«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылады

0 198

«Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» атты бағдарламасы дайын. Мемлекет бюджеттен қаражат бөлген күні іске қосылады. Бұл жаңалықты «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» елордалық филиалы директорының орынбасары Әсел Төлеуғалиева жария етті.

«Бақытты отбасы» – аймақ­тық бағдарлама. Оған бюджет­тен қаражат бөлінгеннен кейін банк бағдарламаны іске қосады. Бұған белгілі бір уақыт қажет. Мемлекет жыл сайын бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөледі. Қазіргі кезде біз өз тарапымыздан бағдарламаны дайындап қойдық. Жүйеміз автоматтандырылған. Қаражат бөлінген күні несие беру жұмыстарын бастаймыз» деп түсіндірді мәселені көпбалалы отбасылармен кездесу кезінде банк өкілі.
Оның түсіндіруінше, несие жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға беріледі. Алғашқы жарна көлемі – 10 па­йыз. Егер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көпбалалы, әл-­ауқаты төмен, мүгедек баласын асырап отырған, жалғыз­басты аналар немесе әкелер алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, әкімшілік тарапынан 1 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар. Алайда олар баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататынын дәлелдеуі қажет. Ол үшін атқарушы органнан көпбалалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырады. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болуы міндетті. Олай болмаса, банктен дербес шот ашуға құқығы бар.
Әсел Жарасқалиқызы тұрғын үй жағдайлары өте төмен адам­дарға арналған бағдарламаға қатысушыларға қандай талаптар қойылатынын да қарапайым тілмен түсіндіріп берді. «Ол үшін әр адам басына шаққанда 42500 теңге табысы болуы шарт. Егер де ол табыстың мөлшері 42500 теңгеден асып кетсе, ол отбасы жылжымайтын мүлікке мұқтаж адам болып есептелмейді. Мысалы, 15 млн теңгеге несие алмақ болсаңыз, шамамен 104250 теңге табыс көзі расталуы тиіс. Несиені төлеп қайтару екі кезеңге бөлінеді: алғашқы 8 жылда 79000 теңгеден, қалған 11 жылда 57000 теңгеден төлейді. Ал егер 12 млн теңгеге несие алған жағдайда, алғашқы 8 жылда – 88450 теңге, қалған 11 жылда 44000 теңге төлейсіз. Ескеретін жайттың бірі, мысалы отбасында 5 адам болса, олардың жиынтық табысы 212500 теңгеден аспауы керек» деп түсіндірді Әсел Төлеуғалиева.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды