-->

Нұржан КЕРМЕНБАЕВ: Бас киімдерден жеке коллекциям бар

Дәстүрлі айдарымыздың бүгінгі қонағы – отандық эстрада әншісі Нұржан Керменбаев. Ел арасында «Қара бала» атанып кеткен өнерлі жігіттің сахнада жүргеніне биыл 10 жыл толды. Осынау мерейлі уақиғаға орай кейіпкеріміз газет оқырмандарының сауалдарына жауап беріп, шығармашылық жоспарларымен бөліскен еді.

2m0a8839

– Нұржан аға, өнер жолына қалай келгеніңіз туралы әңгімелеп беріңізші.
Жамбыл МҰСТАФА, оқушы

– Негізі, әу демейтін қазақ жоқ қой. Әкем де, анам да, туыс аға-әпкелерім де өнерден құралақан емес. Солардың тәрбиесі ме екен, бала кезімде той-томалақтарға бара қалсам, ортаға шығып, ән салғанды жақсы көретінмін. «Біздің ұл ән айтады. Қане, Нұржан!» деп жақындарым да мені қолдап-қолпаштаған сайын қанаттанатынмын. Мектеп табалдырығын аттаған соң, әнге қатысты ешқандай жарыстан қалмадым. Аудандық, облыстық байқауларда топ жарған соң, тәуекел етіп «SuperStar.KZ» жобасына қатыстым. Оны ұйымдастырушы азаматтарға әлі күнге дейін алғысым шексіз. Бәлкім, сол конкурс болмаса, мен бүгінгідей танымалдылыққа қол жеткізбес пе едім?!

– Даусыңызды қалай күтесіз? Үнемі жасап жүретін жаттығуларыңыз бар ма?
Мейрам КӨМЕКОВ, асаба

– Иә, бұрын вокалға қатысып жүргенімде, оқытушым бірді-екілі кішігірім жаттығуларды үйреткен-ді. Жақты барынша ашып, тілді шығарып, дауысты дыбыстарды барынша созып әндету арқылы соларды орындап тұрамын. Бірақ қатты күтінбеймін. Соның кесірінен кейде ән айтқан соң, тамағым қарлығып қалады.

– Репертуарыңызда қанша ән бар? Ән таңдауда қандай қағидаға сүйенесіз?
Айдана ЗЕРМҰХАМЕДОВА, қаржыгер

– Шынымды айтсам, әзірге санамаппын. Аллаға шүкір, ол он емес, ол жиырма емес, ол отыз емес, одан әлдеқайда көп екенін білемін. Алдағы уақытта да тыңдармандарымды жаңа әндеріммен жиірек қуантуға тырысамын. Ән таңдауда әуені мен сөзінің үйлесімділігіне баса мән беремін. Мен көбіне жастардың талғамына сай, ырғақты әндер орындаймын ғой. Мұны кейбіреулер «даңғаза» деп жақтырмауы мүмкін. Бірақ заманауи әндер қашанда қоғамға керек. Әйтпесе, ұл-қыздар оны бәрібір шетелдің музыкасынан табады.

– Мүсілім атты ұлыңыз бар. Сіздіңше, әкелік міндетті атқару қаншалықты қиын нәрсе?
Жәния ЖАМБЫЛҚЫЗЫ, бала күтушісі

– «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейді қазекем. «Балаңды тәрбиелеме, балаң саған қарап өседі. Сондықтан өзіңді тәрбиеле» деген де нақыл бар. Осы екі сөзді басшылыққа аламын. Жалпы, ересектердің өзі баласына үйретерден бұрын өзін түзеп, жаман әдеттерден тыйылып, айналасына үлгі көрсетсе, нағыз тәрбие сол болар еді.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
Әсия ҚОБЛАНОВА, есепші

– Бұйырса, күзде 10 жылдық мерейтойыма орай шығармашылық кешімді өткізермін. Ең үлкен міндет те дәл қазір осы болып отыр.

– Өзіңізді өнерден басқа қандай салада елестете аласыз?
Аян БАЙТҰЯҚОВ, құрылысшы

– Әкем – құрылысшы, өмірінің соңына қарай шахтер болып еңбек еткен. Әншілік жолға түспегенімде, мен де Сәтпаев қаласының шахтасында жүретін едім деп ойлаймын.

– Бас киімге деген айрықша махабба­тыңызды байқаймыз. Бұл – өзіндік стиліңіз­дің бөлінбес бөлшегі ме?
Кәдірхан МЫРЗАМҰРАТОВ, мемлекеттік қызметкер

– Осы комплиментті көп естимін. Бір жағынан, бас киім кию – сүннет қой. Екінші жағынан, өзім де айрықша әуеспін. Бас киімдерден үйде жеке коллекциям бар. Ондағы телпек, шляпа, кепкалардың саны шамамен 50-ден асып қалды-ау. «Ертең ұрпақтарың саған арнап музей ашса, ең бас­ты экспонат – осы бас киімдерің болатын шығар» деп әзілдейді анам.

– Шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болып жатыр?
Сымбат ШАЙЖАНОВА,  тарихшы

– Жақында Мақпал Исабековамен бірге «Айта бермеші» атты ән жаздырдық. Сөзі – ақын Ринат Зайытовтікі, әуені – жас композитор Данияр Шеңгелбаевтікі. Енді алда Әли Оқаповпен дуэт құру жоспарда бар. Жанар Дұғаловамен де бейнебаян түсіріп қалуымыз мүмкін.

– Қазіргі қазақ эстрадасының «әттеген-ай» тұстары деп нені атар едіңіз?
Бақыт ҚҰДАЙБЕРДІ, оқытушы

– Той әндерінің таза өнерді ұмыт­тырып бара жатқанына қарным ашады. Әрине, тойдың көп болғаны, қуаныштың көбейгені жақсы ғой. Әйткенмен, өнер – өзінше сала. Екеуін шатастырмау керек. Өкінішке қарай, бұқараның басым бөлігі той әндерін өнер ретінде түсінеді.

– Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма? Жалпы, сізден қолдау күтіп, алдыңызға барған іні-қарындастарыңызға көмектесесіз бе?
Бауыржан ӘНУАРБАЙ, студент

– Шәкірттерім бар, біразы айналамда жүр. Оларға мүмкіндігімше жол көрсетіп, жөн сілтеймін. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйретемін. Қанша дегенмен, он жылдық тәжірибемнің арқасында сахнаның қыр-сырын меңгеріп қалдым ғой. Алдыма келген іні-қарындастарымның бәрінен бірдей мықты әнші шығарамын деп айта алмаймын. Бірақ тыңдап, байқап, керекті кісілермен жолықтырып, сәл-пәл демеу көрсетуге дайынмын.

Дайындаған: Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*