«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақ қонған қала

0 130

Тарихтың тамырынан тартсақ, Ақмола өңірі ертеден-ақ әскери бекініс салуға таңдалып алынған. Оның басты себебі – бұл жерден сауда керуені жолдары өткен, өзен бойындағы алқапты аймақ егін салуға қолайлы саналған, отынға және құрылысқа пайдалануға келетін тал-тоғайлары болған. Осылайша алғашқыда әскери бекініс ретінде салынған жерде Ақмола қаласының іргетасы қалана бастаған.

Кейіннен бұл қала тоғыз жолдың торабын тоғыстыратын болды. Теміржол желісі Ақмола арқылы Қазақ елінің шығысын батысымен, оңтүстігін солтүстігімен жалғастырды. Қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жол туралы саясатының дұрыстығын дәлелдейтін бірден-бір қағида осы болса керек. Сөйтіп, жыл өткен сайын жұмыс орындары, емханасы, білім ошақтары және қатынас жолдары жақсара түскен қалаға жан-жақтан ел келіп қоныстана бастайды.
Ақмола қаласының дамуының, халық санының өсуінің елеулі кезеңдеріне көз жүгіртсек, мынаны байқауға болады. Халқымыз үшін ауыр жылдар болса да, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кавказ халықтарының біраз бөлігі, Волга бойындағы немістер күштеп біздің жаққа жер аударылды. Солардың біразы біздің қаламыздан қоныс тапты. Онымен қоса, соғыс жүріп жатқан жерлерден стратегиялық маңызы бар зауыттар мен фабрикалар Қазақстанға көшірілді. Солардың кейбіреулері Ақмола қаласына орналастырылды. Олармен бірге мамандар да көшіп келді. Одан кейінгі үлкен оқиға – тың жерлерді игеру кезеңі. Бұл науқан астық өндіруді көбейтсе де, тигізген зияны одан зор болғаны мәлім. Ашығын айтқанда, барлық жерде жаппай орыстандыру саясаты жүргізілді. Тіпті таза қазақ ауылдарындағы мектептер орыс тіліне аударылды. Бұл ұзаққа созылды. Мен өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғында Ақкөл ауданына қызметке келге­німде Кеңес, Қараөзек, Құрылыс, Киров, Барап, тағы басқа қазақ ауылдарында сабақ орыс тілінде жүргізіліп жатты. Егемендік алғаннан кейін осы мектептерді ана тіліне ауыстырдық. Қазақ халқы, негізінен, мал шаруа­шылы­ғымен айналысатыны белгілі. Сондай халықтың мал жайылымдары жерлерін ауылдардың іргесіне дейін жыртып тастады. Қазір сол жерлер жарамсыз болып қалды. Тағы да басқа қазақ халқының рухани дамуына көп зиянын келтірді. Сол уақытта Ақмола қаласы тың игерушілердің әкімшілік орталығы болды. Қазіргі қалалық әкімшіліктің ғимараты сол кезде салынған. Хрущевтің ұсынысымен қаланың тарихи атауы өзгертіліп, Целиноград болып аталды. Шындығын айту керек, сол кезде қала құрылысы өркендеп, біраз ғимараттар салынып, жолдар төселе бастады.
Мен 1953-54 жылдары осы қалада оқыдым. Сол жылдардағы қала көрінісі көз алдымда. Ол кезде қалада тас жолдар болған жоқ. Тек қана қазіргі М.Әуезов (бұрынғы Октябрь) көшесінде табиғи тастар төселген болатын. Ең биік ғимарат үш қабатты теміржол басқармасы болатын. Оның жанынан 5-6 вагоны бар ветка деген пойыз вокзалға дейін жүріп, жолаушылар таситын. Одан басқа қоғамдық көліктер болған емес.
1830 жылдан бастап әскери бекініс болған, одан кейін қалаға айналған Ақмола еліміздің астанасы болғанға дейін 168 жыл өткен екен. Ал «Астана» атауын алғаннан бүгінгі күнге дейін 20 жыл толып отыр. Осы кезеңді салыстырып қарасақ, жиырмасыншы ғасырдың аяғында қала халқы 250 мыңдай болса, қазір бір миллионнан асты, яғни аз уақытта төрт есеге өсті. Оның себебі неде? Мақаламның басында айтқанымдай, оның басты себебі, Астана өмір сүруге қолайлы қалаға айналды. Тұрғын үй кешендері өте жоғары қарқынмен салынып жатыр. Медициналық кластер дамып, жастардың білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Көпбейінді мектептер, колледж­дер, университеттер есіктерін айқара ашуда. Еңбек еткісі келгендерге әртүрлі мамандықтар ұсынылуда. Қала жылдан-жылға көркейіп келеді. Жолаушылар көлігінің қызметі жылдан-жылға жақсарып келеді.
Біздің қаланың осылайша қарыштап дамуына алыс шетелден келгендердің өзі таңғалады. Осы аз уақытта Астанамыздың өсіп-өркендеуі ең алдымен ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының, қадағалауының арқасында жүзеге асып отыр. Қала тұрғындары Президентімізге тек ризашылығын білдіріп қоймай, әсем қаламыздың таза болуына, мәдениетті болуына өздері жанашырлық танытса жөн болар еді.
Түптеп айтқанда, елорда салуға көп қаланың ішінен таңдалып алынған Ақмоланы бағы бар қала деп айтуға болады. Ел жүрегіне айналған елордамыз – Астананың абыройы асқақтай берсін. Өзім осы қаланың тұрғыны болғанымды мақтан тұтамын!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
еңбек ардагері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды