«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«balapan» жаңа маусымын бастады

0 61

Елімізде балаларға арналған жалғыз арна «Balapan» телеарнасы жаңа маусымда кішкентай көрермендерге арнап 9 жоба ұсынбақ. «Қазмедиа орталығында» өткен таныстыру рәсіміне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер балалармен бірге қатысты.

Салтанатты шараның бас­ты ерекшелігі – жаңа жобаларды «168 сағат» ақпарат хабарының аясында жас жүргізушілер өздері таныстырды. Көктемгі маусымда телеарна контенті ғылыми-танымдық, ақпараттық, отбасылық бағ­дарламалармен және тікелей эфирдегі ток-шоу секілді ішкі өнімдермен жаңарған. Атап айтқанда, «Balapan» та­рихында тұңғыш рет ата-­аналарға арналған тікелей эфирдегі «Bala time» бағдарламасының тұсауы кесілді. Жиналған көпшілік куә болған хабардың алғашқы түсіріліміне қоғам қайраткері  Оразкүл Асанғазы қонақ ретінде қатысып, балаға қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Ерекше атап өтерлігі, бұл мау­сымда «Balapan» арнасы ғылым саласына ден қойып отыр. Мәселен, IT технологиялардың қыр-сыры мен ғылыми тәжірибелер «Жас ғалым» атты жаңа танымдық бағдарламада көрініс табады. Ал әкесі мен ұлының арасындағы қызықты ойынға құрылған «Бала боп», танымал блогер аналар мен балалары қатысатын «Үйдеміз – үйренеміз» жобалары көрермендерге уақытты тиімді әрі пайдалы өткізудің үлгісін көрсетеді. Сонымен қатар, өнер-білім, спорт салаларындағы үздік балалардың жеңіске жету жолын бақылайтын «Күнделік» бағдарламасы көрер­менге жол тартады.


«Меймандарға таныстырылған кезекті бір жоба «Қаламгер кітапханасы» деп аталады. Бұл хабар танымал ақын-жазушылардың кітап­ханалары мен үздік туындыларының жазылу тари­хын таныстырады. Жаңа маусымдағы ерекше бағдарламалардың бірі – «Мүмкіндік». Бұл жобада балалар бір күнін түрлі кәсіп иелерімен, олардың жұмыс барысымен танысуға арнайды.
Тағы бір айта кетерлігі, көктемгі маусымда арнаның кішкентай жиһанкез көрермендері «Саяхатшы balapan» жобасына өзде­рінің шет елге саяхаты жай­лы шағын бейнеүзіктер әзір­леп, жолдай алады. Осылайша, балалар да арнаның контентін жасауға тікелей атсалысады» дейді «Балапан» арнасының басшысы Мақпал Жұмабай.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды