«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Батутты байқа, балақай!

0 12

25 мамырда барлық балақайлар оқу жылын аяқтап, бөркін аспанға атты. Ата-аналары да қуанышты күнді асыға күтті. Алайда қарағандылық 11 жасар баланың ата-анасы қайғыдан қан жұтты. Қатты соққан жел Орталық саябақтағы үрленген батутты төңкеріп, соның нәтижесінде бір бала көз жұмды. Тағы екі бала әртүрлі жарақатымен ауруханаға түсті. Қазір осы оқиғаға орай, Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Көп ұзамай-ақ ажал әкелген батуттың қожайыны анықталды. Ол жай адам емес, Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару бөлімшесінің бастығы болып шықты. Аттракцион бизнесі оның зайыбының атына жазылғанымен, кү­йеуі уақытша абақтыға қамалды. Себебі тергеушілер іс жүзінде батуттың қызметін отағасының өзі жүргізгенін анықтаған. Жұмыс күндері адамдарды құтқарып, демалыс күндері батутпен табыс тапқан 40 жастағы азаматтың тағдырын енді сот шешеді.

Айтпақшы, өткен жылы елордадағы «Жаннұр» сауда үйінің алдындағы батут 20 метр жерге дейін ұшып, апаттан 5 бала зардап шеккен. Төртеуі жансақтау бөліміне түскен еді. Оқыс оқиғаға куә болған бір адам аналар мен балалардың жанұшыра айқайлаған дауыстарын, құтқарушылардың батутты тілгілеп, балаларды қалай іздегенін жазды. Ол жердегі қарапайым тұрғындардың ерлігін күллі жиылған жұрт көрді.

Биыл жыл басынан бері бас қалада 11 үрленетін батут жұмысын тоқтатты. Қала басшылығы Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, «Елордалық», «Жетісу», «Жерұйық», «Студенттер» саябағының әкімшілігімен жұмыс жүргізді. Қазір әкімдік қайғылы оқиғадан соң, сауда үйлерінің, сауда-саттық және ойын-сауық орталықтарының аумағына көңіл көтеретін аттракцион­дарды орнатуға рұқсат бермейді.

Қауіпсіздік шараларының қолға алынғаны дұрыс-ақ. Дегенмен құзыр­лы министрлік пен саланың мамандары сол қауіпсіздікті 11 жасар бала ажал құшпай тұрып неге ойланбады екен дейсің… Тағы бір қынжылтатыны, бізде мемлекеттік қыз­метшілер заңды белден бір басып қойып, бизнеспен айналысып жүр. Бұған қатаң тосқауыл қою керек. Әйтпесе, қоғамдағы былық-шылық та, бала өлімі де азаймайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды