«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БАСПАНА САУДАСЫ РЕТТЕЛЕ МЕ?

Әрбір тұрғынға 30 шаршы метр елеске айналмасын...

0 33

Екі баласы студент атанған туысым пәтер сатып алмақшы болып, «Крыша кз» сайтындағы суреті жұтынған хабарландыру бойынша пәтер көретін болдық, үй иесі мақтауын жеткізді, бірақ құжат жағына келгенде даусы бәсеңдеп шықты. ДДУ (договор делового участия) ғана бар екен. Қап дедік.

– ДДУ дегені немене? – дейді шалғай облыстан келген туыс.

– Құжаты түгел емес деп түсіндірдім.

– Оның несіне таңғаласыз, осы қаланың жартысы ДДУ-мен отыр емес пе? – деп күңкілдеді сатушы.
Үлескерлікке қатысушы ретінде келісім-шарты ғана бар, мемлекеттік тіркеуден өтпеген пәтерді сатып алып сау басқа сақина тілейтін жағдай жоқ деп кетіп қалдық. Оның үстіне бұл тұрғын үйді салған компанияның басшысы сайда саны, құмда ізі жоқ, шетелге қашып кеткен болып шықты.
Аты шетелше, заты қандай?

Әуелі дайын баспана ізде­дік, неше түрлі жоба, неше түрлі адам көресің, пәтерін көптен сатып отырған адам көбірек сөйлейді, келісімге келгіш, икемдірек. Ал ақшасы бар адам талапшыл, ештеңе ұнамайды, ештеңе жақпайды. «Арзан бағаға ескілеу үйді таңдасақ заңдық жағынан тазалығын мұқият тексеріп алу керек, кейде басқа бір иесі пайда болатын жағдайлар бар, ал «хрущевкалардың» пайдаланылу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, кірпіштен салынған, қалыңдығы бір метр болғанмен ағаш жабындары шіріп кеткен болуы мүмкін» деп қоямыз білгішсініп. Ал су жаңа пәтер алудың қаупі – құрылыс ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Компания банкротқа ұшырауы ғажап емес не құрылыстың мерзімі сағызша созыларын күнілгері болжау мүмкін емес. Осы елордада құ­ры­лысы аяқталмаған 51 нысан бар екені белгілі болып отыр. Сол проблемалық үйлердің көбі сатылатыны жөнінде хабарландыру беріп отыр екен, білетіндер аулақ жүрер, білмейтіндер баспана аламын деп басына бәле сатып алуы ғажап емес. Тағы бір байқағанымыз – елордада салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің аты түгел­ге дерлік ағылшыншаға ай­нала бастаған. Тіпті тілің күр­меледі. Triumph Avenue, Liberty, ONLY, Crocus City… кете береді.

Іргетасы «алтын», шатыры «күміс»…

Су жаңа пәтерге не жетсін, инженерлік коммуникация­сы жаңа, өз талғамыңмен жөндейсің, заңдық жағынан тексерілген, құрылыстың бастапқы кезеңінде алған да тиімді. Ел мақтаған BI Group-тың кеңсесіне бардық, құжынаған адам, бі­рақ, материалы кірпіш емес газоблок болса да, ба­­ға­сы удай қымбат, келесі жылдың қарашасында бе­рі­летін пәтердің шаршы метрі қазірдің өзінде 365 мың теңгеден, жобасы да ыңғайсыз көрінді, ипотекаға алу үшін қосымша кепілге пәтер болуы керек, не керек, біздің әлдеқандай көріп жүрген сомамызға қуықтай бір бөлмелі келетін болды, оның өзі «тыр-жалаңаш» қабырға, яғни «черновой» еді. Беделі жоғары бағаланатын компанияның салған үйінің қабырғасы дыбыс ұстамайтынын білмейтін туысым қызығып-ақ тұр, жөндеуді өзің жасайсың дегенде бозарып кетті. Ойпырмай, осы жұрт ақшаны қайдан алады деп басымызды шайқап шыға бердік. «Орда тауэрс» – (Орда инжиниринг), «Ардженто» – (Базис), «Мәңгілік» – (NAK), «Сенсата парк» – (Sensata) дегендер тап бір іргетасына алтын араластырып, шатырын күмістеп салатындай аспандағы айды сұрап отырды.

Кепілдік беретін келісім-шарты жоқ

Ал аты танымал емес компаниялар құрылыстың 2020 жылдың аяғы бітетінін айтады. Жаңа вокзал жақтағы арзанын да көрдік, Сейфул­линнің бас жағындағы көл­шіктің қасынан қазығы қағылған «Қазанат»,«Ривьера» мен «Стройкластың» бағасы көңілге қонымды болғанымен, орналасқан жері ойдан шықпады. Тіпті, қаражат құйдым дегеннің өзінде бұлардың қай-қайсысында да сіздің үлескер екеніңізді дәлелдейтін кассалық кіріс ордер мен түбіртектен басқа ештеңе жоқ. Бұлар құрылыс­тың тоқтап қалмайтынына ешқандай кепілдік бермейді. Ал негізінде үлескер болып, салынып жатқан үйдің заңды не заңсыз екенін анықтау үшін құрылыс компаниясының «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының» кепілдігі болуы шарт. Енді жұрттың аузында жүрген «G-Park» кеңсесіне бардық. Бес бірдей тұрғын үй салып жатыр, әлі пайдалануға бермесе де бағасы 300 мың теңгеден, кір­піштен салынған пәтерді ипотекаға алу мүмкін емес. Неге десек, оған банк тарапынан кепілдік және жергілікті атқарушы органның рұқсаты жоқ болып шықты.

– Сонда қалай, рұқсатсыз да сала бересіздер ме?

– Біз жеке компаниямыз, өзіміз білеміз.

– Мына сатып алып жат­қан клиенттер оны біле ме, ертең құрылыс аяқталмай қалса олар қайтеді?

Менеджерге сөзіміз ұнамады.

– Біз бастаған үйді толық бітіріп тапсырамыз, сіз алмасаңыз да өтіп жатыр, қа­зір­­дің өзінде «Манхэттенде» пәтер қалмады. Егер сіз бүгін сатып алмай, бірнеше күннен соң қайтып келсеңіз, пәтер бағасы өсіп кетеді. Қазір пәтерді таңдасаңыз брондап, келісім-шартын жасаймыз, сіз қажетті соманы кассаға әкелесіз, нысан біткенше күтесіз, егер компанияның алдында қарызыңыз болмаса біткен бойда сату-сатып алу келісім-шартын жасаймыз және радиомодульдік су есептегіш береміз. Айт­пақшы, сіз бүгін 80 шаршы метрлік пәтер алсаңыз, құрылыс біткенде ол 83 шаршы метрлік болуы мүмкін, бәрі құрылыс аяқталғанда анық болады.

– Құжаты қашан болады?

– Құрылысты бітіргесін. Әзірге ДДУ береміз.

– Үлескерлік келісім-шарт біз сатып алған пәтерді екін­ші қайтара сатылудан сақ­тандыра ма және сіз­дің ком­пания әрбір сатып алу­шы­ның тұрғын үй меншігін­дегі жекеменшік мүліктік үлесіне кепілдік бере ала ма?

– Бізде ондай проблема жоқ, – деген менеджер қарадан қарап «шаршап» қалды.

Ипотека алғанға – пәтер қымбат

Бір таңғалатының, құ­ры­лыс компаниялары ипотека арқылы аламыз десең бағасын көтеріп шыға келеді. Керей-Жәнібек хандар мен Ақмешіттің қиылысында «Экспо Тауэрске» қыстырып салып жатқан «Севен хаус» ТК шаршы метрі 350-ден, ал ипотекамен 370 мың теңге. «Алматау» ТК да сол 380 мың теңге, «Queens» ТК пәтерінің шаршы метрі қолма-қол ақшаға 360 мың теңге, несие­ге 390 мың теңгеге бір-ақ шығарады. Сатып алушы тегін алып жатқан жоқ, онсыз да банктен қарыз алып оны үш еселеп қайырады. Құрылыс компаниялары қандай негізге сүйеніп бағасын көтеретінін түсіндірмейді. Ал негізінде сатып алушы пәтерді несиеге алса да, компанияларға бәрібір емес пе, әлде өздеріне «ай» дейтін ажа болмағасын ойларына келгенін істей ме, жалпы баспана саудасындағы бағаны реттейтін механизм неге жоқ?

Енді «Хан Шатыр» ОСО артындағы үйлерге ойыстық. Бұл жерде «Фордстрой» компаниясы салып жатқан «Аркада» ТК назарымызды аударды, қасында тиіп тұрған «Дива» ТК осы компанияныкі, бірақ тұрып жатқан адамдар көңілтолмаушылығын жасырмады. «Қараңызшы, айналаның бәрі жайрап жатыр, компания салуын салды, бірақ ПИК белгісіз, аула жоқ, бітпеген жұмыс толып тұр, жаңбыр жауса батпақ, ертең «Аркада» да біздің күйімізді кешуі мүмкін» деп қорқытып қойды.
Одан да ақшаны алғашқы жарнаға салып, бірден екі бөлме алсам қайтеді, -деді туысым. «Баспана» ипотекалық мекемесіндегі менеджер: «Айталық, сатып алушының айлығы 180 мың теңге болса, жұбайы баламен үйде отырса, банкте отбасының шығындарын есептеп, әр отбасы мүшесінің күн көріс деңгейін есепке алып шешім шығарады, ол бала үшін – 22 мың теңге, ал ересек адамға – 45 мың теңге. 180 мың теңге кірістен отбасы мүшелерінің күнкөрісі үшін 112 мың теңгені алып тастаймыз, баспана төлемдері үшін тағы бір 15 мың теңгені алғанда қалғаны 53 мың теңге» деп түсіндіре жөнелгенде туысым еріксіз күрсінді. Оның айлығы жүз мыңға әрең жететін. Ақыры қаланы шарлап шыққан еңбегіміз еш кетпеді, туысыма «Лесная полянадан» баспана бұйырды.

P.S. Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президенті Нина Лукьяненко баспана бағасы қымбаттаса да инфляция әсерінен оның қымбаттығы халыққа онша байқалмайтынын айтып пікір білдіріпті. Ал біз Нұр-Сұлтан қаласындағы баспана бағасының қарапайым жұрттың сатып алу мүмкіндігімен еш сәйкеспейтінін анық байқадық. Халықты баспанамен қамтамасыз етудегі БҰҰ стандартына сәйкес әрбір тұрғынға 30 шаршы метрден келу керек, біз оған қашан жетер екенбіз?

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды