Батыршаұлының батыл қадамдары

Көрнекті қоғам қайраткері, профессор С.Батыршаұлы 75-те

505bac93bd8728fde879ee7ee2f6ed38_xl

Көрнекті ғалым әрі айтулы дипломат, қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы бүгіндері 75 мерейлі жасқа келіп отыр. Ол мұндай үлкен дәрежелерге өзінің асқан қабілетімен, төккен терімен, қажымас қайратымен жетті. Бірталай жыл Араб, Израиль, Өзбекстан елдерінде елші қызметін атқарды, еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары дәргейінде республикамызды халықаралық аренада көрсете білді. Сәкең белгілі дипломат Болатхан Тайжановпен бірге шын мәнісінде қазақ халқының аңсар-арманын паш етіп, соған жету, ұлттық мүддені қорғау жолында жан аямай еңбек етті. 1994 жылы қазақтың орыс тілді байшыкештері орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын деп үндеу жариялағанда, Батыршаұлы білегін сыбанып, баспасөзде қағынан жерігендер көзқаман нигилистерге қатты тойтарыс берген.
Сонымен бірге, ол ұлағатты ұстаз, экономика ғылымдарының докторы, профессор ретінде Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шәкірттерге экономика ілімінен дәріс береді. Сондай-ақ, сонау 1989 жылдан бері елімізде алғашқылардың бірі болып республикалық «Қазақ тілі» қоғамының шаңырағын көтеріп, уығын шанышты. Оның алғашқы алқа мүшесі атанды. «Мемлекеттік тіл» қозғалысының Астанадағы бөлімшесін өз қолына алып, міне, табаны күректей 15 жыл бойы ана тіліміздің лайықты орын алуына бар күш-жігерін салып келеді. Әлбетте, Астана қазақша сайрап кетті деп айта алмаймыз. Бірақ та осындай ағалардың арқасында қаншама бастамалар көтеріліп, мемлекеттік тіліміз өз тұғырына қонып келіп жатқаны шындық қой. Үкіметіміз Батыршаұлының қажырлы еңбегін орнымен бағалады: «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапаттап, «Қазақстанның еңбек сіңірген дипломатия қызметкері» атағын берді.
Батыл қадамды Батыршаұлын, алаш десе, қазағым десе ішкен асын жерге қоятын ардақты Сәкеңді, зау биіктен көре берейік. Лайым халқы үшін жасаған жасампаз еңбегінің игілігін көре берсін, шет елдерде қазақ халқының жеткен жетістіктерін паш ете берсін!

Айтайын сөзді мақаммен орап ақынша,
Ауыздан тілек-ақжүрек шығып атылса.
Желіп те, жүріп жетіп те қапты жетпіске,
Батыршаұлы, баһадүр сынды Батырша.

Батырша десе батырдай батыл сөздері,
Жасынан биік мақсат-мұратты көздеді.
Төле билердей мәміле жасап елдермен,
Бауырына тартты жақынын да өзгені.

Тереңнен зерттеп экономикадай ілімді,
Үкідей түнде шұңғыл шұраттарына
үңілді.
Айтысқа түссе Сәкеңдермен сәттерде,
Ғылымның небір жорға нояндары сүрінді.
… Отанын, ыстық байтақ жерлерін
ырзалар,
Шайырларым күн құрғатпай-ақ
жыр жазар.
Туған тілін Ту көтерген тұрып аспанға,
Батыршадай бар ма екен перзент
мырзалар?!

Бақытжан Тобаяқтегі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ә.Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты

Сонымен қатар

ИЕРУСАЛИМ ИЗРАИЛЬ ИЕЛІГІНЕ ӨТЕ МЕ?

АҚШ президенті Дональд Трамп 6 желтоқсан күні Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп атап көрсетті де, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған