«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас қалалар байланысы арта береді

0 26

Астана экономикалық форумы аясында қала басшыларының өзара кездесіп, ортақ мақсатты мәселелерін талқылауға мүмкіндік туындады.

Бақыт Сұлтанов Мәскеу үкіметінің министрі – Мәскеу сыртқы экономикалық және халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Сергей Череминмен кездесті. Елорда басшысы жуырда Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуы бағдарламасының тұсаукесері өтетінін мәлімдеді. Осыған байланысты С.Черемин Мәскеудің қалалық мәселелерді шешудегі ең табыс­ты жобаларын қолдануды ұсынды. «Жүйелі интеграцияланған жұмысты жалғастыру үшін күн тәртібін жаңартуды және 2019-2021 жылдарға арналған Нұр-Сұлтан мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағдарламасын әзірлеу маңызды» деді Бақыт Сұлтанов. Бұдан басқа, қала әкімі Мәскеу үкіметінен қазан айында Қазақстанның астанасында өтетін Дүниежүзілік туристік ұйымының VIII ғаламдық саммитін өткізуді қолдауын сұрады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Таллин мэрі Михаил Кылвартпен де кездесті.
Елорда басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара түсіністік жағдайында дамып келе жатқанын атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз басқа қалалардың жүз жылда жеткен белестерін 20 жыл ішінде бағындырдық. Даму тәжірибесі бар, енді бізге сапалы өсу қажет. Осы мақсатта біз экономика, туризмді дамыту, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау тұрғысынан кешенді жоспар әзірлеп жатырмыз» деді қала әкімі. Кездесу аясында Бақыт Сұлтанов өзара іс-қимылдың бағдарламалық құжатын жасауды, екі елорданың ынтымақтастығын тереңдетуді ұсынды. Өз кезегінде Таллин мэрі Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның астанасы ғана емес, сондай-ақ тұтас аймақтың экономикалық, саяси және мәдени орталығына айналуы мүмкін екендігін атап өтіп, екі астананың арасындағы серіктестікке баса назар аударғысы келетінін айтты. Қос тарап алдағы уақытта көлік және қалалық инфрақұрылымды дамыту, медициналық туризм және білім беру саласындағы ынтымақтас­тықты арттыруға келісті.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов Қазақстандағы Таиланд Корольдігінің елшісі Расс Джаличандра мен Бангкок қалалық кеңесінің төрағасы Валлоп Сувандимен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел астанасының ынтымақтастығы мен туризм әріптестігі жайында сөз болды.
Биыл Нұр-Сұлтан мен Бангкок қалалары арасындағы қарым-қатынасқа 15 жыл толып отыр. Соған орай екі тарап өкілдері мерейлі датаға байланысты бірлесіп өткізетін іс-шараларды талқылады. Бұл мәдени шаралар Бангкок қаласында алдағы күз айында өтеді деп жобаланып отыр.
Өз кезегінде Бангкок қалалық кеңесінің төрағасы Валлоп Суванди Астана күніне орай 6-8 шілде аралығында елордада тай мәдени бағдарламасын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Кездесу соңында қала әкімінің орынбасары Бангкок губернаторын биылғы 9-11 қазанда елордада болатын Дүниежүзілік туристік форумға қонақ ретінде қатысуға шақырды.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Үрімші қаласының вице-мэрі Се Шаодимен кездесіп, медициналық саласындағы әріптестік туралы әңгімелесті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды