«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы

0 367

Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл – «Ауғанның от-жалыны», «Мен көрген соғыс», «Қан кешкен күндер», «Намыстың құлы – Алаштың ұлы», «Қаһарман» атты жастарымызды отансүйгiштiкке тәрбиелеп, ерлiкке баулитын бірқатар патриоттық кiтаптардың авторы. Осы «Мен көрген соғыс» кітабы бойынша режиссер Тілеген Ахметов деректі фильм де түсірген. Жас­тарды патриоттыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуге үлкен үлес қосып жүрген Бақытбек Смағұлмен сұхбаттасудың сәті түскенде, осы бір жаны «нәзік» мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

ERA_8650_1

– Бақытбек аға, қазіргі жасөс­пірімдердің қылмысқа ерте бой ұратыны, кәмелетке толмай жатып ауыр қылмысқа баратыны бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрініс табады. Бұдан біздегі патриоттық, ұлттық тәрбие кемшін тартып бара жатыр деп қорытынды жасауға бола ма?
– Бұл мәселенің өте күрделеніп бара жатқанын бәрінен бұрын тәртіп сақшылары сезініп жатқаны рас. Өйткені, олар бәріміздің, соның ішінде жасөспірімдердің де конституциялық құқығын қорғайды. Қоғам тыныштығын бұзатын қылмыскерлермен олар күнде бетпе-бет келеді. Жасөспірімдерді түзу жолға салуда да олар көп жұмыс тындырып жатыр. Былай қарағанда көзге көрінбейтін, байқала бермейтін, бірақ сезінген, түсінген адамға өте ауыр жұмыс. Тәртіп сақшыларының қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы табанды еңбектерін айтпай кетпеске болмайды. Осы тұрақтылық біздің мемлекетімізді дамытып жатыр. Астында мұнай, аузынан Құдайы кетпеген мемлекеттердің де құрдымға кетіп жатқанын көріп жүрміз. Құдайға шүкір делік, Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болды. Елімізде тұрақтылық пен баяндылық салтанат құрып тұр. Енді осы Тәуелсіздікті баянды ету – өз қолымызда. Әлемде бір ұлттан тұратын мемлекет жоқ. Мың сан ұлттың басы қосылған мемлекет үшін татулық пен достықтан қымбат еш нәрсе болмауы керек. Мемлекетіміз даму барысында осындай құндылықтарды қалыптастыру жолында талай кедергілерді бастан өткерді. Біздің даму жолымызда қандай кедергілер болды, солардың бәрінен сабақ алып, алға жылжи беруге тиіспіз. Зайырлы мемлекет қандай болуы керек? «Адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – дейді Абай атамыз. Міне, бұл осындай мемлекеттің басты қағидасына айналуы тиіс. Бәрімізді, жасымыз бен кәрімізді бірлікте, ынтымақта, достық пен татулықта ұстайтын – тек қана еңбек! Біз, әрқайсымыз өз саламызда аянбай Абай атамыз айтқандай адамдықтың қарызы үшін еңбек ете білсек, күрмеуі қиын көрінген көп мәселенің шешімі өз-өзінен табылады. Еліміз үлкен соғысты көрді, талай қиындықты бастан өткерді, бірақ ешқашан жетімі мен жесірін далаға тастаған жоқ. Бұл айтуға оңай сөз болғанымен, оның астары үлкен. Жетімі мен жесірін кім далаға тастамайды? Әрине, рухы жоғары, сана-сезімі биік ел. Біз – осындай елдің ұрпағымыз. Мәңгілік елге барар жолда біз осындай рухымызды жоғалтпай, қайта күшейтіп, намысымызды да биіктете түскеніміз абзал. Әрбір командирдің тілейтіні – жеңіс. Бұл жолда қан төгіледі. Ал, ұлы еңбек жолында, жасампаздыққа жету жолында тер төгіледі. Әр халықтың бақыт шекарасын анықтайтын сан түрлі өлшемдері бар. Ол, бірінші, қара түнектен алып шығар тілі, діні, ащысы мен тұщысы араласқан тарихы. Халқымыздың 42 пайызы ашаршылық жылдарында қырғынға ұшырады. Сан түрлі, сан тарау­лы соқпақтардан өтіп, бүгінге жеткен қазақ ұлысы 70 пайызға көбейді. Алла тыныштығын берген елде білім мен өрлеу бар. Дегенмен, қиындықтар да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қазақ атамыз «тәрбие – тал бесіктен» деп, отбасы тәрбиесіне баса мән берді ғой. Отбасында әкенің рөлі жоғары болды.
– Бұрынғы отбасы институтын­дағыдай әкелердің беделін биіктету керек дейсіз ғой. Ол үшін не істеген жөн?
– Әлбетте, баланың бас сабағы – әкенің қас-қабағы. Ата дәстүрден айырылмасақ, алар асуымыз көп болады. Ұл бала әкеге қарап өсуі керек. Әкенің айбарын сезініп өскен бұрынғы ұрпақтың өкілі қандай, тек әйел адамдардың тәрбиесін көріп өскен бүгінгі ұрпақ қандай? Бұған ешқандай үлкен зерттеу жүргізудің қажеті жоқ, бәрі көзге айқын көрініп тұр. Бүгінде мектепте сабақ беретін мұғалімдердің басым көпшілігі әйелдер болғандықтан, мұның да кері әсері жоқ емес. Әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары мектептегі ер-азаматтардың дені кәсібін тастап, жан-жаққа нәпақа іздеп кетті. Соның әсері ме, қазіргі жігіттердің дені қыздарға қатты ұқсайтын болып барады. Әскерге баратын жастардың көбі жарамай қалып жүр. Неге? Оған, ең бірінші, мектептегі тәрбие себеп болып отыр. Себебі, алғашқы әскери дайындық пәніне біз аса мән бермейтін болдық. Әскерге барғанда оң-солын танымайтын жігітке бір жылдың ішінде не үйрете аламыз? Қазір «кәсіби әскер» деп жағымыз талғанша айтамыз. Ал, кәсіби әскер ретінде оның денсаулығы, күш-қуаты, білімі жоғары болуы керек. Соның барлығын мектеп қабырғасынан қалыптастырғанымыз жөн. Жігіттердің басым көпшілігі – жасық. Қалағанының барлығы алдында әзір тұратындықтан, еңбектенуді мүлде білмейді. Мысалы, әскерде тамақ дайындап, қастарында даяшы жүреді. Айтқан жерден аулақ, ертең соғыс болған жағдайда кімдер тамақ дайындап берер еді? Әскерде барлық жағдай жасалғанымен, соңынан сөмкесін сүйретіп әке-шешесі жиі барып отырады. Кезінде бізді әскерге шақырғанда, бірден Ауғанстанға алып кеткен еді. Жастар әлжуаз болмас үшін тысқары, аулаққа жіберу керек. Мысалы, Алматыда тұрып, әскери борышын Алматыда өтеу, ол әскер бола ма? «Ойбай, өйтпесін, бүйтпесін» деп өбектеп жатамыз. Қазір тәрбиемен әйелдер айналысып, еркектің бағасын да, мәртебесін де төмендетіп жібердік. Не нәрсенің жауабы мен түйінін әйелден сұрайтын болдық. Соның барлығының бала тәрбиесіне кері әсері бар. Сонда ертең елді кімдер қорғайды? «Баланы – жастан» демекші, бар іске мектептен баулығанымыз жөн. Мектептерде ер-азаматтардың көбірек жұмыс жасауына ыңғайлы орта қалыптастырғанымыз жөн. Бұдан тек ұтар едік.
– Бәлкім, жасөспірімдер мен жас­тарымыздың бөтен ағымдардың же­тегінде кетіп жатқан себебі де осы ата дәстүрмен тәрбиелеудің кем­шіндігінде жатқан шығар?
– Бүгінгі кемшіліктердің тамырын тереңнен іздеген дұрыс. Теріс ықпалдың тез әсер етуі, біріншіден, тәрбиеге байланысты болса, екіншіден, жастармен жұмыс дұрыс жолға қойылмаған. Олардың қызығушылығын қанағаттандыратын дұрыс орта қалыптаспаған. Олар бар қызығын ғаламтордан тауып жатыр. Ал, бұл – өте қауіпті. Оның «жемісін» жақында көрдік. Бір топ жастарымыз Сириядан бір-ақ шықты. Қазақ ешқашан басқыншылықпен айналыспаған, ешқашан Құдайсыз болмаған. Қазақ басын изесе де, тізесін бүкпеген, қандай қиыншылықтарды басынан кешсе де, осы екі құндылығын жоғалтпаған. Керек десең, жерімізге баса-көктеп кірген талай басқыншылар да көп өтпей біздің дінімізді қабылдап, тілімізде сөйлеп, ішімізге сіңісіп кетіп отырған. Турасын айту керек, жат ағымдардың жайылып кету себебі әріде жатыр. Тәуелсіздікке қол жетіп, дін ұстануға еркіндік берілгенде, дәстүрлі діннің терісін жамылған талай жат пиғылды, теріс уағыз жүргізетін секталар мен ағымдар кеңінен белең алып, қаншама қаракөздерімізді өз қатарларына қосып алады деген қауіп ойламағанымыз рас. Өткен күннің қатесі енді шығып жатқанын кеш те болса ұққанымыз дұрыс. Ендігі жерде осы қателіктің, олқылықтың орнын толтыру бағытында жұмыстар жасағанымыз жөн. Шындығына келгенде, дәстүрлі исламның 99 пайызы біздің ұлттық тәрбиемізбен сәйкес келеді. «Қандай да елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара» деген ұлағатты сөз бар. Әр заман өз ерекшеліктерімен, дарынды өрендерімен, өрелі істерімен тарихта таңба қалдырады десек, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі бойкүйездік кім-кімді де алаңдатары анық. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттылықтың ажырамас бөлігі. Уақыт сөресінен ешқашан түсірмеуге тиіс осынау адамдық міндетімізге болашақтың талабымен қараған абзал.
– Парламент мінберінде балаларды зиянды ақпараттар ағынынан қорғау мә­селесі сөз болды. Телеарналар бойынша бұл мәселені ретке келтіру қолдан ке­летін сияқты. Ал енді нағыз қауіптің көзі – ғаламтордағы ақпараттарды сүз­гіден өткізу жайы қалай болмақ?
– Иә, бұл мәселе өте күрделі. Өткен жыл ішінде 14 жасөспірім қыз агентпен танысқан жігіттерінің құрбаны болған. Агентте танысқан арамзалар оларды алдап, кездесуге шақырған. Одан соң оларды зорлап, сосын айуандықпен өлтірген. Бұл ақпараттан ғаламтордың тек діни мәселеде ғана емес, жалпы алғанда әлі санасы қатып, бұғанасы бекімеген жасөспірімдерге қай жағынан алғанда да қауіпті екенін көрсетеді. Балаларды зиянды ақпараттардан қорғау мәселесін бізде Алдан Смайыл ағамыз көтерді. Енді осыған байланысты тиісті шешім қабылданып, нақты іс-шаралар атқарылғанын жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азамат қолдайтындығына мен кепіл.
– Сіз Мәжіліс депутаты ғана емес­сіз. Сонымен бірге, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақ­стан ардагерлері» қауымдасты­ғы­ның төрағасы қызметін қоса атқарып келесіз. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде сіз басқаратын ұйым қандай үлес қосып келеді?
– Ауған соғысы ардагерлері мұндай өзекті мәселеден еш уақытта тыс қалған емес. Ардагерлеріміз бар, 14 облыстағы филиалдың басшылары бар, Үкімет мүшелерімен алғаш рет Парламент қабырғасында өткен жылдың 2-ші шілдесінде «Біз Отанымыздың болашағына жауаптымыз» атты дөңгелек үстел өткіздік. Мұндай басқосуға Парламент депутаттарымен бірге, Дін істері комитетінің төрағасы және өкілдері де қатысты. Жиынның қорытындысы бо­йын­ша нақты іс-жоспарламызды айқын­дап, көптеген жұмыстар атқарудамыз. Мәселен, бірер жыл бұрын Ақтөбе қаласында «Біз өз Отанымыздың болашағына жауаптымыз» атты ардагерлеріміздің бірінші республикалық форумын өткіздік. Оған Ауған соғысы ардагерлері ұйымының 14 облыстағы басшылары, Ақтөбе облыстық әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, Дін істері агенттігінің басшылары, жергілікті жердегі имамдар қатысты. Осы арада ауған соғысы жайлы сәл қысқаша түсінік бере кеткенді жөн көріп отырмын. Карл Маркстың «Еуропаны кезген коммунизм елесін» төңкеріспен жүзеге асырған Владимир Ленин өткен ғасырдың басында КСРО-ны құрды. Осыдан кейін-ақ әлемдік саясат, дүниежүзі мемлекеттері (дұрысы – басшылықтары) екіге қақ айырылып, оның ақыры «қырғи-қабақ» соғысқа айналды. Коммунизм және капитализм болып бөлінген екі лагерьдің арасындағы «үнсіз майданның» ауыр зардабын тартқандардың бірі – Ауған жері, ауған халқы. Ауған елінде төңкеріс болып жатқан кезде, 1979 жылы 27 желтоқсанда Кеңес армиясы интернационалдық көмек көрсетеміз деп Ауғанстан шекарасына армия кіргізді. Бүгінгі күні бұл соғысқа басқаша баға беріліп жатыр. «КСРО басқа мемлекеттің ішкі құрылысына қол сұқты, басқыншылық жасады» деп айтушылар бар. Бірақ қалай болғанда да, сол соғыста мыңдаған жазықсыз жас қыршын болды, елге мүгедек болып оралды, ауру тапты, психикалық дертке кезікті. Аңырап ана, еңіреп әке қалды. Елге аман келгендердің өзі әлі күнге соғыс зардабынан айыға қойған жоқ. Сондықтан, сол жылдардағы «солақай саясаттың» салдары бейбіт халықтың отбасына қайғы әкелгенін, жанымызда жүрген бауырларымыздың опат болғанын ұмытпауымыз керек. «Кеңес Одағына қызмет етемін!» деп ант берген жауынгерлер өздерінің әскери қызметтерін атқарды. Қазір ғана басқаша айтып жүрміз, бірақ ол кезде олар Үкіметтің жұмсаған жеріне барып, интернационалдық борыштарын шынымен-ақ өтеген еді. Шет жерде, тау мен тастың арасында жүріп, оққа кеуделерін тосты, Отан үшін жандарын пида етті. Ерліктің, патриоттықтың үлгісін көрсетті. Сонау Ұлы Отан соғысында қан кешкен, бүгінде қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан ақсақалдарымыздың лайықты ізбасарлары болып, солардың ерліктерін ауған соғысында біз ғана қайталадық. Сол бірінші форум аясында «Ақтөбе облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасыновтың құрастыруымен шыққан «Ауғанстан. Жауынгер-интернационалист ерлігі» кітабының тұсаукесері өтті. Мұндай кітаптардың жасөспірімдерді патриотизм ісіне тәрбиелеуде қосар үлесі зор. Саналы ұрпақ – сапалы елдің ертеңі. Осыны әрқайсымыз жадымыздан шығармағанымыз жөн. Біздің ұйым еліміздің барлық мектептерімен жақын байланыс орнатқан. Түрлі шаралар ұдайы өткізіледі. Қазақстан Республикасы Жазушылар одағымен бірлесіп, қайырымдылық концертін өткізген едік. Одан түскен қаржыны қайырымдылық ретінде балалар үйіне таратып бердік. «Жігіт сұлтаны» байқауын да өткізуге үлесімізді қостық.
– Қалың жұртшылыққа жалынды өлеңдеріңізбен де жақын екеніңізді білеміз. Өлеңдеріңіз отты, рухты келеді. Мұның қандай сыры бар?
– Иә, оның өзіндік сыры бар. Менің әкем «Бес ғасыр жырлайды» деген кітапқа топтастырылған жыраулар поэзия­сын жатқа айтатын. Өзіңіз білесіз, жыраулар поэзиясы өршіл, рухты, отты келеді. Осы поэзияның қуаты менің тұла бойыма, бүкіл алпыс екі тамырыма бала кезімнен сіңген. Сондықтан жасықтық, ынжықтық, күн жаумай су болатын болбырлық сияқты ер жігітке жат мінездерден бойымды аулақ салдым. Жалпы, отбасымен сөз өнеріне жақын болдық. Анам өлең-жырға құмар болғандықтан, әншілігімен танылған. Апам өлең жазады, ағамның да шығармалары бір кітапқа арқау болды. Екіншіден, бүгінгі жастардың жағдайы мені осындай өлең жазуға еріксіз итермелейтіндей. Өйткені, қазіргі жастардың ата-бабамыздың отты, рухты жырларынан алшақ өскені байқалады. Соның кесірін қазір тартып жатқанымызды да көріп жүрміз. Жастыққа жігерлі, отты, рухты қасиеттер тән. Олардың бойындағы бойкүйездік, ынжықтық, жасықтық сияқты жарамсыз қылықтарын көргенде, өз-өзіме сыймай кетемін. Мынау сондай бір кезеңде туған өлең еді:

Сендерге айтам, жас ұрпақ!

Сендерге айтам, жас ұрпақ!
Жауқазын ғұмыр, жасыл бақ.
Тәуелсіздігім бүгінгі,
Бабалар күткен ғасырлап.

Даламның мынау кеңдігі,
Бабаларымның өрлігі.
Таныса әлем қазақты,
Елбасымыздың ерлігі.

Сары алтын сынды сабырым,
Ақылға қайрат жаныдым.
Тозақты бір рет сезбеген,
Жұмақтың білмес қадірін.

Тәуелсіздігім тұғырлы,
Егемендігім бүгінгі,
Сыйлады, қалқам, сендерге
Жұмақтай мынау ғұмырды.

Қап-қара бұлттар түнерген,
Орнына оқтың гүл өнген,
Тыныштық деген не екенін,
Қан кешіп келген білем мен.

Түсіме енер өлгендер,
Ауғанда жанын бергендер.
Тесілген жүрек орынын,
Бекіте алмас ордендер.

Кешегі өткен асылдар,
Жарқылдап жанған жасындар.
Біздерге сенім жүктеді,
Бауыржан менен Қасымдар.

Осынау бейбіт күн үшін,
Шашылмау үшін ырысың,
Тәуелсіздігім – тынысым,
Жас ұрпақ – барша ұлысым,
Мәңгілік елдің жолында
Ұлт болып қалу – ұлы сын!
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Отты, жігерлі жігіттеріміз де аз емес. Жалпылай алғанда, жоғарыда айтып өткен жарамсыз қылықтар жастардың бойынан көп көрініс беретінін жоққа шығаруға болмайды. Бұл – ауру, мұны емдеп қана жазамыз. Қазақ атамыз айтпай ма, «ауруын жасырған өледі» деп. Сондықтан мұны жасырып-жабуға тиіс емеспіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды