«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

БАЛАНЫ ҰРЫП ЖӨНГЕ САЛМА…

Елордадағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орналасқан ғимараттың қасынан жиі өтемін. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерден бөлек, көпбалалы аналардың да шаруаларымен жиі келетіні белгілі. Көпшіліктің арасынан жас әйелдердің баласына зекіп, не болмаса сырт көздерден тайсалмай шапалақпен тартып жіберіп, одан қалды қуалап жүріп баласының арқасынан соғып қалатынын жиі көріп қаламын. Жүректі жаралайтын жағымсыз көрініс жиілеп кеткен соң, осы тақырыпты зерттейін деп қолға қалам алып едім.

0 84

Бұл не? Көпшіліктің көзінше баласын ұрып-соғу әдет пе? Анасының психикалық ауытқушылығының көрінісі ме? Осы сұрақты Нұр-Сұлтан қаласы психикалық денсаулық медицина орталығының медициналық бөлім бойынша ауруханадан тыс көмек жөніндегі директор орынбасары, бірінші санатты психиатр-дәрігер Анар Тастембековаға қойдық. «Өз баласын ұрып-соғатын ананы бірден нау­қастың қатарына қосуға болмайды. Адамның жаратылысында біреулер ашуланшақ, енді бірі қызба, сабырсыз келеді. Оған дүниетанымы мен төмен мәдениетін қосыңыз. Олардың бәріне психиатрға көрінсін деуге тағы болмайды. Алдымен мұндай жағдайға жеткізген қоғамдағы келеңсіздіктерді анықтау керек. Әйел-ана-бала тізбегінің әлеуметтік астарына мән беріп қарағанда ғана бұл мәселе шешілуі тиіс. Ал жас аналардың арасында нәрестелі болғаннан кейін пайда болатын күйзелісті жоққа шығаруға болмайды. Ондай жағдайда дәрігер көмегі керек».
Көпбалалы үйдің жайын білеміз. Тіл алмаған тентегін анасы қуалап жатса, жүгермегі атасы мен әжесінің мейірімін паналап, алғашқысының ашуы басылғанын күтетін. Атасының арқасына тығылған баланы жазалау есті келіннің ойына келмейтін. Алайда қалада бала өсірудің өзгешелігі бар. Ата-­әжесі бала тәрбиесіне араласпайды. Арқа сүйері алыста болса, қорғансыз сәби қиюы қашқан тірліктен шаршаған есер шешесінің құшағында. Қаласа «табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп тілейтін де, «жонынан таспа тілсем де өз балам, қолымнан алар ма екенсіңдер?» дейтін де сол шешесі.
Егер педиатрды тыңдасақ, мұндай соққының ауыр салдары бар дейді. Адам миының 80 пайызы сұйықтықтан тұрады. Оны елестету үшін шарға су құйып, қолыңызбен шертіп көріңіз. Шардағы сұйықтық лықсып, келесі жағына қарай ауытқиды. Көкжелкеден түю – тіпті күресте де тыйым салынған тәсіл. Өйт­кені желкеден алған соққыдан өліп кетуі де мүмкін. Ал балалардың бас сүйегі жұмсақ, әлі қатпаған. Қол қатты тисе, жүйке талшықтары үзіліп, қан құйылуы мүмкін. Бұл тәнге салған жарасы, ал психо-эмоционалды жанға салған жарасын айтуға дәтім бармайды. Баланың бәрі өмірді қаз-қалпында қабылдайды. Анасының тіпті жақсы болсын деп жекігенінің өзі ауыр із қалдырып, «мені жақсы көрмейді» деп налитын болады. Айналасына жауығып қарайтын мейірімсіздер де осындайлардан шығады.
Айта кетелік, әлемнің 52 елінде отбасында балаларды жазалауға тыйым салынған. 1979 жылы алғаш рет Швецияда басталған қозғалыс балаға қол көтермек түгіл, тілдеуге де жол жоқ. ЮНИСЕФ мәліметтеріне қарасақ, 2 жастан 4 жасқа дейінгі төрт баланың үшеуі әке-шешесінен таяқ жейді екен.
«Өкінішке қарай, көптеген ересектер зорлық-зомбылықты тәртіпке салумен шатастырады. Балалармен қатал қарым-қатынас олар керісінше өздерін барынша қауіпсіз сезінуі тиіс жерде, яғни өз отбасында кездеседі» деп түсіндірді ЮНИСЕФ-тің балалар құқықтарын қорғау жөніндегі бағдарламалардың үйлестірушісі Айсұлу Бекмұса. ЮНИСЕФ 2010 жылдан 2016 жылға дейін адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге жүргізген зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда ересектердің шамамен 75 пайызы отбасыдағы балалардың жүріс-тұрысын бақылау үшін қол көтеруді қолдайтыны, ал ата-аналардың 67 пайызы балаларды тәрбиелеуде зорлық-зомбылық түрлерін қолданатындығы анықталды.
Елордадағы балалар құқығын қорғау орталығының «111» жедел қызметіне де байланысып көрдік. Санамызға ене қоймаған нәрсенің бірі – кісінің сыртынан қылығын айтып, телефон шалу ғой. Бірақ қауқарсыз баланың жақынынан көрген қиянатын көрсеңіз, хабарласып, жағдайды айтуға әбден болады. Десе де «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген ұғым тағы алдымыздан шығатыны рас. Осыдан келіп баланы таяқпен тәрбиелеп, желкесінен нұқып жібергенді қиянат көрмейміз. Тілі ащылары баласының жер-жебіріне жетіп, жігерін құм қылса да араласпаймыз. Содан болар, қазақтың баласы жасынан таяқ жеп, жасық болып өседі. Көбін бұйығы, жасқаншақ, ынжық, табансыз деп кінәлаймыз. Расында, тумай жатып төпелесек, жанарының отын сөндірсек, бала қайдан қайсар, өжет, батыл болсын?!

Жанерке ӘУБӘКІРОВА, астаналық «Spectrum» мектебінің қызметкері:

– Балаға қатысты Англияның заңдарын жақсы зерттедім. Біздер, қазақтарда «бала менікі, не істесем де өзім білемін, өзім тәрбиелеймін» деген ұстаным бар. Ұлыбританияда бала ата-ананың ғана емес, алдымен мемлекеттің азаматы деген қағида санаға сіңген. Сол тұрғыда заң қатал талаптар қояды. Мысалы, баланы үйде қараусыз қалдыруға мүлдем болмайды. Бес минутқа дүкенге шығып кеткеніңде баланың жалғыз қалғанын көрші біліп қойса не бала жылап қалса, полицияға жетіп, үлкен дауға айналады. Баланы үйде жалғыз қалдырғаны үшін ата-ана құқығынан айыратын оқиғалар көп. Заңның аямайтынын білген соң ата-аналар да мемлекет талап еткен дәрежеде балаға лайықты көңіл бөлуге тырысады. Мектеп жасында да жауапкершілік талабы жоғары. Бізде той-томалақ, тағы басқа жағдай болса мұғалімнен сұрап алып кете береміз. Шетелде рұқсатты мектеп беру керек. Егер ұстаздары «осы тақырыпты білмей қалады-ау және оны білмегеннен бала өскенде қиналады» деп есептесе, ата-анасына баланы алып кетуге рұқсат бермейді. Бала құқығын қорғау осы жерде жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды