«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақыт СҰЛТАНОВ: Жастар жылында Астана авангардқа айналады

0 72

Жастар жылына орай Астанада 11 негізгі бағытты қамтитын Жол картасы әзірленеді. Бұл жоспарға 600-ден аса іс-шаралар жүзеге асырылатын 101 жоба енгізілген. Мұндай жаңалық кеше Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өткізген Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында жария болды. Қала басшысы биыл қандай іс-шаралар атқарылатынын әңгімеледі және жастардың ой-пікірлерін тыңдады.

Елорда жастары алдыңғы шептен көрінуі керек

«Жастар жылында елорда жастары өзгелерге үлгі көрсетіп, Елбасы алдымызға қойған міндеттерді іске асыруда алдыңғы шепте болуы тиіс. Сондай-ақ елордалық жастар өзінің бар мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылғаны жөн. Бұған қазір барлық жағдай жасалған» деп мәлімдеді Бақыт Тұрлыханұлы. Ол бүгінгі таңдағы білім беру, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікке баулу салаларында жастарға жасалып отырған игіліктерге тоқталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің әр жолдауы, стратегиялық құжаты, Үкіметке берген тапсырмаларында жастардың мәселелерін назарынан тыс қалдырмайтынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жастар да соған сай болып, ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосуы тиіс.
«Елбасының біздің алдымызға қойған үлкен міндеті – 2050 жылы әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылу. Астана бұл орайда өзгелерге үлгі болып отыр. Мысалы, білім беру саласын алайық. Астана кадр даярлаудың, заманауи жүйелерді енгізудің моделіне айналды. Біз 100 жаңа мамандыққа оқытудың арнайы жоспарын қабылдадық. Аса маңызды бағыттардың бірі – осы. Елбасы Жастар жылының ашылуында әрбір қыз-жігітті жаңа заманның сын-қатерлеріне дайын болуға үндеді. Бүгін біз білетін мамандықтар ертең жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан өзін-өзі жетілдіруге, өздігінен білім алуға бейімделуіміз керек. Мен жаңа технологиялар мен инновациялар туралы айтып отырмын» деп түсіндірді әкім.

Әлеуметтік ахуал – басты назарда

Бақыт Тұрлыханұлы Елбасының жастарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге ерекше назар аударғанын айтты. Оның пікірінше, жастарға білім алу мен еңбек етуде барлық мүмкіндіктер жасалуы қажет. «Мәселен, кәсіпкерлік саласында жаңалық көп. «Жуырда «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында «Стартап-Хаб» ашылды. Көп ұзамай «Ситс-Стартап» атты коворкинг-орталық есігін айқара ашады. Бұл – әлемдегі 70 мыңнан аса кәсіпкерлерді біріктіретін швейцариялық компания. Меніңше, мұның бәрі – жастардың жаңа кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, олардың бір-бірімен білімімен, инновациялық тәжірибесімен алмасуына жасалған керемет мүмкіндік. Ең бастысы, әрбір жастың өз идеясын, бастамасын елордада іске асыруына мүмкіндік береміз» деп бөлісті әкім.

Жол картасына 101 жоба енгізілген

Аталған жиында баяндама жасаған Астана қалалық қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин жол картасына 101 жоба енгізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, бірінші бағыт – инфрақұрылымдық жобалар. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, Жастар сарайының базасынан «Jastar Synergy» елордалық жастар хабы құрылады. Жастар хабы жаңашыл жастарға, жас кәсіпкерлерге, фрилансерлерге, цифрлық аудиторияға көпбейіндік қызмет көрсететін нысан болмақ.
Екіншіден, ағымдағы жылдың наурыз айында Astana Innovations Жол картасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстандағы «SeedSpace» тұңғыш бизнес-акселераторы бой көтереді. Жаһандық желіге интеграцияланған нысан жылына 50 стартап жобаны жүзеге асырады. ««Jastar Synergy», «SeedSpace» қазір жұмыс істеп тұрған «Astana Hab»-пен бірлесіп, елордамыздағы жаңашыл жастардың толқынын қалыптастырады. Олар Астананы одан әрі жайлы ете түсері хақ» деді Д.Есин.
Ол сондай-ақ, басқа бағыттар – қолжетімді, сапалы білім беру, денсаулық сақтау, жастарды еңбекке баулу мен жұмысқа орналастыруға жағдай туғызу, қаржылық сауаттылықты арттыру мен кәсіпкерлікті дамыту, қолжетімді баспана және жас отбасыларды қолдау, әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелеріне кеңінен тоқталды. Мәселен, Жол картасы аясында жас отбасыларға баспана мәселесін шешу үшін 6 ірі жоба қарастырылған. Соның бірі – «7-20-25», «Нұрлы жер», «Аймақтарды 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы» арқылы жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру.
Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілген тапсырмасын орындау мақсатында елордада студенттік жатақханалар қажеттілігіне мониторинг жүргізілген. Соған сәйкес, 7 оқу ордасына жалпы ауданы 18,6 гектар құрайтын 15 жер учаскесі бөлінген. Сонымен қатар Данияр Есин қаржылық сауаттылықты арттыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында биыл «Астана жастары» жастардың ресурстық орталығы аясында кәсіби және жеке машықтарды дамыту мектебі ашылатынын айтты.

Тамила Розметова, «Сарайшық» асыл тұқымды мал шаруашылығы» ЖШС бас директоры:

– Біз алдағы көктемде Астанада алма бағын отырғызғымыз келеді. Онда алманың суық пен желге шыдамды төрт сорты өсетін болады. Бақта тамшылай суару әдісі қолданылады. Шамамен әр гектардан 20-25 тоннадай өнім ала аламыз. Бұлай айтып отырған себебім, біз бұған дейін аталмыш тәжірибені Атырауда байқап көрдік, сәтті шықты. Ал Атырау мен Астананың климаты ұқсас екені белгілі.

Арсылан Дәрімов, «Rocket Study» білім беру орталығының бас директоры:

– Бүгінге дейін біз студенттерімізге тіл үйрену бағыты бойынша ғана білім берсек, былтыр «Rocket System» атты жалпы білім беретін онлайн платформамызды жасадық. Онда бір жылдың ішінде жалпы саны 8 мыңдай адам оқып шығып, дәріс алды. Алдағы уақытта мектеп оқушыларын мамандыққа бағыттайтын «Rocket Fest» атты жобамызды іске қосқымыз келеді. Сол жоба аясында отандық кәсіпкерлерді, өз ісінің үздігі атанған кісілерді шақырып, балаларға ақыл-кеңестерін беруге үлес қоссақ дейміз.

Махаббат Есен, «Қазмедианың» БАҚ саласындағы біліктілікті арттыру орталығы жетекшісі:

– Жастар жылы қарсаңында шығармашылыққа қызығатын қыз-жігіттердің басын қосатын жаңа орын – жастар медиаорталығын ашуды ұсынамын. Бұл жоба шеңберінде рес­публиканың әртүрлі университеттерінде оқитын болашақ журналистерді Астанаға әкеліп, кәсіби мамандардың дәрістерін тыңдатсақ, осы саладағы басқа да замандастарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызсақ деген тілек бар.

Төлен ТІЛЕУБАЙ
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды