«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балуан Шолақ: бір ғасырдан соң

0 161

Қазақтың сал-серілік дәстүрін ұстанып, сан қыр­­лы өнерді бір бойына жинақтаған халық композиторы Балуан Шолақ (Нұрмағанбет) Баймырзаұлы жөнінде осы күндерге дейін аз айтылмай, аз жазылған жоқ. Бұл тарапта, ең алдымен, жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесі еске түседі. Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінде де өнерпаз туралы деректер кездеседі.

Көрнекті ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек: «Балуан Шолақ – қазақтың ән өнеріне олжа салған, сөйтіп, өзіндік болмысымен өшпестей із қалдырып, ұлы өнердің өресін биіктетіп, өрісін ұзартқан дара тұлға» деп жазады. Бұған қоса, Балуан Шолақ есімі бірқатар қаламгердің шығармаларына арқау болды. Мәселен, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің «Жаужүрек» пьесасының желісімен былтыр көркем фильм түсірілімі басталды.
Осыған қарамастан, тарихи тұлғаның өмірі мен шығарма­шылығындағы анық­талмаған жайттармен қатар дау тудыратын деректер әлі де бар. Жуырда осының бәрін бір жүйеге келтіретін еңбек жарық көрді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер зерттеуші, дерек­танушы Серік Оспанның «Балуан Шолақ: өмірі және музы­калық мұрасы» аталатын бұл кітаптың тұсаукесері ҚР Ұлттық академиялық кітап­ханасында өтті.
Алдымен Балуан Шолақтың туған, дүниеден озған жылда­рының өзінде бірізділік жоқ екенін айта кетейік. Мысалы, көп жерде туған жылы ретінде – 1864, дәм-тұзы таусылған жыл – 1919 деп көрсетіліп жүр. «Оның себебі – Балуан Шолақтың қызы Бәтен әкем 1864 жылы туып, 1919 жылы 55 жасында қайтыс болды десе, қолында болған кенже ұлы Құдайберген әкем 1858 жылы туып, 1918 жылы 60 жасында қайтыс болды дейді. Балуан Шолақты зерттеушілер қызы Бәтеннің дерегіне сүйеніп, 1864 жылы Қаратауда туған деп көрсетіп жүр. Патшалық Ресейдің 1916 жылғы жүргізген мал-жан санағындағы деректерге сүйенсек, «Нұрмағанбет Баймұрзин (Балуан Шолақ) – 57 жаста, бауырлары Төлеубай Баймұрзин – 52 жаста, Тәуекел Баймұрзин – 46 жаста, Ғаббас Ыбыраев – 45 жастa» делінген. Архивтік ресми дерекке сүйен­сек, Балуан Шолақ 1859 жылы туған болады. Тұлғаның ұлы Құдайберген «Әкемнің қырқы мен жылын 1919 жылы бердік» дейді. Осы деректерге сүйеніп, Балуан Шолақ 1859 жылы 19 қаңтарда дүниеге келіп, 1918 жылы желтоқсан айында, 60-қа қараған шағында дүние салған деген қорытынды шешімге келдім» дейді кітап авторы Серік Оспан.
Балуан Шолақтың туған жері ретінде көп жерде Қара­тау өлкесі, қазіргі Жамбыл облысының аумағы көрсетіліп жүр. Алайда кейіннен оның Арқада, қазіргі Ақмола облы­сының аумағында дүниеге келгені айқындалды. «Сәбит Мұқанов жазғандай, Балуан Шолақтың аталары Абылай хан тұсында батырлық беде­лімен Сарыарқаға келді деуі шындық. Бұл дерек Шоқан мен Сүйінбайда да бар. Осыны бұл өңірдің тумасы, көкірегі көмбе шежіреші, белгілі қаламгер Жайық Бек­тұров та кезінде нақтылы дәлел­дер келтіре отырып атап өткен. Оның дерегінше, Балуан Шолақ Ақмола облысы, қазіргі Бұланды (бұрынғы Макин) ауданының аумағында туған» дейді зерттеуші.
Сөз реті келген соң, аудан атауы өзгергенімен, орталығының аты Макинск болып қалғанын айта кетейік. Кезінде оны Балуан Шолақ атына ауыстыру мәселесі де көтерілген. Биыл тұлғаның дүниеден озғанына тура бір ғасыр толатын болса, бұл мәселенің шешілетін де уақыты келді. Еңбекшілдер ауданы Біржан сал болып өзгерді, енді Макинск Балуан Шолаққа орын беруі тиіс.
Кітапта өнер зерттеуші 1899 жылы Жетісу өңіріне барған Балуан Шолақ сол жерде жас Кененмен кездесіп, оған ағалық ақ батасын бергені, Кенендей ән бұлағының көзін ашуы туралы қызықты мәліметтер келтіреді. Еңбек авторының сөзінше, Балуан Шолақ небәрі 20 жасында Карон палуанды жеңіп, кір көтеру бәсінде цирктің ең жоғарғы көрсеткіші – 40 пұт салмақты 51 пұт (816 келі) салмаққа жаңартып, әлемдік рекорд жасап, отыз екі жасында әлемдік дәрежедегі балуанның жамбасын жерге тигізген.
Балуан Шолақты ынтық қылған Ғалия Тілеуқызының моласы кейінгі жылдары Аста­­надағы «Қараөткел» мұ­сыл­мандар зиратынан табылды. Белгілі күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай тізгінін ұстаған тұсаукесерде осы туралы да айтылып, халық композиторының ән­дері шырқалды. Ол әндерді кітап авторының өзі, әнші, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Айтбек Нығыз­баев, Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің студенттері салды. Ғалым Серік Негимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Балуан Шолақтың немересі Шайдолла Құдайбергенұлы, Ғалияның сіңлісі Баян Нұрланқызы кітап құндылығы туралы айтып, естеліктерімен бөлісті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды