Балаларға арналмаған ертегі…

Жуырда «Мың бір түн ертегілері» сериясымен шыққан түрлі-түсті кітап қолыма түсті. Наурыз мейрамы кезінде елорданың «Теремок» балабақшасына баратын бүлдіршіндер осындай сыйлыққа «кенеліпті».

Пойыздағы кішкентай қыздың «Мына кітапты оқып беріңізші…» дегені сол, мұқаба сыртындағы суреттің өзі көзге ерсі көрінді. Сыртқы көрінісі өте сапалы шыққан дүниені тек қолыма алып қарай бердім, қарай бердім…
Аузымды бумасқа амал бар ма?!
Мәтінде: «Түнде Шахзаман бір нәрсені ұмыт қалдырғанын есіне түсіріп, сарайға қайта оралды. Сарайға ептеп білдірмей кірген патша сүйікті әйелінің бір қара құлдың қойнында жатқанын көреді, ашу қысқан ол қылышын суырып алады да, ойланбастан екеуін де шауып өлтіреді».Бес жасар балаға мұны қай бетіммен оқып беремін?! Одан әрі: «Ол болған жағдайды ұмыта алмайды. Әйелінің көзіне шөп салғаны патшаны терең қайғыға батырады, оның өңі қашып, қайраты қайта бастайды» деп жалғасып кете береді. Әрмен қарай кек қайтару туралы баяндалады.

Отыз екі беттен тұратын түрлі-түсті көркем кітап 2012 жылы елорданың «Фолиант» баспасынан шыққан екен. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылыпты. «Қазақ тіліне аударған М.Әкімжанов» делінген.Әдетте, ертегі деген дүние балаларға арналатыны белгілі. Ал бұл ертегінің кімдерге арналғанын ұқпадым.Әлде елімізде ертегі оқитын ересектер бар ма?Ата-аналардың өзі де бала оқитын дүниені айыра алмайтын халге жеткен бе? Бiреудiң қойнына жату, күйеуiнiң көзiне шөп салу, кек қайтару әдебиеттің қандай маңызды түріне жатуы мүмкін?

Осы сауалдар жөнінде тиісті ведомствоның Баспа ісі басқармасына хабарласқан едік. Аталмыш бағдарлама бо­йынша жауапкершілік осы басқармаға қарайтынын айтты. Бірақ мәселенің мән-жайын естігеннен кейін, ресми түрде хат жазуымызды сұрады.

ГүлмираАЙМАҒАНБЕТ

Сонымен қатар

ДОС АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Ойламаған қазаны сол күні ертеңгілік әлеуметтік желіде бір інішектің жазбасынан көрдік. Біреу суық қолмен қолқамызды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған