Бас урологтың базынасы

Елімізде ана мен баланы қорғау туралы жүйе өткен ғасырда қолға алынған екен. 1917 жылы ана мен баланың денсаулығына жауапты алғашқы мемлекеттік орган құрылды. Бір жылдан кейін 66 перзентхана, әйелдерге кеңес беретін 50 бөлімше және 46 балалар үйі ашылған. Ойлап қарасақ, күні кешеге дейін қаншама бағдарламалар қабылданды. Түрлі орталықтар ашылды. Талай скринингтік зерттеулер жүргізілді.

Ал еліміздің қорғаны болар ерлердің денсаулығына түк те көңіл бөлінбеді. Дәл қазіргі таңда ер-азаматтарға қа­тысты түрлі аурулар асқынып, бел­сіздік белең алды. Олардың денсаулығы, тіпті медициналық емес, әлеуметтік проблемаға айналып кетті.
Халық санын 20 миллионға жеткізуді мақсат еткенде, некедегі ерлердің белсіздігі 16 пайыз­ды құрап отыр. Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының бас­қарма төрағасы, медицина ғы­­лымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшын­баев­тың айтуынша, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегінде, егер елдегі бедеулік 15 пайыздан асса, бұл әлеуметтік-демографиялық мәселеге айналады. Астана қаласында «Ерлер денсаулығы мектебі» аясында өткен конференцияда еліміздің бас урологы еркектерге қатысты небір деректерді келтірді.
Біріншіден, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. Екін­шіден, әйелдерге қарағанда ерлер қатерлі ісік ауруына екі есе көп шалдығады. Үшіншіден, Қазақстандағы өлім-жітім дерегінде ер-азаматтар алдыңғы орында тұр. Төртіншіден, ерлердің репродуктивті денсаулығын қорғау жөнінде бірде-бір мемлекеттік бағдарлама жоқ. Мүмкін, осының әсерінен болар, ер-азаматтардың 65 пайызы
өз денсаулықтарына немқұ­райлы қарайды екен. Айта берсек көп. Жүрекпен, қан қысымы­мен, гиперхолестеринемиямен, семіздікпен де көп ауыратын – еркектер.
Конференция барысында
Мыр­закәрім Алшынбаев жиынға қатысқан азаматтар­ға «Соңғы рет уро­логқа қашан бардыңыз?», «Тестостеронге қашан тест тапсырдыңыз?», «Күніне қанша шақырым жүгіресіз?», «Арақ, темекі­ге әуессіз бе?» секілді қара­пайым сауалдар қ ойды. Өкінішке қарай, көңілге қонатын ешқандай жауап жоқ. Аза­маттардың көбі жү­гірмейді, денсау­лығына бай­ланысты кеңес алмаған, тіпті отыр­ған жүзге жуық адамның ешқайсысында үш баладан артық бала жоқ. Төрт баласы бар бір-екеуі ғана қол көтерді. Бұл нені білдіреді?
Профессор Алшынбаевтың бас­тамасымен Урология ұлттық ғылыми орталығы жүргізген скринингтік зерттеуге назар аударсақ. Оған еліміздің барлық аймағынан 26000 ер-азамат қатысқан екен. Зерттеу нәтижесі мынадай: ерлердің 56,3 пайызынан түрлі дәрежедегі эректильдік дисфункция белгілері анықталған. 30,4
па­йыз – ұрықтың бұзылуы, 42,4 пайызы жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауруларға шалдыққан. Ал түсті
металлургия кәсіпорындарында жұмыс істейтін жұмысшылардың 53,2 па­йызында репродуктивтік қызметтің бұзылуы байқалады.
Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде «Ерлер денсаулығы орталығы» ашылған. Аталмыш орталықта уроандрологиялық ауытқулар әсерінен болатын жүрек-қан тамырлары мен эндокриндік патологиялардың деңгейін анықтауға болады. УДЗ диагностикасы арқылы аурудың қай деңгейде екенін біліп, алдын алуға әрекет жасайды. Бұйырса, 2018 жылдан бастап аталған орталықтарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінбек.
Айта кетейік, конференция ке­зінде академик Михаил Зельцер, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәлім Беркінбаев, Ұлттық салауатты өмір салтын қалып­тастыру мәселелері орталы­ғының директоры Жәмила Баттақова және Тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры Мақсұт Шәкіров ер-азаматтардың денсаулығына қатысты баяндама оқып, пікір алмасты.

Гүлмира Аймағанбет

Сонымен қатар

ЖАНҒА ШИПАЛЫ «ШАРАПАТ»

Астана қаласы әкімдігінің шешімімен 2016 жылдың 9 қарашасында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» болып өзгертілген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған