«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Баламен отырып-ақ бизнеске ұмтылған

0 183

Қоғамда мемлекет тарапынан берілетін ешқандай жәрдемақы мен әлеуметтік көмекті күтпей-ақ, өз отбасын алға сүйреп келе жатқан аналар көп. Солардың бірі – елордалық келіншек Нұрсұлу Есеева. Кезінде жолдасымен бірге кішкентай жатақханада бөлме жалдап тұрған ол «Астана ақшамына» берген сұхбатында кәсіпкер келіншекке қалай айналғанын айтады.

 

Тиыннан теңге құраған күндер

Біз отбасында алты баламыз. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тудым. Әкеміз Шамшудин Палманұлы ертерек қайтыс болып, алты баланы өсіріп-жетілдірудің ауыртпалығын жалғыз анам Айсара Халбаева көтерді. Біз бала күннен еңбекқор болып өстік. Шиеттей бала-шағаны асырау үшін анамыз нан жауып, сатумен айналысты. Әлі есімде, кішкентай қыз болсам да қолым майысып анаммен бірге нан илесіп, оны базарға апарып сататынбыз. «Әр кез талаптаныңдар, талаптыға нұр жауады» деп құлағымызға үнемі құйып отырды. «Жүрген іздеріңнен тәрбиенің ізін көретін болайын» дейтін. Осылайша тиыннан теңге құрауды анамыздан үйрендік. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі Ерлан мен Нұржан ағаларым бүгінде аудандағы белгілі кәсіпкер азаматтарға айналды. Елу шақты адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, наубайхана, асхана желілерін дамытып, көтерме бағамен тауар сататын қойма жұмыстарын жүргізіп келеді.

Қалай «Ең бай студент» атандым?

Мектеп бітірген жылы білім қуып Астанаға келдім. 2003-2008 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқыдым. Бірақ білім алған бес жыл уақыт ішінде бос отырмадым. Анамнан дарыған аспаздық өнерім болған соң, 1-курстан бастап сабақтан тыс уақытымда студенттер жатақханасында аспаздың көмекшісі болып жұмыс істедім. Асүйде істегеннің пайдасы – үнемі қарның тоқ болады. Ал кешкісін қосымша Мәдениет министрлігінде тазалау­шы болдым. Сол кездің өзінде екі жұмысымнан 50 мыңдай жалақы алып, жатақханадағы «Ең бай студент» атандым. Әрине, ешқашан сабақтан қалған емеспін. Жұмыс пен оқуды қатар алып жүрдім. Үздік оқыдым. Нәтижесінде 2008 жылы диплом алған бойда оқытушы, профессор ағайымыз Жақсыкелді Қасымұлының ұсынысымен Жер қатынастары және жерге орналас­тыру кафедрасында мұғалім болып қызметке қалдым.
Қазір студент болып, ай сайын ата-анасынан ақша сұрайтын таныстарымды естісем, таңғаламын. Дәл қазір жастарға қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Ебін тапқан адам бір емес, бірнеше жұмысты да, оқуды да қатар алып жүреді. Ол үшін адамда тек алға ұмтылушылық, ынта болса жеткілікті.

Кәсібің – нәсібің

Жолдасым – мемлекеттік қыз­меткер. Айбекке тұрмысқа шық­қаннан кейін, 2009 жылы дүниеге тұңғышым Ақбота келді. Араға жыл салып екінші қызым Айзерені босандым. Тынымсыз еңбек етіп қалған басым баламен үйде отыруға мәжбүр болдым. Одан кейін Бекарыс, артынша Аружан дүниеге келді. Менің ойымша, бала тәрбиесі – үлкен ғылым. Олардың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Сол үшін отағасының айтқанын істеп, біржола бала тәрбиесіне мән бердік. Әрине, тек балаға алатын жәрдемақыға қарап қалмау керек екенін түсіндім. Өйткені көпбалалы анаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы түкке жетпейді. Сөйтіп үйде отырып түрлі тәтті пісірудің курстарына жазылдым. Қолыма алған сертификат бұл іске одан әрі бел шеше кірісуге түрткі болды. Шүкір, қазір түрлі торттарға тапсырыс қабылдаймын. «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы тапқан тұтынушыларым көп. Тіпті мереке күндері 10-15 тортқа дейін тапсырыс аламын. Келісі – 3500 теңгеден. Бұйыртса, көктемге қарай Талапкер ауылынан кондитерлік цех ашу жоспарымда бар. Қазір шағын кәсіпкерлерге берілетін қолдауларды пайдаланғым келеді, сол үшін құжат мәселесімен жүгіріп жүрмін.

Көйлек – әйел ажары

Тағы бір айналысып жүрген шаруам – жалға әдемі көйлектер беремін. Идея қалай туды дейсіз ғой? Алғашқыда екі қызыма әдемі көйлек іздеп, түрлі фабрикалардың сайтын ақтардым. Тапсырыспен алған екі көйлегім де сапалы шықты. Кейіннен неге кәсіпке айналдырмасқа деген ой келе қалды. Бастапқыда Түркиядан, Украина­дан, Белоруссиядан он шақты көйлек алдырдым, ал қазір жас шамасына қарай кеңейтіп жатқан жайым бар. Мерекелік, кешкілік көйлектерді қаламыздың кішкентай ханшайымдарына қолжетімді бағамен (7 мың теңге) жалға беріп қана қоймай, көпбалалы отбасының балаларына қайырымдылық мақсатында арнайы концерттерге қатысатын болса, тегін беріп жүрмін. Мендегі ерекше көйлектерге Астана ғана емес, Көкшетау қаласынан да хабарласатындар бар. Енді осы көйлектерді ақылы студиялармен келісіп, фотосессия ұйымдастыру жұмыстарын пысықтап жатырмын. Осылайша қосымша қаржы тауып, жолдасыма көмектесіп жатқаныма шүкір деймін. Әр кәсіптің берекесі болады екен. Бүгінде алты жыл пәтер жалдап жүрген күндер артта қалды. Өз қолымызбен үй салдық. Ең бастысы, бала тәрбиесіне де уақыт бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды