нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде Петр патша мәрмәрдан қала тұрғызғанда оның рахатын ұрпағы көрер деп ойлаған шығар?

Айгүл УАЙСОВА

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*