«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Баланың құлауына кім кінәлі?

0 13

Кешкілік уақытта теледидардан жаңалықтарды тыңдап отырып: «Бүгін үш жасар сәби 4-қабаттан құлап, көз жұмды», «Кеше 2-қабаттан құлаған бала ауыр жарақатымен аурухана түсті» деген жағымсыз ақпараттарды жиі еститін болдық. Тіпті қайбір жылы елорданың өзінде 17 баланың терезеден құлау оқиғасы тіркелген. Сонда дейміз-ау, бұған кімді кінәлаймыз? Салғырттық танытқан ата-анасын ба, көпқабатты үйлерді салған құрылысшыларды ма, әлде бала өліміне жол берген үлкендерді жазалауға қауқарсыз заңымызда ма? Қиын сауал.

Жаныңды ауыртатыны, ел аман, жұрт тынышта жазықсыз қаншама бала қыршынынан қиылып, я болмаса мүгедек болып қалуда. Не істеу керек? Қол қусырып қарап отырғаннан мерт болып жатқан балақайлардың саны азая ма? Кеше осынау түйткілді мәселені Мәжіліс депутаттары да батыл көтерді. Халық қалаулылары бала өлімін азайту үшін осы кезге дейін жіберілген кемшіліктерді болдырмаудың жолын нұсқады. Қош делік.
Қатты алаңдатарлығы, балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, қайғылы жағдайға ұрыну оқиғалары жылдан-жылға көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша соңғы 5 жылда осыған қатыс­ты сұрықсыз статистиканы оқысаң, жағаңды ұстайсың. Мынаны оқып көріңізші: 2014 жылы 24 бала терезеден құлап, көз жұмса, 10 бала жарақат алған. 2015 жылы 25 бала опат болса, 7 бала жарақат алыпты. 2016 жылы қайтыс болған балалардың саны – 21, жарақаттанғаны – 2. 2017 жылы 31 бала бұ дүниемен қош айтысып, 245 бала жарақат алған. 2018 жылы 37 бала қайтыс болып, 141 бала зардап шегіпті. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында ғана 6 бала осындай қайғылы жағдайдың салдарынан ауыр жарақат алған.
Ең алдымен ата-аналардың салғырт­тығы, жауапсыздығы бала өліміне әкеліп соқтыруда. Үйінде жас баласы бар тұрғындар терезенің ашылатын бөлігіне арнайы құрылғы орнатпайды. Оның орнына шыбын-шіркейден қорғайтын тор қояды, көбінесе сол тор бала өліміне себепші болып жатады. Масадан өзін қорғаған жандар баласын өлімнен неге қорғамайды? Екіншіден, көпқабатты үйлердің 2-нші және одан жоғары қабатындағы пәтер тұрғындарына баланың құлауына тосқауыл болатын құрылғылар орнатуды міндеттеу керек. Үшіншіден, москиттік торлардың баланың құлауына жол бермейтін түрін жасап шығаруға болады. Бұл – депутаттардың ұсыныстары. Тағы бір мәселе, көп ата-аналар баласын қараусыз қалдырып, өміріне қауіп төндіргені үшін Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша қатаң жазаға тартылатынын да ескере бермейді. Мәселен, осы баптың 3-тармағында сәбилігіне қарай көмексіз қалған адамның өліміне әкеліп соққан іс-әрекеті үшін 3 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылатыны тайға таңба басқандай етіп жазылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды