«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Батыс неге басқаша?

1 262

Біздің жастардың түгелге жуығы сауатты. Мектептен соң жоғары оқу орнына түсу, одан соң магистратура бағдарламасымен білімін жалғастыру көбісі үшін бұлжымас заңға айналып кеткендей. Алайда сол ұл-қыздардың арасында ғылымға жаңалық алып келіп жатқандары сирек. Неге біз «батыс ғалымдары» деген тіркесті жиі естиміз? «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып жүргенімде, осы сұрақтың жауаптары өзінен-өзі табылғандай болды. Көргенімді сіздермен бөлісейін.

Жоғары білімге бәрі ұмтылмайды

Алғаш университетке барып, тобыммен та­­­нысқанда күтпеген жайт­­қа куә болдым. Кілең ағыл­шындардың орта­­сында оқимын деген үмі­тім бір-ақ сәтте жоғалды. Жүз шақты студенттің шамамен тек жиырмасы ғана британиялықтар, қалғаны шетелдіктер (қытайлар, үнділер, арабтар) екен. Кейін білгенімдей, жергілікті жастар магис­тратураға аса құлшына бермейтін болып шықты. Магистратура тұрмақ, бакалавриатқа түсудің өзі олар үшін біздегідей міндетті шаруа саналмайды. Мысалы, Ұлыбритания үкіметінің сайтында жарияланған статистикаға сүйенсек, 2016-2017 оқу жылында 18 жастағы бри­таниялық жеткіншек­тердің тек 28 пайызы ғана жоғары оқу орнының студенті атанған. Жастардың көпшілігі кәсіптік колледждерді тәмамдап, сол мамандықтарымен нәпақа табуды көздейді. Университетке, оның ішінде магис­тратура мен докторантураға келетіндердің басым бөлігі – болашақта өз жолын ғылыммен бай­ланыс­тыруды қалайтындар. Оқуға осылай саналы түрде бет бұрғандықтан, олар сабаққа салғырт қа­рамайды, салаларын қы­зығып зерттейді. Тың­ғы­лықты атқарылған жұмыстың ерте ме, кеш пе, нәтиже беретіні белгілі ғой.

Ғылымдағы жанашырлық

Оқу жылы басталысы­мен, күн сайын электронды поштамызға мұғалімдер тарапынан түрлі мазмұндағы хаттар үздіксіз келіп тұратын. Бір хатта эссе тақырыбына қатысты кітаптардың тізімі берілсе, енді бірі академиялық жұмысты қалай жазу ке­ректігі жайлы нұсқау­лықтар болатын. Одан бөлек, әр студенттен келген сұрақтардың басын біріктіріп, жауап жазып, түгелдей бәрімізге қайта жіберетін. Жазбаның құрылымы, көлемі, бағалануынан бастап ұсақ мә­селелерге дейінгі барлық сауалдарыңның шешімін сол хаттан табасың. Курс­тық жұмысты тапсырар уақыт таяғанда оқытушылардан «Үлгеріп жатырсың ба?», «Дедлайн мына кезде болады, есіңнен шығып кетпесін», «Түсінбеген нәрселерің болса, пәлен уақытта кеңсеме кел», «Жазып бітірген бір бөліміңді ма­ған жібере беруіңе рұқ­сат, қарап шығып, пікірімді айта­йын» деген тә­різді хаттар жа­­­­уады. Оқу жы­лы бойы көрсе­тетін осындай қамқорлықтарының ар­қасында зерттеу тақырыбың қандай қиын бол­масын, оны үл­кен ыждаһаттылықпен жазып шығасың.

Көшірмені кешірмейді

Ал зерттеу жұ­мысын жазудың өзіне тоқталсақ, ол Англияда на­ғыз «инемен құдық қазғандай» қиын әрі ұзақ іс екен. Бір кітаптың бір абзацы мен екінші кітаптың екінші абзацын құрап, «курстық жұмыс» жазуға үйренген басымыз алғашқыда әбден қатты. Ондай қулық мұнда өтпейді. Өйткені барлық жұмыс­тар мұғалімге келместен бұрын Turnitin атты жүйе­де плагиатқа тексеріледі. Біреуден «ұр­­лаған» әр тіркес қызылды-жасылды етіп бел­гіленіп, жанындағы бағанға әлгі еңбектің атауы, авторы, қай жылы және қай жерде басылғаны секілді ақпарат түгелдей атып шығады. Сондықтан еңбегің түгелдей дерлік өзіңнің сөзіңмен жазылуы тиіс. Жазғанда да, сөйлеміңнің әрқайсысы нақты дәлел талап етеді. Айталық, жай ғана «Жер домалақ» деп жаза алмайсыз, сол тіркестің қасына Жердің домалақ екенін растаған ғалымдардың еңбегін бірге атап өтесіз. Сонда шамамен 1000 сөз­дік шағын эссені жазу барысында сіз кемінде 20-30 кітаппен танысып үлгересіз. Мұның өзі сіз­дің осы тақырып туралы біліміңізді айтарлықтай арттырады.

Кітапханадан душты да табасың

Академиялық жылдың жемісті болуына оқу ма­териалдары да қатты әсер етеді. Мен бұл жерде пә­лен мыңдаған кітап қоры туралы айтқалы тұрған жоқпын. Кітап бізде де жетеді. Бірақ Англиядағы жүйенің ұнаған тұсы, олар кітапты студентке мейлінше қолжетімді етуге үлкен назар аударады. Мәселен, әр университеттің сайтындағы ыңғайлы электронды кітапхана арқылы миллиондаған ғылыми еңбектерді үйде отырып-ақ тегін оқуға болады. Дәстүрлі кітапханаларының өзі 24 сағат бойы жұмыс істейді. Онда топпен жұмыс істеу­ге не­­месе тыныштықта сабақ оқуға арналған залдардан бастап душ бөлмелері­не дейін бар. Үйге қайтуға ерінсең, душқа түсіп бір сергіп шық та, жұмысың­ды жалғастыра бер. Айтылғандардан бөлек, мұ­ға­лімнің әр сабақ сайын студенттерге көрсететін презентациялық слайдтары күнде кешкісін тұ­рақты түрде ортақ жү­йеге енгізіліп отырады. Бір тоқсан бұрынғы ескі тақырыпты есіңе түсіргің келсе, ғаламторды ашып, аккаунтыңа кіресің де, керекті слайдты тауып ала саласың.

Мамандықтар мейлінше тереңдетілген

Мамандықтар тізімінде өз қалауыңа барынша сай келетін саланы таңдауға мүмкіндік мол. Мысалы, сізді жасанды интеллект саласы қызықтырады делік. Сол нәрсе туралы мынадай мамандықтарда оқытады-ау деп ойланып, алыстан топшылап жүрмейсіз. Университетке барасыз да, тұп-тура «Artificial intelligence» («жасанды интеллект») деген мамандыққа түсесіз. Бұдан бөлек, біздің университетте Creative Writing (Креативті жазу), Music Management (Музыка менеджменті), Occupational Psychology (Кәсіптер психологиясы), Commercial Project Management (Коммерциялық жобалар менеджменті), Disaster Management (Апаттар менеджменті), Gender and Culture (Жыныс және мәдениет) секілді атауы ерекше мамандықтар болды. Тағы бір айта кететіні, пәндер саны өте аз. Студенттер өз салаларына максималды жақын модульдерді ғана оқиды. Олардың жартысы міндетті болса, қалған жартысы таңдауға берілген. Егер таңдаған пәніңіз көңіліңізден шықпаса, тоқсанның алғашқы екі аптасында басқасына еш қиындықсыз ауыстыра аласыз.

Студенттердің мұңы мен сырын тыңдайды

Ұлыбританияда студенттерге университет тарапынан көрсетілетін психологиялық қолдау да өте күшті. Әр департаментте шәкірттердің тұрғылықты жайы, денсаулығы немесе басқа да жеке мәселелеріне қатысты кеңес айтатын арнайы мамандар отырады. Қандай да бір уайымыңызға байланысты жұмысыңызды уақытылы өткізе алмасаңыз, жаңағы кісілер дедлайныңызды ұзартып, басқа да керекті жағдайларды жасайды. Ол мамандармен жеке жолығып та, телефон не электронды пошта арқылы да хабарласуға болады. Бұдан бөлек, университет ішінде анонимді көмек беретін орталықтар да бар. Сіз туралы бірде-бір деректің жария болмайтынына еш күмәнсіз сене беріңіз. Жалпы, жеке басқа қатысты ақпарат ол жақта қатты құпия сақталады.

P.S: Студенттердің жемісті жұмыс жасауына жоғарыда айтылғандардан басқа да түрлі факторлар әсер ететіні рас. Мен тек магистрант ретінде өзіме маңызды көрінген жайттарды ғана жаздым. Бұрын Қазақстанда да білім алғаныммен, ол кездегі академиялық жетістігім бұл жолғыдан әлдеқайда төмен болған-ды. Екі бөлек жүйедегі айырмашылықтарды сараптай келе, Еуропадағы оқудың студентке неліктен пайдалырақ болатынын түсінгендеймін.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

  1. Майра :

    Оте керемет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды