«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БАҚ Лига: Журналистер жарысы

0 32

БАҚ Лиганың бесінші маусымы қақаған қыста басталған еді. Төрт ай доп тепкен журналистер чемпионаты өткен жексенбіде мәресіне жетті. Ең бастысы, лига өміршеңдігін дәлелдеді. Журналистер де, ұйымдастырушылар да бұл жарыстың қажет екенін көрсетті.

БЕСІНШІ ЧЕМПИОНАТ – ЧЕМПИОН БІРЕУ-АҚ

Биылғы чемпионаттың «А» лигасында (күштілер тобы) жеті команда сынға түсті. Жанкүйерлер де, ұйымдастырушылар да чемпиондық атаққа «Хабар», «Елорда Ақпарат», «Қазмедиа» және «Егемен Қазақстан» командалары таласады деп болжаған. Солай болды да. Маусымашар ойында «Елорда Ақпарат» осыған дейін төрт рет жеңімпаз атанған «Хабар» ұжымын тізе бүктіргенде, көпшілік «бұл жолы басқа чемпион болатын шығар…» деп топшылай түскен. Алайда «елордалықтар» бұрынғы үш командадан іріктеліп құралған «Қазмедиаға» жол беріп қойды. Есесіне «хабарлықтар» «медианы» мұрттай ұшырды. Осылайша осы үштік чемпионат соңына дейін көш басында бір-бірімен тіресіп келді. Ал үздіктердің қатарынан қалмайтын «Егемен» жігіттері шыны керек, бұл біріншілікті өте сылбыр бастады. Дегенмен, турнир соңына қарай ойындары қайта түлеп, күштілер қатарындағы орындарын сақтап қалды.
Бір айтарлығы, чемпионаттың чемпионы «Хабар» мен «Қазмедиа» арасында өткен соңғы ойында анықталды. «Қазмедиа» үшін бас бәйгені алу үшін бұл ойында тең нәтиже де жеткілікті еді. Ал «Хабарды» тек жеңіс қана алтын жүлдеге жеткізетін. Керемет комбинациялар, жаға жыртысқан жанжал, шыны бар, өтірігі бар жарақаттар, жанкүйердің айқай-шуы… Осындай тартысты кездесуде «қазмедиалықтар» ойын аяқталуға дейін бес минут қалғанда 4:2 есебімен алда тұрған, алайда қиын сәтте жұмыла білетін, қарсыласын қақпанға түсіре білетін «Хабар» жігіттері тағы да жанкештіліктерін дәлелдеп шықты. Өзі қорғаушы, өзі қақпашы, өзі шабуылшы болып іске кіріскен Нұрсұлтан Құрман әріптестерінің рухын көтеріп жіберді. Сөйтіп капитанға қарап бастарына қан шапқан Нұрсұлтан Қабылбеков, Бимухамед Букеев, Әлішер Келгенбай, Сапарғали Қанат секілді жігіттер атой салды. Төреші ысқырғанда таблодағы есеп 7:5 болып, «Хабардың» бесінші рет чемпион болғанын айғақтады. Ал екі тур бұрын қола жүлдеге қол жеткізіп қойған «Елорда Ақпарат» командасы «Егемен Қазақстанмен» өткізген соңғы матчқа бұрынғы ойнамаған жігіттерін қосты. Соның әсері болар, «Егемен» жеңіске жетіп, күштілердің қатарындағы орнын сақтап қалды.

СЕЙДІЛДА БАЙШАҚОВ РИЗА БОЛДЫ

БАҚ Лиганың соңғы турын тамашалап, үздік ойыншылар мен командаларды марапаттауға қатысқан Сейділда Байшақов журналистер чемпионатының деңгейі жоғары екенін, осындай жарыстар арқылы футболдың бұқаралық спортқа айналатынын атап өтті. Сондай-ақ ұзақ жылдар «Қайрат» командасында, КСРО құрамасында ойнаған атақты футболшы БАҚ Лиганы ұйымдастыруға қолдау беріп келе жатқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Астана қалалық футбол федерациясына, басқа да демеушілер мен серіктестерге ризашылығын білдірді.

БЕС ҮЗДІКТІҢ ТӨРТЕУІ – «ЕЛОРДА АҚПАРАТ» КОМАНДАСЫНАН

Әлем чемпионатындағы секілді БАҚ Лиганың үздік ойыншылары да жабық дауыспен анықталды. Команда жетекшілері мен капитандардың дауыс беру нәтижесінде «Үздік қақпашы» сыйлығын «Елорда Ақпараттың» қақпашысы Азамат Нұрматов иеленді, ал Бексаттар Саттар үш сыйлықты бір-ақ алды. «Үздік ойыншы», Үздік шабуылшы» және 28 гол соғып, «Үздік сұрмерген» сыйлығын қоса алды. Тек «Үздік қорғаушы» сыйлығы «Қазмедиа» қорғаушысы Ершат Қожатаевқа бұйырды.


ЖАЗҒЫ ЧЕМПИОНАТ МАУСЫМДА БАСТАЛАДЫ

Сонымен журналистер чемпионатының бірінші маусымы аяқталды. Екінші жазғы ашық алаңда өтетін жарыс маусымда басталады. Күштілердің «А» тобында «Хабар», «Қазмедиа», «Елорда Ақпарат», «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Егемен Қазақстан» командаларымен қатар төменгі «В» лигасынан үздік шыққан «Астана ТВ», «Қазақ радиолары» және «Еларна» командалары сынға түсетін болады. Бәрекелді дейтін тағы бір ақпарат – жазғы чемпионатқа ел газеті «Егемен Қазақстан» демеушілік көрсететінін де жариялап қойды.
Жексенбі сайын жасыл алаңға тартып тұратын осы жарысты ұйымдас­тырушыларға, ең алдымен БАҚ Лига жобасының авторы Әзиз Жұмаділге және оның командасына журналис­тердің алғысы шексіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды