«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балуан Шолақтың бейнесі

0 55

Кейінгі жылдары қазақ киносында халқымыздың алғадай азаматтарының бейнесі жарқырап көріне бастады. Сондай тұлғаның бірі – халық композиторы, әнші, жауырыны жерге тимеген балуан, ат құлағында ойнаған өнерпаз Нұрмағанбет Баймырзаұлы. Жұртшылық оны еркелетіп «Балуан Шолақ» деп атаған. Енді, міне, көрерменге 18 сәуірден бастап алып атамыз туралы түсірілген тарихи кинолента жол тартпақ.


Балуан бабамыздың өмір жолының іздері Арқаның сайын даласымен ұштасып жатыр. Дәлірек айтқанда, ол табиғаты көркем Көкшетау өңірінде туып, кішкене күнінен Біржан сал, Ақан сері секілді ардақтыларымыздың әндерін шырқап, оларды ұстаз тұтады. Он төрт жасынан күреске түсіп, атқа шауып, ат үстіндегі неше түрлі тәсілдерді меңгереді. Бұдан бөлек, ел ішіндегі үлкен жиындарда 51 пұт кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырған.
Осының бәрі – бүгінгі ұрпаққа өнеге әрі үлгі. Тарихи туындыны Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
«Бұл – Балуан Шолақ туралы алғашқы фильм. Сондықтан осы кинода атамыздың бейнесін барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Сценарий көрнекті жазушы Дулат Исабеков ағамыздың Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрында қойылған «Жау­жүрек» пьесасы негізінде жазылды» деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.


Киноның түсірілім жұмыс­тары Алматы облысы мен Павлодар қаласы және Бурабай аймағында жүргізілген. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан.
Фильмдегі бас кейіпкер, яғни Балуан Шолақтың бейнесін белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайы­ров сомдады.
«Дулат ағамыздың «Жау­жүрек» спектаклі Әуезов театрында 2010 жылдан бері қойылып келеді. Содан бастап кейіпкерімді сахнада ойнадым. Сол кезде осы қойылымға кино түсірілсе екен деген ой да болды. Енді сол рөлімді фильмде сомдап отырмын. Материалмен таныс болғандықтан аса қиын болды деп айта алмаймын» дейді актер.
Сондай-ақ тарихи туынды 10 мамырдан бастап Дағыс­танның бес қаласында көрсетілмек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды