«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балалар әдебиетінің бағбаны

0 29

Елордадағы №3 балалар кітапханасында қазақ балалар әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Әдебиет­ке балалықты әкелген» атты әдеби кеш өтті. Кешке белгілі балалар жазушысы ­Толымбек Әбдірайым қатыс­ты.

Қазақ балалар әдебиетінде Бердібек Соқпақбаевтың салған соқпағы бөлек. Шығармашылық жолын өлеңмен бастаған қаламгер кейін прозаға бет бұрып, жеткіншектер өмірінен тамаша әңгіме-хикаяттар жазды. Әсіресе, суреткердің «Он алты жасар чемпион», «Қайдасың, Гауһар?», «Менің атым Қожа» атты таңғы шықтай мөлдіреп түскен повестерін әлі күнге дейін балалар қызығып оқиды. «Менің атым Қожа» шығармасының желісімен түсірілген фильм 1967 жылы Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған халық­аралық фестивалінде бағалы сыйлыққа ие болды. Жазушы өзінің балалық шағын өзек еткен «Балалық шаққа сая­хат», «Өлгендер қайтып келмейді» деген екі романы да шыншылдығымен оқырманды баурап алған.
Кеш барысында Толымбек Әбдірайым оқушыларға қарымды қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелеп, бір ұсынысын білдірді.
– Бердібек ағамыз 15 қазанда өмірге келген. Соған орай бас қалада жыл сайын қазан айында Соқпақбаев­тың туған күніне арнап балалар әдебиетінің апталығын өткізсе деймін. Бұл бір жағынан жеткіншектердің кітап оқуға деген қызығушылығын оятады. Сол апталықта балалар тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушылар қатысып, оқушылармен кездесіп, өз шығармалары жайында ой толғап, ұлағатты әңгіме өрбітсе, тағылымды дүние болар еді. Бұл шара елордадан басталып, республикалық деңгейге ұласса деп ойлаймын, – деді қаламгер.
Сондай-ақ кітапхана меңгерушісі Марал Ақтаева жазушы туралы айтқан айтулы тұлғалардың естелігін оқушыларға оқып берді. Кеш соңында балалар қазақ әдебиеті классигінің жарық көрген кітаптарынан ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды