«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балабақша асханаларына мониторинг жүргізілді

0 22

Алдағы аптадан бастап қалалық Білім басқармасының қызметкерлері ата-аналармен, «Нұр Отан» партиясының мүшелерімен, «Астана – адалдық алаңы» жобасының өкілдерімен бірлесіп елордадағы мектепке дейінгі мекемелердің тамақтандыру сапасын бақылау мақсатында мониторинг жүргізеді.

Мониторингке қатысқысы келетін ата-аналар 20 қыркүйекке дейін bilim.astana.kz сайтындағы арнайы бөлімде өтініш қалдыруы қажет. Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозинның айтуынша, мұндай тексеріс балабақшалардың асханасындағы кемшін тұстарды жоюға көмектеседі. Осы ретте ол жуырда астаналық балаларды дамыту орталықтарының бірінде болған он шақты баланың тамақтан улану фактісін тілге тиек етіп, бүгінде аталған факті бойынша комиссия құрылғанын, істің мән-жайы алдағы уақытта анықталатынын мәлімдеді.
– Айта кетейік, осындай мониторинг өткен жылы мектептерде жүргізілген еді. Соның нәтижесінде мынадай нәтижелерге қол жеткіздік. Біріншіден, тамақ жеткізушілерге арналған байқауды енді мектептер емес, Активтер мен мемлекеттік сатып алу басқармасы ұйымдастыратын болды. Бұл өзгеріс байқаудың барынша ашық өтуін қамтамасыз етуге бағытталды. Екіншіден, барлық мектептердің асханаларына бейнебақылау камералары орнатылды. Үшіншіден, балалар асханаларда қолма-қол төлемсіз, яғни карточкамен есеп айырысу жүйесіне көшті. Төртіншіден, мониторинг барысында барлық 85 мектептің 55-інен кемшіліктер анықталып, ондағы тамақ жеткізуші ұйымдар ауыстырылды, – деді Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылғы тексерістен кейін мектептегі тамақтану сапасына қатысты жұртшылық тарапынан түсетін шағымдар 35 пайызға азайған.
Бүгінде мектептерде де, балабақшаларда да тамақтану сапасын қадағалау үшін құрылған бракераждық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына кіргісі келетін ата-аналарға қойылар екі талап бар: әлгі ата-ананың баласы сол мектепте оқуы немесе сол балабақшада тәрбиеленуі керек, мұнымен қоса ата-анада санитарлық кітапша болуы шарт.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды