«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақыт СҰЛТАНОВ: Қаланың басты капиталы – тұрғындары

0 22

Кеше Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қала активімен жиналыс өткізді. Онда 2018 жылдың қорытындылары мен осы жылға арналған жоспарлар талқыланды.

1400 отбасы баспаналы болды

– Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында негізгі басымдықты жаңа әлеуметтік саясатқа бұрып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды бағдарламаларды іске асыруды қадап айтты. Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттер, әсіресе, біздің шаһарымыз үшін айрықша мәнге ие. 20 жылдығын тойлаған Астана әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында жаңа жылға жоғары көрсеткіштерімен жетіп отыр. 2019 жылға да ауқымды жоспар құрылып, елордамыздың абыройын асыру жолындағы игілікті істер жалғасын табатын болады, – деген қала әкімі елорданың 20 жыл ішіндегі көрсеткішін саралап өтті. – Индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың, құрылыс пен шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың арқасында қаланың даму көрсеткішінде жетістік аз емес. Астана шежіресіндегі әр жыл өткен жылдардағы жетістіктерді еселеп қана қойған жоқ, еліміз бен қаламыздың экономикалық даму көрсеткішін одан әрі жылдамдата түсті. Мәселен, тәуелсіз еліміздің символына айналған Астананың аумағы 20 жыл ішінде 3 есеге ұлғайып, тұрғын үй көлемі 19 есеге артса, тұрғындар саны 4 есеге көбейді. Егер 20 жыл бұрын орташа жалақы 10 мың теңге көлемінде болса, қазір бұл көрсеткіш 230 мың теңгеден асып отыр. 1998 жылдан бері жұмыссыз­дық деңгейі 12,8 пайыздан 4,5 пайызға төмендеді.
Сонымен қатар қала басшысы әлеуметтік инфрақұрылымдық құрылыстың ауқымды бағдарламасының нәтижесінде елордада 20 жыл ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша 20-дан аса рес­публикалық, қалалық нысан мен 300-ден аса балабақша мен мектеп салынғанын, жалпы тұрғын үй қорының 4 есеге ұлғайып, 20 млн шаршы метрді құрағанын, соның арқасында сапалы баспанамен қамтамасыз ету жағынан Астананың көш бастап тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,4 млн шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ әкім Президенттің бастамасымен іске қосылған «Нұрлы жер» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламалары бойынша бүгінге дейін екінші деңгейлі банктер арқылы астаналықтар өтініші негізінде 20,4 млрд теңгенің несиесі расталып, 1400 отбасының баспаналы болғанын мәлімдеді.

Негізгі инвестор – шағын бизнес

– Өңірлік даму моделі ретінде Астана еліміздің экономикалық әлеуетінде ерекше рөл атқарады. Республикадағы жалпы ішкі өнімнің 11 пайыздан астамы елордада өндіріліп, еліміздің негізгі капиталына салынған инвестицияның 10 пайызы қалыптасады. Айта кету керек, елорда 2018 жылы бюджеттік өзін-өзі қамтамасыз етудің рекордтық деңгейіне жетті. Жалпы шығындардағы меншікті кірістердің үлесі 2017 жылы 51 пайыз болса, бұл көрсеткіш былтыр 63 пайызды құрады, – деді Бақыт Сұлтанов. – Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің қала экономикасындағы үлесі 58,5 пайызды құрайды. Айта кету керек, Астана – бұл жолды еңсерген еліміздегі жалғыз қала-аймақ. Қалада барлығы 100 мыңнан аса бизнес субъектілері бар. Олардың саны соңғы 8 жылда 5 есеге артты. Қазір әр үшінші астаналық кәсіпкерлікпен айналысады. Бюджетке түсетін қаржының жартысынан көбін шағын және орта кәсіп иелерінің салық төлемдері толықтыруда. Қазіргі таңда Астана мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналды.
Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, былтыр қаладағы 11 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Ал қоғамдық жұмыстарға қатысушыларға төленетін жалақы көлемі 48 мыңнан 84 мың теңгеге дейін өсіпті.


– 2018 жылдың өзінде елордаға 1 триллион теңгеден аса инвестиция тартылды. Жалпы, қалаға инвестиция тартуда да оңды өзгерістер бар. Мысалы, бұрын инвестициялардың жартысынан көбі мемлекеттік бюджет есебінен келсе, қазір бюджеттік инвестиция­лардың үлесі оның оннан біріне дейін төмендеді. Осылайша, бүгінгі уақытта қала инвестицияларының 90 пайызы жеке бастамаларды құрайды. Ал қаланың негізгі инвесторы – шағын бизнес. Онымен қоса, Астана шетел капиталы үшін де тартымды бола түсті. Мәселен, өткен жылы инвестицияның төрттен бірі шетелден келді, – деді Б.Сұлтанов.

Білім мен медицина ілгері басты

Сондай-ақ қала әкімі білім беру саласында соңғы екі жылда балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуда оң үрдіс байқалатынын атап өтті.
– Мысалы, 2016 жылы мектепке дейінгі білім берумен қамту 70 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін өсті. Бұған жекеменшік секторды тарту қомақты әсерін тигізді. Дәл қазір сол кәсіпкерлер арқылы 30 пайызға жуық бүлдіршін балабақшамен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы оқу жылынан бастап 80 елордалық мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру механизміне көшті. Жалпы, жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға айтарлықтай оң ықпалын тигізіп отыр. Астана қаласы бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ететін үш өңірдің бірі болып саналады. Бұл мақсатта біз осы оқу жылына жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңге бөлдік. Тамақ өнімдерінің сапасын үнемі қадағалап отырмыз. Мониторинг нәтижесінде кейбір мектептердегі жауапсыз өнім берушілер анықталып, азық-түліктің сапасын жақсартуға мүмкіндік берілді.


– Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерге жүктемені азайту үшін амбулаторлық-емхана желісі қайта ұйымдастырылуда. Сонымен қатар 105 жалпы дәрігерлік учаскелері ашылды. Осылайша, біз экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымы елдерінің көрсеткішіне қол жеткіздік және азаматтардың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз еттік. Бұған қоса, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында «Үй жанындағы дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулаториясын ашу жобасы жүзеге асырылуда. Ол қала тұрғындары үшін барынша қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту шеңберінде 7 амбулатория ашылды. Жобаны жүзеге асыруда қаланың шеткі аймақтарына ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен «Пригородный» және «Өндіріс» тұрғын алаптарында дәрігерлік амбулатория бой көтерді.
Баяндама барысында түрлі саладағы ілкімді істерді сөз еткен шаһар басшысы әкімдіктің iKомек бірыңғай байланыс орталығының көмегімен апта сайын жүйелік мәселелердің рейтингіне талдау жасалатынын тілге тиек етті. Өткен жылы «109» қызметіне тұрғындар тарапынан 1 миллион­нан аса өтініш түскен. Сол сияқты әкім табиғи монополия қыз­меттеріне тарифтерді төмендету туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 қаңтардан бастап тарифтердің төмендегенін де айтып өтті. Мәселен, электр энергиясы 13 пайызға, жылумен қамту 9 пайызға, сумен жабдықтау және ағынды суларды пайдалану 10 пайызға, тұрмыстық қатты қалдықтар мен лифт және ПИК қызметтері 5 пайызға төмендеген көрінеді.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша елімізде алғаш рет елордада жүзеге асырылған «Сергек» бейнебақылау құрылғысының арқасында Астана жолдары республика бойынша ең қауіпсіз жолға айналды. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасы 15 пайызға азайып, жол апатының салдарынан болатын кісі өлімі 48 пайызға, жарақаттанушылар саны 16 пайызға азайды. Жалпы, қаланың ең басты капиталы – оның тұрғындары. Сондықтан тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін заманауи цифрлы технологияларды енгізуді әлі де жалғастыратын боламыз. Бұл тұрғыда биыл «ақылды қала» шеңберін қалыптастыру жұмыстары аяқталуы қажет, – деді Бақыт Сұлтанов.

Басты бағыт – өмірлік маңызды салаларды дамыту

Кешенді жоспарды жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге жұмсалады Астана әкімдігі қаланың жинақы құрылысына 1,5 млрд теңге қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл елорданың және еліміздің экономикасын дамытуға жағымды әсер етеді. Алдағы 5 жылда қала бюджетіне 7 трлн теңге түсім түседі. Сонымен қатар 6 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделген. Мұндай іс-қимылдардың нәтижесінде бас қалада 300 мың жаңа жұмыс орындары ашылып, 3 млн туристі жұмылдыруға мүмкіндік пайда болады.
Өткен жылы қабылданған Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған ықшамдалған құрылысының кешенді жоспары инфрақұрылымды дамыту, газ тарту, инженерлік желілерді салу, нөсер канализациясы мәселелерін қамтиды. Қала басшысы әр бағытқа жеке-жеке тоқталды. Көлік инфрақұрылымы саласында автокөлік иелену деңгейінің жыл сайын 8-9 пайыздық өсімін ескере отырып, 2023 жылға дейін 121 шақырым жол, 2 көлік жол айрығы, 3 көпір, 1 жол өткелін, 1 тоннель, сондай-ақ жеңіл рельспен жүретін көлік жолының алғашқы кезегін салып бітіру жоспарланған.
Білім беру саласында 2023 жылға дейін елордаға көшіп келетіндер есебінен мектеп жасына дейінгі балалар санының өсімі 124 мың оқушы орындарын құрайды. Бұл бағыттағы тапшылықты жою үшін 37 мектеп, 10 қосымша ғимарат салынады. Бұған қоса, балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету үшін 25 жаңа балабақша салу жоспарға енгізілген. Денсаулық сақтау саласында 15 нысан бой көтереді.


Халыққа сапалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерін көрсету үшін 150 шақырым сумен жабдықтау, 81 шақырым су тарту желілері салынады. 2-ші жылу электр орталығын жөндеу қосымша 2-2,5 млн шаршы метр тұрғын үй және коммерциялық алаңдарды орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. 3-ші жылу электр орталығының бірінші кезегінің құрылысы аяқталған соң қаланың батыс және Есілдің сол жағалауындағы бөлігін жылумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қуаты 418Гкал/сағ. 3-ші жылу электр орталығының екінші кезегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ 110 кВт 3 қосымша станция мен 110 кВт әуедегі желілер жөндеуден өткізіледі. Мұндай шаралар ЛРТ-ны, Мыңжылдық аллеясын, Теміржолшылар кентін электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі жүктемені азайтады.
Газ тарту бойынша алғашқы кезеңде 2020 жылға дейін жылу электр орталықтарының су жылытатын қазандықтары, сондай-ақ шағын жекеменшік қазандықтар мен тұрғын үй алаптарын газға көшіру жоспарланған. Кешенді жоспарда нөсер канализациясы мәселесін шешу жолдары нақты көрсетілген.

Әлеуметтік мәселеге басымдық сақталады

Отырыс барысында қала әкімі Бақыт Сұлтанов 2019 жылға арналған негізгі жоспарлармен бөлісіп, өмірлік маңызы бар салаларды дамыту әкімдік жұмысының негізгі бағдары болатынын мәлім етті. «Қала дегеніміз – тірі организм. Қалада күніне жүз мыңдаған адамдар әрлі-берлі жол жүреді. Үйінен шығып, аялдамаға келгенде, қоғамдық көлікпен жол жүргенде, мектепке және балабақшаға кіреберісте әр адам қаланың қаншалықты жайлы, қауіпсіз екенін сезінеді. Егер де бір адамға ыңғайсыздық, жайсыздық сезілетін болса, ол азаматтардың көңіл-күйіне жағымсыз әсер қалдырады. Сол себептен әр басқосуда барлық аудан әкімдеріне қаланың жайлылығы, абаттандырылуы мәселелерін жеке бақылауда ұстауды, астаналықтардың тұрмыстық мәселелерін шешуді тапсырамын» деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Әкімнің айтуынша, 2019 жылы білім беру және денсаулық сақтау салаларын қаржыландыруға бұрынғыдай басымдық беріледі. Мәселен, аталған салалардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға биыл 23,2 млрд теңге бөлінеді. Қазір Астанада 48,5 мың бала балабақшаға барады, мектеп жасындағы 146 мың бала бар. Мектеп оқушылары санының жыл сайын жедел өсуін ескере отырып, биыл 7 мектептің, 5 қосымша ғимараттың құрылысын аяқтау жоспарланған. Тағы 2 мектеп, 3 қосымша ғимарат, 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 1 көру қабілетінен айрылған балаларға арналған балабақшаның құрылысы жалғасады. Әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар салуға, 8 шақырым көлік жолдарын жөндеуге (бұған қала шетіндегі жолдар да кіреді) 5 млрд теңге қарастырылған. Жалпы алғанда, көлік инфрақұрылымын дамытуға 24 млрд-тан аса теңге қарастырылған, бұл қаражат шағын айналма жолды, тұрғын үй алаптарындағы (№27 көшенің Ш.Бейсеков көшесінен Тұран даңғылына дейінгі бөлігі) жолдар мен инженерлік желілерді жөндеуге жұмсалады.
Сонымен қатар, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстары одан әрі жалғасады. Бақыт Сұлтанов өз баяндамасында қазір жалпы құны 3 трлн теңгеге жуық 193 инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. 2019 жылы құны 27,6 млрд теңгені құрайтын 4 индустриалды жобалар іске қосылады. Соның нәтижесінде 500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұған қоса, құны 7 млрд теңгені құрайтын 2 жобаның құрылысы басталады. «Әр әкім – өзі басшылық ететін аумақта менеджер болып табылады. Сондықтан аудан әкімдері бөлінген қаражатты басқарумен шектелмей, өздері де бюджеттен тыс қаражат іздеп, инвесторларды тарта білу тиіс» деп атап өтті әкім.

Елорда іскерлік туризм орталығына айналады

Әкімнің айтуынша, биыл елордада қалалық туризм бойынша VIII Дүниежүзілік UNWTO саммиті, Орталық Азиядағы тұңғыш «Routes Silk Road» әуе бағыттары форумы (бұл форум ғаламшардағы ірі әуежайлар мен әуе компанияларын бір алаңға біріктіреді), «Comic Con» киімдер фестивалі өтеді. Халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шаралар Астананың әлемдік іскерлік туризм және инновациялар орталығына айналуына ықпал етеді. Биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында қалалық инновациялық алаңқай ашылады. Бұл жоба Женева қаласында орналасқан «Seedstars» халықаралық бизнес-акселератормен бірлесіп жүзеге асырылады. Айтпақшы, бұл алаңқай ТМД аумағындағы «Seedstars» басқаратын алғашқы коворкинг-орталық болмақ. «Seedstars» желісіне 70 мыңнан аса стартапшылдар, кәсіпкерлер мен инвесторлар кіреді.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударғаны мәлім. Осы орайда Астана еліміздегі барлық өңірлерге «Ақылды қаланың» эталондық стандарты болып табылады. Бас қалада Smart Astana технологиялары сәтімен жүзеге асырылуда. Мәселен, Заттар ғаламторы жобасының бірінші кезеңі (ақылды көше шамдары), Big Data, Smart білім беру, Smart медицина, элктронды ПИК, соның ішінде «1000 орындық көше саудасы» бағдарламасын іске асыруда қолданылған блокчейн технологиясы негізінде алғашқы аукцион осы сөзіміздің нақты дәлелі» деді қала басшысы.
Қазіргі уақытта біз Астанада алғашқылардың бірі болып «2019» қысқа нөмірімен call-center жұмысын іске қостық. Ол жастарға жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу, тұрғын үй алу және білім беру мәселелелері бойынша жан-жақты құқықтық кеңестер береді. 2018 жылдың басында елордада 16 аула клубы болса, қазір оның саны 32-ге жетті. Осы жылы аула клубтарының санын кем дегенде 50-ге дейін өсіру жоспарланып отыр. Бұл ретте, «Жастар» сарайының жанынан Жастар ресурстық орталығын ашуды ұсынамын. Ол қаладағы барлық жастар ұйымдарының институционалдық қызметтерінің сапасын жақсартатын және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын арттыратын орталық болады. Сонымен қатар онда Азаматтық бастамалар орталығы мен «Рухани жаңғыру» жобалық орталығы орналасады, – деді қала әкімі.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында бірнеше виртуалды музейлер мен Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи-реконструкциялар клубын құру және оның негізінде Астана мен еліміздің өзге де өңірлерінде көне сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі тақырыптарында фестиваль өткізіледі. Сол сияқты «Киелі Астана» жобасы аясында тарихи ескерткіштерді зерттеу үшін 4 археологиялық ескерткіштер аумағында ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, имидждік өнімдер де шығарылатынын айтқан қала басшысы мұның барлығы елордадағы туризмнің іскерлік келбетін ғана дамытып қоймай, тарихи-мәдени әлеуетін де арттыратынын атап өтті.

Төлен ТІЛЕУБАЙ
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды