«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Батырханның ноталық басылымы

0 46

Таяуда елордадағы Елбасы кітапханасының қоры қазақ эстрадасының танымал әншісі, композитор Батырхан Шөкенов әндерінің «Сағым дүние» атты ноталық басылымымен толықты. Жинақты Батырхан Шөкенов атындағы қор Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жарыққа шығарған.

– Біздің қор кітапхана оқырмандарына басылымның 20 данасын тарту етті. Қалың жұрт әншінің қазақстандық композиторлармен, ақындармен көп жұмыс істегенін біледі. Батыр ұлттық фольклорға, қазақ әндеріне ерекше ықыласпен қараушы еді. Өлеңнің әніне де, сөзіне де зор мән беретін. Еңбек жолында ол Әбдірахман Асылбек, Ибрагим Исаев, Шөмішбай Сариев, Қуат Шілдебаев, Төлеген Мұхамеджанов, Ренат Гайсин сынды өнердегі ағаларымызбен жұмыс істеді. Ортақ еңбектің жемісін бүгін халық классикаға балайды. Музыкалық мұраға деген халықтың махаббаты арқылы біз туған тіліміз бен еліміздің майталмандарын дәріптемекпіз. Жинағымыз кітапханаға білім іздеп келген жас музыканттардың кәдесіне жарайды деген үміттеміз, – дейді әншінің қарындасы, Батырхан Шөкенов атындағы қор директоры Наргиз Шөкенова.
Жинақты құрастыру жұмысына еліміздің үздік композиторлары мен музыка көркемдеушілері қатысқан. Басылымға әнші орындаған он төрт туындының ноталары сөздерімен берілген.
Батырхан Шөкенов 2007 жылдан көз жұмғанға дейін Елбасының мәдениет саласындағы кеңесшісі болды. 2010 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды