«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БАЛЕРИНАНЫҢ БІР КҮНІ

0 4

Ол Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруында» Аврора, «Аққу көлінде» кереғар мінезді  Одетта мен Одиллия,  «Щелкунчикте» Мари, Морис Жаррдың Ролан Пети қойылымындағы «Париж Құдай анасының соборында» Эсмеральда, Борис Эйфманның «Роденінде» Камилла, Кеннет Макмилланның «Манонында» Манон және өзге де рөлдерді сомдады. А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде оқып, балерина болуға талпынған Әйгерім Бекетаева бүгінде «Астана Опера» театрының жетекші солистерінің бірі.

«Астана Опера» театрының жетекші солистерінің бірі - Әйгерім БЕКЕТАЕВА

БАЛЕТКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Осыдан 17 жыл бұрын анам мені жетектеп апарып, училищеге түсіріп қайтты. Интернатқа тапсырғаннан кейін, Талдықорғанға жол жүріп кетті. Отбасында жалғыз баламын. Анамнан алыстаған соң басында қорқыныш сезімі болды, кейде жылап алатынмын. 9 жасар бала қайда келгенін толықтай түсіне бермейді ғой. Уақыт өте келе ысылдым: бойымда рух пайда болды, тәртіп қалыптасты. Оқу барысында бірнәрсе қолымнан келмей, қиналғаным есімде жоқ. Кішкентай қызды арықтауға да ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ел-жұрт анама «баланы бөтен қалаға жалғыз қалай жібердің?» деп сұрайтын. Барлығы өмірдің ағысымен, өз байыбымен болды.

Кішкентайымда әжем шашымды артқа буып беріп, түрлі би үйірмелеріне  апарып, қатыстыратын. Отбасылық кештерде туған-туыс билегенімді әрдайым қызықтап отыратын. Анамның құрбысының күйеуі – балет әртісі болған, сол кісі Алматыдағы училищеге байқап көруге кеңес берді. Бірақ арнайы түсу, дайындалу деген ой болған жоқ. Оқуға түскендердің ішінде менің атым аталғанда анам «Менің қызым оқуға қабылданды!» деп қатты қуанғаны есімде. Балетке жолдама сыйлаған анама мәңгі қарыздармын.

Училище және театр – екі бөлек әлем. Оқушы кезде ұстаздар көңіл бөліп, бағып-қағып отырса, театрда барлық жауапкершілік өз мойныңа жүктеледі. Училищенің соңғы жылында бір қойылымды билеп шықтым. Сол кезде балеттің құдіретін сезінгендей болдым. Көрермен алдына иіліп, алғыс білдіруге шыққанның өзі маған қатты ұнады. Балет мені баурап алды. Қысқа миниатюраны билеу мен театрдағы тұтас қойылымда ойнап шығудың айырмашылығы жер мен көктей дейтінім осыдан. Автордың жүрегінен шыққан кейіпкердің кейпіне енуіңе тиіссің. Көрерменнің назарын жаулап, сеніміне кіру керексің. Ол үшін кітап оқып, музыка тыңдап, табанды жұмыс жүруі керек.

«МІНСІЗ БОЛУ МҮМКІН ЕМЕС…»

Әр балеттің өзіне тән табиғаты болады. Кейіпкерді қаншалықты сезініп, ұғына алатыным мен үшін қызықты. Билеген рөлдердің арқасында әр кейіпкердің бойынан өзімді табамын десем артық емес. Өзге адамның өмірін сүргендей боламын. Кейде «Ох, менің мұндай өнерім бар екен ғой!» деймін іштей. Бірақ театрдағы образды ешқашан шынайы өмірде ойнаған емеспін. Тек 2-3 күндей сол образдан шыға алмай, ойша ойнап, анализ жасайтыным бар. «Маған өз-өзіңді жейсің» деп көп ұрсатындары сондықтан. Мінсіз болу мүмкін еместігін мойындаймын. Дегенмен, рөлді ой сүзгісінен өткізбей, бір орында қалып қоюым мүмкін. Егер кейіпкер маған таныс болса, оған жаңаша бір леп қосқым келіп-ақ тұрады. Балеттің ерекшелігі де осында: әрдайым жаңа, әрдайым өзгеше. Бізде барлық қойылымдар таспаланады. Өзіңді видеодан көру қиын болғанымен, қатемен жұмыс міндетті түрде істелуі тиіс. Себебі қателіктерді ауызша айтқан кезде, қабылдамауың мүмкін.

«Сүйікті ісіңді таңдасаң, өмір бойы жұмыс істемейсің» деп Конфуций айтпақшы, бұл салада жүріп, бірде-бір күн жұмыс істеген емеспін. Табиғатыма жат нәрсені жасап, өз-өзімді қинамаймын. Сондықтан «шаршадым, демалу керек» деген ой болмайды. Осының барлығы ұстазымның арқасы, Алтынай Асылмұратова сынды маманның шәкірті болу – мен үшін бақыт. Балет өнерінің биік шыңына шыққан ұстазымыз тәжірибесімен бөлісуден еш жалыққан емес. Әртістер бұл рухани байлықты бойына сіңіре білсе болғаны. Жылына шамамен 20 шақты күндей демалыс беріледі. Үйге Талдықорғанға барып, анаммен, әжеммен қауышып, бір мауқымды басып аламын. Тамаққа ешқашан шектеу қойған емеспін. Маған деп пісірген ыстық, тәтті тағамдардың барлығын жеп қоямын.

Егер қойылымды тамашалап отырған көрермен әртістің биін жеңіл қабылдаса, балеринаның мақсаты орындалғаны. Сахнаға 3 минутқа болсын шығу үшін күн сайын 10 сағаттай дайындық жасаймыз. Өз басым, ұйқыны жақсы көремін. Таңертең ұйқыдан оянып, жата тұрғанды ұнатамын. Театрға келген соң сағат 10-11 аралығында хореографиялық станокта тұрып, бойды қыздыру – біз үшін күнделікті тіс тазалау сияқты әдеттегі нәрсе. Біз, әртістер, сағат 11:00-14:00, 15:00-17:00, 18:00-21:00 аралығында үш уақыт жаттығамыз. Әр дайындықтың арасында бір сағат – үзіліс. Үзілісте осы жерде тынығып, мызғып алатыным бар. Жаңа балеттің сюжеттік желісі, шығу тарихы, кейіпкердің мінезі, музыкалық бөлімі – бәрі дайындық барысында түсіндіріліп, талданады. Театрымыздың репертуарында «Париж Құдай анасының соборы» балеті бар. Музыкалық ырғағы күрделі. Шатаспау үшін әр ырғағын ажыратып үйренеміз. Осылайша, балетпен танысу үшін 2 айдай уақыт кетсе, премьераға дейін сол қалыптан айнымай 1-2 апта дайындыққа арнаймыз.

Балет әртістері көптеген мамандардың жұмысына тәуелді. Жарық, музыка, декорация, костюм – барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Режиссердің нұсқауымен белгілі бір уақытта сахна көрінісі өзгеріп, сол сәтте музыканттар ойнауды тоқтату керек. Ал балериналар бір көріністен кейін киім ауыстыруға жүгіреді. Мәселен, «Роден» балетінде костюмдердің түр-түрі болды. Оның барлығын санаулы ғана секундтардың ішінде ауыстырып, сахнаға шығу керек. Костюмді кимес бұрын әр тігісін тексеріп аламын. Себебі бір аптаның ішінде қатты арықтап кетуім, болмаса салмақ қосуым мүмкін. Біздің театрда әртістерге барлық жағдай жасалған. Басшылық әлемдік жауһарларды театр төрінде сахналандырып жатыр. Балериналар үшін ең маңыздысы – еден. Өзіміздің тамаша театрымыз барда шетелді аңсаудың өзі орынсыз.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ҒҰМЫРЫ ҚЫСҚА

Балетке құштар қыздармен айналысу, оларды бабына келтіру – ұстаздың жауапкершілігі дер ем. Балет мектебін бітіре сала театр табалдырығын енді аттаған балеринаның жасаған қимылдары шорқақтау болуы мүмкін. Ал әртісті жақұттай жарқырату нағыз маманның ғана қолынан келеді. Кішкентай қыздар ұстаздарға құлақ асып, адал қызмет етіп, өз мамандығын сүйсе деймін. Себебі бұл жүрдім-бардым қарайтын іс емес. Балерина болудың ғұмыры қысқа. Әрі кеткенде 35-36 жасқа дейін билеп жүруге болады. Ал одан кейін денеге түскен ауыртпашылықтың барлығы біліне бастайды. Жастайыңнан күрделі элементті дайындықсыз-ақ орындай салсаң, кейін өз-өзіңді күту қажеттілігі арта береді. Балет әртістері елмен қатарлас зейнет жасына қартайған шағында шығатынын айта кету жөн. Елбасының көрегенділігі болар, екі жыл бұрын елордада балетке арналған академия ашылды. Бұл – жинақталған тәжірибемен бөлісуге таптырмас мүмкіндік.

Біздің театрда көреалмаушылық деген жоқ. Қайта ұжымдық жұмыс болғаннан соң бір-бірімізді қолдауға тырысамыз. Алғаш театрға келгенде, жетекші солист Мәдина Басбаева маған әпкелік мейірім танытты. Аяқтан шалу деген мүлдем болмады. Мен де сол сияқты қазір артымнан еріп келе жатқан қыздарға ақыл-кеңесімді айтуға тырысамын. Кейбір қимыл-қозғалыстар олардың қолынан жақсырақ шығуы мүмкін.

Кейде қоғам әйел мен ер адамның немен айналысып, қандай мамандық иесі атануына шектеу қойып тастайды. «Балет – ерлердің айналысатын ісі емес» деп қатаң сын айтып жатады жұрт. Керісінше, нағыз жігіт деп соларды айтар едім. Талмай еңбек етіп, күнделікті дене шынықтырумен айналысатын біздің жігіттер кейде өзінің салмағымен тең қыздарды көтеріп жатады. Балет өнеріне күш-қайраты толысқан, мықты жігіттер келеді.

Алда не күтіп тұрғанын бір Алла біледі. Жігіттерге бәлендей талап қоймаймын. Ең бастысы, менің сүйікті ісіммен араласуға шектеу қоймай, қайта қорғап-қолпаштап отырса деп тілеймін. Бірақ отағасы – отбасының тірегі, әйелдің билеп төстегені дұрыс емес. «Отыр десе, отыру керек» (дейді күлімсірепред.). «Астана Операдағы» тұсаукесерлерді қалдырмай көріп жүргендердің қатарында гастрольдік сапарға да бірге еріп жүретін жанкүйерлер бар болып шықты. Оман, Италия, Мажарстанға да бізбен бірге еріп жүрген адамды көрдім. Биыл жанкүйерлер төртінші «Щелкунчиктің» мүсінін сыйға тартты. Көбінесе балетпен байланысты қарапайым сыйлықтарды қабылдаймын. Жолығып, хаттарын табыстап, алғыстарын айтып жатады. Көшеде жасөспірімдер келіп, танып, өздерінің ыстық ықыласын білдіріп жатады. Танымайтын адамдар да бір көргеннен балерина екенімді аңғарады. Мен үшін ең басты баға – көрерменнің жылы ықыласы. Гастрольдік сапарлармен шетелге жиі шығамыз. «Париж Құдай анасының соборы» балетімен ұжыммен Санкт-Петербургтегі Мариинский театрына аттандық. Ол жақта көрермен өте талғампаз. Ал Омандағы көрермен, тіпті, балет әртістеріне жоғары талап қоятын көрінеді. Қойылым ұнамаса, мүлдем қол шапалақтамайды. Орнынан тұрып, кетіп қалуы да ғажап емес. Абырой болғанда, біздің ұжым көрермен көңілінен шықты. Үш күн бойы қойылым аншлагпен өтті. Қазір Алматыдағы гастрольге дайындық үстіндеміз.

Сұхбатты жазып алған

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

бес × бес =