«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бас қалада қайда шомыламыз?

0 40

Жақыннан бері ауа райы қатты ысып, табақтай күннің табадай қақтаған ыстығынан ығыр болған жұрт қала ішіндегі және қала төңірегіндегі шомылатын орындарға, бассейіндерге қарай ағылды. Демалыс күндері Есіл өзенінің бойындағы шомылу орындары қара нөпір адамға толды.

Кейбіреулер неше жүз шақырым жерлердегі өзен, көлдердің жағасына шап­қылады. Осы орайда қала тұрғындарына қолайлы болуы үшін қалада қайда шомылуға болатынын тағы да қайталай айта кетсек артық болмайтын сияқты.

Су – тілсіз жау, абайламаса жан алады

Биыл жаз айындағы шомылу маусымына бас қаламыз ерте дайындалды. Атап айтқанда, маусым айында қала төңірегіндегі шомылуға арналған орындарды анықтаған болатын. Нәтижесінде қала аумағындағы барлық 15 су қоймасы түгел тексеріліп, тек үшеуі ғана шомылуға жарамды болып шықты. Қалғаны қауіпті деп танылған. Сонымен қатар қауіпті орындарға ескерту белгілері қойылып, рұқсат етілген жерден басқа жерлерде шомылу қатаң шектелген еді. Алайда төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шомылу мау­сымы басталғалы 8 адам суға кеткен. Өткен жылы заңсыз шомылу орындарында қаза болғандар саны 15 адамнан асқан. Оның негізгі себептері – ішімдік ішіп алып суға түсу, балаларды дұрыс қарамау. Демек, ескерту жасалып тұрса да, ескермеудің кесірінен осындай қайғылы жағдайлар да орын алуда. Адамдардың суға кетіп қаза болуының алдын алу үшін ТЖД, полиция қызметкерлері мен еріктілер 128 рейд жүргізді, 140 тыйым салу белгілерін қойып, 30 стенд орнатты. Демалушыларға тиісті ақпарат жазылған парақшалар да таратқан.
Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, елордада суға шомылуға рұқсат етілмеген 20 орын тіркелген. Олардың бесеуі – Сарыарқа ауданында, алтауы – Алматы және Есіл аудандарында, үшеуі Байқоңыр ауданында орналасқан.

Шомылуға рұқсат етілген 3 жағажай

Қазір Нұр-Сұлтанда шомылуға рұқсат етілген 3 жағажай бар. Оның үшеуі де ақылы.
Нұр-Сұлтан қаласының орталық саябағындағы жағажай. Ол Есіл ауданы, Тұран көшесінде орналасқан. Бұл арада суға түсіп шыққаннан кейін кабиналы себезгі (душ) арқылы шайынуына мүмкіндік бар. Күншатырлар қойылған жағажайда киім ауыстыратын орындар да жасалған. Футбол, волейбол ойнайтын қайраңды алаң да назардан тыс қалмаған. Құтқарушылары да дайын.
Екінші рұқсат етілген шомылатын жер – Есіл өзені бойындағы «Три Пескаря» қонақ үй кешенінің аумағындағы жағажай. Сарыарқа ауданы «Көктал» тұрғын алабы Еңлік-Кебек көшесі 11 мекенжайында орналасқан бұл орында да тұрғындардың қажетіне барлық мүмкіндіктер жасалған.
Үшіншісі – Есіл өзені бойындағы «Столичный двор» демалыс орны аумағындағы жағажай. Бұл араға шомылғысы келетіндер Алматы ауданы, «Күйгенжар» тұрғын алабы, Атақоныс көшесі 20Б, мекенжайы бойынша тауып бара алады.
Ал шомылу орындарының ақысына келсек, бір-бірінен көп айырмашылық жоқ. Ашық жағажайларға кіру құны – 200-ден 500 теңгеге дейін. Демалыс орындары 1500 теңгеден 3000 теңгеге дейін болса, орталық саябақта және демалыс аймақтарында ашық бассейн­дерге бару тұрғындарға 5000-6000 теңгеге дейін болады. Зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіру – тегін.
Әрине, бұл үш орыннан сырт Қоянды ауылының маңында, Б.Момышұлы даңғылы мен Төлебаев көшесінің қиылысындағы қазаншұңқырларда, «Райский уголок» демалыс аймағындағы тоғанда, Көктал-1 тұрғындар аумағында, Талапкер маңында, Қосшы төңірегінде, «Нұра-Есіл» арнасы мен Қарасу өзені бойында да шомылатын орындар бар. Алайда бұл араға шомылуға рұқсат етілмеген. Су сапасына да толық талдау жасалмағандықтан, беталды шомылмаған жөн. Қиын жағдайға тап болсаңыз, қол ұшын беретін құтқарушылар да жоқ. Астана тұрғындарының көбі Максимовка ауылына барып, суға түсуге, Сілеті өзеніне барып шомылып қайтуға құмар. Бұл орындарда да қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстаған дұрыс.

Шомылғалы барғанда тәртіпке де бағынған жөн

Ескеретін бір жайт, шомылу орындарының бәріне шыны ыдыстағы сусынды алып кіруге болмайды. Себебі оны сындырып алсаңыз, сынықтары демалушылардың аяғына кіруі мүмкін. Сонымен қатар ит-мысық сияқты үй жануарларын ертіп кіруге, ішімдік-сыра ішуге де тыйым салынған. Мас адамдардың, қасында қараушысы жоқ 16 жасқа толмаған балалардың кіруіне болмайды.
Демалыс орындарының, шомылатын жағажай қыз­меткерлерінің айтуынша, демалушылар тазалыққа көңіл бөлмейтін, әкелген сусын, тамақтарының қалдықтарын беталды тастап кететін жағдай әлі де ауыр көрінеді. Бұл да ұлттық сапамызға, жеке басымыздың мәдениетіне саятын мәселе болғандықтан, тазалыққа барлық тұрғындар көңіл бөлген жөн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды