-->

БАЛАЛАРЫН АЯЛАҒАН БАС ҚАЛА

img_0088-asli

Астана қаласы әкімдігі жүзеге асыруды бастаған «20 нақты бастама» бағдарламасы аясында білім беру саласына айрықша мән беріліп отыр. 

Бағдарламаның 4-қадамында балабақшаларға кезекті жою мақсаты қойылып, елордада 100 жаңа жекеменшік және мемлекеттік балабақша салу, оларды көп қабатты тұрғын үйлердің бірінші қабат­та­рында орналастыруға жағдай жасау, қаржымен қамтамасыз ету арқылы мектепке дейінгі білім берумен 90 пайызды қамту көзделген. Ал мектептердегі орын жетіспеушілігін жою және білім беру сапасын жо­ғарылату мақсатын көздеген 5-қа­дамда  жобалау  мен  құрылыс бойын­ша бірыңғай нұсқаулықты пайдалана отырып, мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктері аясында жеке­меншік қаржы тарту, қазіргі заманғы технологиялық шешімдер негізінде 10 жаңа буын мектебін салу жоспарланып отыр.

3-asli

Биыл жеті мектептің құрылысы басталады

Астана қаласы қарқынды құрылыстың қатарына жатады. Жыл санап сәулеті мен дәулеті өркендеген бас қаламыздың халқы да миллионнан асып барады. Демек, Астанамызда балалар да көбейіп барады деген сөз. Ал өскелең ұрпақ үшін ең қажеті – балабақшалар мен мектептер. Осы орайда елордамыздағы білім беру саласының дамуы жөнінде Астана қаласы. Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев әңгімелеп берді.

– Қасымхан Сенғазыұлы, қала маңындағы тұрғын алап­тарында балабақша мен мектеп жетіспейді. Осыған орай, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев «20 нақты бастама» жобасын қолға алды. Оған сәйкес, 100 жаңа же­ке­меншік және мемлекеттік ба­ла­бақша салу жоспарланған. Бұл бас­тама қандай жолмен жүзеге асырылады?

– Соңғы жылдары мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаланып салынған, пайдалануға берілген нысандар көбейді. Аймақтарға мектепке дейінгі ұйымдарды қолжетімді ету үшін 129 секторға орналастыру жоспарлануда. 2018 жылдың соңына дейін 32 356 орынға арналған 170 әртүрлі типтегі мектепке дейінгі ұйымдарды ашып, балаларды мектепке дейінгі білім берумен 90 пайызға қамтимыз.

– Мектептердегі орын же­тіспеушілікті жою мен білім беру сапасын арттыру қандай деңгейде?
– Мектептердің құрылысы бойынша 2017-2020 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарына сәйкес, №16, 17, 22, 32, 37 мектептеріне 2600 орынға шақталған бес қосымша жанама ғимарат, сондай-ақ 375 орынға арналған коррекциялық мектеп салынады. Биыл 7800 орынға арналған жеті мектептің құрылысы басталады, олар келесі жылы қолданысқа берілмек.
Білім сапасын жақсарту үшін 4-11-сынып оқушылары арнайы тестілеуден өтеді. Тестілеуде белгілі бір пәннен қате жіберген оқушы мұғаліммен бірге қате­мен жұмыс жасайды. Бұл жалпы сыныптағы оқу үлгерімін қа­дағалауға ыңғайлы.
Қазіргі таңда қаладағы 42 мектептің оқыту жүйесінде биоинформатика және синергетика технологиясы қолданылады. Соның нәтижесінде 2015-2016 оқу жылында білім сапасы 2,6 бірлікке жоғарылады.

izobrazhenie-035

– Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктері аясында жекеменшік қаржы тарту қандай сатыда?
– Қала әкімінің тапсырмасымен былтыр маусым айынан бастап кәсіпкерлерді тартумен 3949 балаға 44 жекеменшік балабақша ашылды. Даярлық бағдарламасымен оқытатын орталықтарға 23 мемлекеттік балабақшадан орын-жайлар анықталды. 680 орынға ар­нал­ған үш балабақша пай­да­ла­нуға берілді. Оның ішінде мем­ле­кеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында бір бала­бақша салынған.
Ал биыл Иманов пен Ра­­ди­­щев, Сарайшық пен Жұмабаев көшелері қиылысында орна­лас­­қан екі мемлекеттік балабақ­шаны, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында 720 орынға ар­налған үш балабақшаны іске қосу жоспарланды. Сонымен қатар, 1440 балаға арналған алты бала­бақшаның құрылысы басталады.

– Инклюзивті білім беру бағдарламасының нәтиже­лерімен бөліссеңіз.
– Инклюзивті білім беру – «ерекше» балалардың қа­тар­­дан қалмай, білім алуына көмек­тесетін бірден-бір бағдарлама. Бұл тақырып әрдайым қала басшысының жіті назарында. Балалардың инклюзивті білім алуы екі әдіспен жүзеге асырылады. Біріншісі – инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын мектеп сыныптарында дені сау балалармен қатар ерекше жағдайдағы балаларды бірге оқыту. Сол себепті бүгінде №23, 40, 71, 79, 83 мектептерде аутист балаларға арналған кабинеттер бар. Ал №28, 63, 65 мектептерінде тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар балаларға арналған кабинет жасақталған. Екіншісі – оқушылардың даму мүмкін­діктерінің бұзылу түрлері бойынша арнайы сыныптардың болуы. Мәселен, қаламыздағы №65 мектеп-гимназиясында есту қабілеті нашар, №10 мек­теп-гимназиясында көру қабілеті бұзылған, №18, 26, 75 мектеп­терінде ауыр тіл кемістігі бар, №12, 13, 14, 16, 19, 20, 21, 23, 34, 36, 40, 41, 55, 57, 61, 68 мектептерінде психикалық дамуы тежелген (ПДТ) бала­ларға арналған сыныптар қа­растырылған.

– Астана қаласының мек­тептерінде оқушылардың оқыс жағдайда қайтыс болуы кездесті. Мектеп қабыр­ғасында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кімдер?
– Білім беру мекемелерін жеке күзет фирмалары мен сақ­шылар күзетеді. Қаладағы білім ордаларының көбінде бей­небақылау камералары, турникеттер және дабыл беру қондырғылары орнатылған.
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі №191 қаулысына сәйкес, білім беру саласындағы барлық нысандар террористік тұрғыдан осал объектілердің тер­роризмге қарсы қорғалу жүйе­сіне қо­йылатын талаптарға жатады.
Астана қаласы бойынша 186 білім беру мекемесінде бейне­бақылау орнатылса, 13 мекемеде бейнебақылау орнатылмаған. 91 балабақ­шаның ішінен 84-і күндіз маман­дандырылған күзет бас­қармасымен, түнгі уақытта күзетшілермен күзетіледі. 84 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептің ішінде 83-і күзет фирмасымен келісім жасасқан. Ал 12 мемлекеттік колледждің үшеуінде күзет фирмаларымен келісім орнатылмаған. Мамандандырылған күзет ме­­кемелерімен келісім жаса­маған білім беру ұйымдарында күзетте арнайы сақшылар бар.
Дабыл белгісінің батырмалары 79 балабақшада, 79 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте және 7 колледжде орнатылған.
Жылда «Балалар қауіпсіздігі» айлығы ұйымдастырылады. Оның шеңберінде тақырыптық сынып сағаттары, Төтенше жағдайлар департаменті, Ішкі істер департаменті, «Құтқару қызметі» және «Ақ жүрек» медициналық қызметінің өкіл­дерімен кездесулер өткізіледі.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан:
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

 

 

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*