«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балалар аяз атадан не сұрайды?

0 10

Бұрын хабарлағанымыздай, Есіл жағалауы бойындағы амфитеатрдың ішінен Аяз атаның резиденциясы ашылған еді. Астаналық балалар арман-тілегін хатқа түсіріп, сондағы жәшікке тастап кетіп жүр.

Мұнда келуші бүлдіршіндерді Аяз ата мен Ақшақардан бөлек, эльф, аққала, ботақан және қой секілді кейіпкерлер де қарсы алады. Олар кішкентай қонақтарға резиденцияны аралатып, Аяз атаның бөлмесін, зәулім шырша құрылған сахнаны көрсетеді. Амфитеатрдың бас әкімшісі Тамила Ермұхамедованың айтуынша, егер поштаға түскен хаттың иесі балалар үйінің тәрбиеленушісі болса, онда конверттер қалалық әкімдікке жолданады. Әдетте, мұндай балдырғандар коньки, қуыршақ үйшігі, велосипед, шаңғы секілді заттар сұрайды екен. Ал резиденцияға ата-анасымен немесе туысымен бірге келетін балақайлардың хаттары артынша жанындағы жаңағы ересек кісіге тапсырылады. Осылайша әке-шешелері де ұл-қыздарының нені армандайтынынан хабардар болады, балалар да Аяз атаға сенулерін жалғастыра береді. Орайы келгенде, біз Тамиладан резиденцияға қандай ерекше мазмұндағы хаттар келгенін сұрадық. Ондай хаттарды қызметкерлер әлгі балалардың ата-аналарының рұқсатымен естелікке суретке түсіріп алады екен. Мәселен, Жәния есімді бүлдіршін:
«Құрметті Аяз ата! Көрші пәтердегі Айарудың кішкентай сіңлісіндей менің де сіңлім болғанын қалаймын. Бірақ мамам бөпе сатып алу үшін көп ақша керек деп айтты. Өтінемін, жаңа жылға біздің үйге көп ақша әкеліңізші!» деген хат жазыпты.

Ал Айсұлтан атты балақай Аяз атадан өзі үшін емес, анасы үшін тілек тілепті:
«Аяз ата! Жаңа жылда маған сыйлық әкелмесеңіз де болады. Мен үлкен жігіт болдым ғой. Бұрынғыдай шоколад сұрап жыламаймын. Оның орнына анамның несиесін төлеп беріңізші. «Несиені төлеу керек, сол үшін жұмысты көп істеуім керек» дейді анам. Қатты шаршайды. Мен оған көмектескім келеді» дейді ол өз хатында.
Қазіргі балалар сыйлық сұраудың жаңа түрін де ойлап тапқанға ұқсайды. Мысалы, сегіз жасар Мансұрдың мына хатына көз салыңыз:
«Қымбатты Аяз ата! Мен жыл бойы тәртіпті оқушы болдым. Биыл математикадан 5-ке шықтым. Сондықтан маған күннен зарядталатын машина сыйлауыңызды сұраймын. Оны Алиэкспрестен таба аласыз. 7000 теңге тұрады» деп, соңына әлгі ойын­шықтың AliExpress сайтындағы сілтемесін қолмен жазып қалдырыпты. Шамасы, балақайдың үйін­де онлайн дүкеннен сауда жасау тәжірибесі жиі қолданылатын болса керек.
Бұдан бөлек, Аяз атадан кең пәтер, смартфон, үй жануарын, Nike Air Max кроссовкасын cұраған астаналық балдырғандар да болыпты. Айтпақшы, олардың әрқайсысы Аяз атаның мекенжайын әртүрлі етіп елестететін секілді. Бірі конверттің сыртына «Лапландия» деп жазса, енді бірі «Ғарыш», «Бәйтерек», тіпті «Ақорда» деп көрсетіпті.
Астанадағы Аяз атаның резиденциясы 30 желтоқсанға дейін жұмыс істейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды