«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Баспаналы болуға мүмкіндік беретін бағдарламалар

0 47

Елорданың тұрғын үй қоры «Бақытты отбасы», «Нұрлы Ертіс» және «Еңбек» қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыруда. Соның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға бір мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасы өтініш берді.

Аталмыш бағдарлама бо­­­­йынша тұрғын үй алуға жол­дама алу үшін өтініштер қа­былдау жалғасып жатыр. Оның бірінші кезеңі 31 шілдеде аяқталады. Бағдарламаға қатысушылар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 20 жылға дейін жылдық 2 па­йыздық мөлшермен несие ала алады. Несиенің ең жоғары сомасы – 15 млн теңге. Оған мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы немесе толық емес отбасылар қатыса алады. Жоғарыда көрсетілген санаттардың бірі бойынша үміткерлерді елордада тұрғын үй кезегіне қою да міндетті шарт болып табылады. Отбасының бір мүшесінің табысы 42500 теңгеден аспауы тиіс.
«Нұрлы Ертіс» бағдарламасына көпбалалы отбасылардан өтініштерді қабылдау да жалғасуда. Оның аясында қазірге дейін Нұр-Сұлтаннан Екібастұз қаласына 105-тен астам астаналық отбасы немесе 500-ден аса адам көшірілді. Оған 3 және одан да көп бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар қатыса алады. Қатысушыларға Екібастұз қаласында айлық төлемі шаршы метріне 99 теңге болатын екі және үш бөлмелі пәтерлер беріледі. Бағдарлама орташа еңбекақысы 120 мың теңгені құрайтын жұмыспен қамтуды көздеп отыр. «Еңбек» бағдарламасына екі және одан да көп балалары бар отбасылар қатыса алады. Оған қатысушылардың тракторшы, бас бухгалтер, механизатор, «Кам­АЗ» жүргізушісі, комбайншы, дәнекерлеуші, аудармашы, малшы, ветеринарлық дәрігер, психолог, сауыншы, зоотехник, нефролог-дәрігер, кардиолог, отоларинголог, онколог, маммолог, зертханашы, медбике, мұғалім мен тәрбиеші мамандықтары бойынша дипломы болуы тиіс. Мұндай білімдері болмаған жағдайда тегін оқу мүмкіндіктері қарастырылған. Бағдарлама Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы, Мағжан Жұмабаев атындағы, Мамлют аудандарында тұрғын үйлерді ұсынады. Тұрғын үйдің 70-тен 150 шаршы метрге дейінгі көлеміне байланысты жалға алу ақысы 7000 теңгеден 14850 теңгеге дейін өзгереді. Бұған қоса, қоныс аударушыларға отбасының әрбір мүшесіне 88374 теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек беріледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды