«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Басты міндет – әділ, заңды сайлау өткізу

0 82

Сенат спикері Дариға Назарбаева еліміздегі кезектен тыс президент сай­лауы қоғамда туындаған көптеген сұрақтарға жауап береді деп санайды. Ол сайлауға қатысты мәлімдеме жасап, бұл шешімнің дер уақытында және орынды қабылданғанын атап өтті.

– Қазақстандықтар үшін басты құндылық – бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық. Бұл бізге аса қажет. Міне, сол себептен біздің қоғам Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын заңды түрде қамтамасыз етілуін күтеді, – деп мәлім етті Дариға Нұрсұлтанқызы. Оның пайымдауынша, тәуелсіздік жылдарында қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін толық дәлелдеді. – Біз бүкіл әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлт­аралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік. Алдағы сайлау біздің халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын. Президент сайлауы ел дамуына тың серпіліс беріп, жаңа өрлеуге бастайды. Президент Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап, күрделі мәселелерді кейінге қалдырмай, шұғыл шешуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Дариға Назарбаева өз әріптестерін сайлауды заңды, ашық және әділ өткізуді қамтамасыз етуге жәрдемдесуге шақырды. – Сайлау науқанын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу – біздің абыройлы міндетіміз. Бұл орайда Сіздердің орындарыңыз ерекше. Өйткені жергілікті халықпен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыстарыңыз бар. Халықтың мәселелерін, билікке артқан үмітін жақсы білесіздер, соны қорғайсыз­дар. Сайлау Отанымыздың болашағына, гүлденуіне ерекше ықпалын тигізеді. Сондықтан сайлау науқаны – әрқайсымыз үшін аса жауапты кезең. Біздің ортақ міндетіміз президент сайлауын әділ, ашық және заңды өткізуді қамтамасыз ету болып табылады, – деп сөзін түйіндеді Сенат спикері.

Тастанбек ЕСЕНТАЕВ, Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы:

АРШЫНДЫ ҚАДАММЕН АЛҒА БАСАЙЫҚ!

2019 жылы кезектен тыс өтетін президенттік сайлау Қазақстан үшін өркендеуді қамтамасыз ететініне және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енудегі табыс­ты фактор болатынына сенемін. Сондықтан қаланың еңбек ұжымдарын біріктіретін кәсіподақтар кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы қолдайды. Бұл – Мемлекет басшысының конституциялық өкілеттіктері шеңберінде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды қадам. Сайлау ішкі саяси тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жақтан әлеует жинап, аршынды қадаммен алға басуына, болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Мен барлық қазақстандықтарды Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев идеясының дәстүр сабақтастығын сақтап, әділ, демократиялы сайлау­ды қолдауға шақырамын.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – ЕҢ АСЫЛ БАҚЫТ ЕЛ ҮШІН

Елордалық Қоғамдық кеңес кезектен сайлау өткізу бастамасын қолдайды. Бұл туралы аталған мекеменің 10 сәуірдегі отырысында айтылды. Айта кетелік, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрылды. Бүгінгі таңда олар табысты жұмыс атқарып келеді. Қоғамдық кеңестер консультативті-кеңесші орган ретінде азаматтық қоғамның сындарлы және тиімді жұмысының үлгісі болды.

«Президенттің өкілеттіктерін Қ.Тоқаевқа тапсыруы Елбасының дана, орынды шешімінің бірі болды. Ол саясаттың сабақтастығы мен ішкі тұрақтылығымызды сақтауға бағытталады. Ал мерзімінен бұрын сайлау өткізу – президенттің уақытша мәртебесінің екіұштылығын жоюға және болашақ президенттің заңдылығын қам­тамасыз етуге деген мүм­­кіндік. Мұндай қадам қо­ғамдық тұрақтылықты, елдегі ұлтаралық келісімді сақтап, алдағы 5 жылға ел дамуының нақты бағдарын айқындайды. Сайлау өткізу халыққа және атқарушы биліктің барлық органдарына белгіленген міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді. Біз кезектен тыс сайлау билік пен бұқараның мүдделеріне сай келетін ең дұрыс шешім екеніне сенімдіміз. Сондықтан біз, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, барлық қазақстандықтарды, азаматтық қоғам өкілдерін Елбасымыздың идеяларының төңірегіне топтасуға және таңдалған бағыттың сабақтастығы мен тұрақтылығын қолдау­ға шақырамыз» делінген Қоғамдық кеңестің мәлімдемесінде.

Самат ТЕРГЕМБАЕВ, «АЛЖИР» мемориалды­-мұражай кешенінің директоры:

МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІН КӨЗДЕГЕН ЕҢ ДҰРЫС ШЕШІМ

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу – Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды қадам, ел мүддесіне сай келетін ең дұрыс шешім. Ол маңызды әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға, біздің полиэтникалық қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, сенімді түрде алға жылжу, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешу үшін нақты қадам жасауымыз керек.
Бұл саяси оқиға халыққа және атқарушы биліктің барлық органдарына белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Қазақстан жолының сабақтастығы және біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының одан әрі өркендеуі баршамызға байланысты. Сондықтан елордалықтар ел мүддесін көздеген осы саяси шараға белсенділікпен қатысады деп сеніммен қараймын.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды