«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бауырлас елдер – стратегиялық серіктестер

0 38

Қазақстан Президенті ­Қасым­-Жомарт­ Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барды.

 

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын құрамда келіссөз өткізді. Кездесу кезінде Өзбекстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен құттықтап, оның Қазақстанның қазіргі заманғы дамуына және шет мемлекеттермен көпжақты байланыстарына лайықты үлес қосқан халық­аралық ауқымдағы саясаткер және мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибесін атап өтті.
Қос мемлекет басшылары Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті, оның ішінде Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан көрнекті рөлін айрықша атады.
Келіссөздер барысында президенттер дәстүрлі достық, өзара сыйластық, сенім мен ашық рухта екі жақты қатынастардың негізгі мәселелерін, өзара мүдделілік танытылған өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды сөз етіп, екі ел арасындағы кеңформатты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейтудің перспективаларын талқылады.
Тараптар 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылының сәтті өткізілуін және 2019 жылғы 15 сәуірдегі Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылуына ризашылықтарын білдірді. Мұндай іс-шаралар қазақ және өзбек халықтарының бауырластығы мен рухани туыстығының, екі елдің шынайы достығы мен тағдырларының ажырамас жақындығының нышаны болып табылатынын, сондай-ақ халықтар арасындағы тату көршілік қатынастарын нығайтуға, өзара түсіністік пен сенімді, көршілік қолдауды тереңдетуге жәрдемдесетінін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды