БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ БАСПАЛДАҒЫ – КЕЗЕККЕ ТҰРУ

Астанада қанша адам үй кезегінде тұр? Бас қала төңі­регінен саяжай учаскесін алуға бола ма? Баспаналы болуда мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қандай жеңілдіктер қарастырылады? Осы және басқа да тұрғын үй тақырыбына қатысты сауалдарға «Елорда тынысы» радиохабарында қонақта болған Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов жауап берді.

КЕЗЕКТЕГІЛЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Руслан Ахметовтің айтуынша, бас қалада тұрғын үй кезегінде 47 мыңнан астам адам тұр екен. Алматы қаласымен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 3 есеге жоғары екенін айтқан басқарма басшысы елордадағы кезекке тұрушылар саны жыл сайын 5 мыңға ұлғаятынын тілге тиек етті.
– Жыл сайынғы кезекке тұратын 5 мың адамды сонша пәтермен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан кезектегілер саны көбейе түсуде. Жалпы, 2015-2017 жылдары аралығында кезекте тұрғандардың 5 мыңы, ал жыл басынан бері 700-ден астамы баспаналы болды. Олардың 260-ы пәтерлеріне өз кезегі келгенде, ал 500-ге жуығы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы қол жеткізді. Жыл соңына дейін тұрғындар тағы да 100 пәтерге қоныстанады деген жоспар бар. Сол сияқты жоспарға сай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бойынша 600 пәтерге құжат қабылданады. Тұрғындарды мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамтамасыз ету тұрғысында мүгедек жандар мен жетімдер үйі тәрбиеленушілеріне, ардагерлерге, көп балалы отбасыларға және зейнеткерлерге басымдық беріледі. Айта кету керек, Астанадағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің барлығына да пәтер берілген болатын, – дейді Р.Ахметов. – Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушілері 18 жасқа дейін үй кезегіне тұруға құқылы. Оларды кезекке тіркету балалар үйінің директорлары мен қамқоршыларына міндеттеледі. Егер кезекке тұрарда балалар үйінің тәрбиеленушілері кәмелеттік жасқа толмаған болса, құжаттарға қол қою құқығы автоматты түрде директор немесе қамқоршыға жүктеледі. Жалпы, бұл үдерісті қамқоршылар бақылап отыруы қажет. Егер 1,5 жылдың ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы үй кезегіне қоймаса, мекеме басшысы мен қамқоршысына әкімшілік шара қолданылады. 2013-2017 жылдары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 400 пәтер берілгенін айта кету керек.

«ШАРШЫҒА ШАРШЫ» ҚАҒИДАСЫ ҚОЛДАНЫСТА
Тұрғын үй басқармасы басшысының мәліметіне сүйенсек, қаладағы апатты жағдайдағы үйлерді ысырудың бірінші кезеңі бойынша 228 үйдің 117-і ысырылып тасталса, жоспарға сәйкес қалған 111 апатты үй биыл күреледі деп жоспарланып отыр екен.
– Қазіргі уақытта 98 үйдің тұрғындарын, яғни 1,5 мың отбасыны көшіру жұмыстары жүргізілуде. Қалған 13 үйдің тұрғындары жаңа нысандар пайдалануға берілген кезде көшірілетін болады. Бүгінде босатылған 27 апатты үй ысырылып жатыр. Олардың орнына болашақта Бас жоспар бойынша және қала басшысының тапсырмасына сәйкес, саябақтар мен гүлбақтар салынады, – дейді Руслан Аманжолұлы. – Құрылыс ережесі мен нормасы бойынша бекітілген жобаға сәйкес, «Елорда даму» ЖШС 1 бөлмелі пәтерді – 40 шаршы метр, 2 бөлмелі пәтерді – 60 шаршы метр, ал 3 бөлмелі пәтерді 70 шаршы метр көлемінде салатын болады. Әдеттегі ҚЕмН бойынша тұрғын үй салу мүмкін емес. Өйткені санитарлы-гигиеналық талаптар сақталуы қажет. Нақтырақ айтқанда, санитарлық тораптың бөлек-бөлек болғаны жөн. Айта кету керек, күреліп жатқан апатты үйлердің санитарлы тораптары да болмаған. Бұл тұрғыда тұрғындардың апатты үйден жаңа пәтерге көшірілудегі бағдарламаның қағидасы – «шаршыға шаршы».

ЖАЛҒАН АЖЫРАСУШЫЛАР ЖИІЛЕДІ
Әуе толқынындағы тыңдармандардың бірінің «Мәскеудің «Қайта жаңарту» бағдарламасынан не үйренуге болады?» деген сұрағына Руслан Аманжолұлы былай деп жауап берді:
– Мәскеудегі қайта жаңарту тәжірибесін зерттеудеміз. Онда бюджеттен айтарлықтай қаржы бөлініп, кең көлемдегі үйлер қамтылыпты. Бұл біздің тұрғындардың да назарын аударып отыр. Алайда мұны кейбірі қолдағанымен, енді бірі қарсы пікір білдіруде. Біздегі апатты үйден жаңа пәтерге қоныстандыру бағдарламасы ол жақтағыдан өзгешелеу. Алдағы уақытта елордадағы апатты үйлерді күреу бағдарламасымен байланыстырып, «қайта жаңарту» бағдарламасын жасап шығаруымыз мүмкін.
Сөз арасында инфрақұрылымы дамыған аудандардағы апатты үйлердің тұрғындарының кейбірі басқа аумаққа көшкісі келмегенімен, күрелетін жердің маңынан жаңа тұрғын үйлер салынып біткенше олардың пәтер жалдап жүруге жағдайлары көтермейтінін айтқан Руслан Ахметов:
– Асыраушысынан айырылған, жалғызбасты отбасылар да мемлекеттік қор есебінен пәтер алуға кезекке тұруға құқылы. Бірақ осы ретте соңғы кездері жалған ажырасушылар саны жиілеп кетті. Яғни, пәтер кезегіне тұру үшін әдейі заңды түрде ажырасатын отбасылар бір шаңырақ астында тұра береді. Сөйтіп баспаналы болғысы келеді, – дейді тағы бір сөзінде.
Тікелей эфирдегі радиохабар барысында тыңдармандардың телефон байланысы арқылы және әлеуметтік желілерде қойылған бірқатар сауалдарға жауап берген Руслан Ахметов Астанада саяжай учаскесін алуға рұқсат берілмейтінін де айтып өтті.

Нұрдәулет Кәкішев

Сонымен қатар

Отбасы – тәрбие бастауы

Адам үшін ең жақын әлеуметтік орта – отбасы. Отбасы – ізгі дәстүрдің, өнегелі мұралардың, салт-дәстүрлердің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған