«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бала жанының бағбаны

0 54

Қалалық №3 балалар кітапханасында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Тілеуғазы Бейсембектің 75 жылдық мерейтойына арналған «Менің қолтаңбам» атты әдеби кеш өтті.

Бала жанының бағбанына айналған Тілеуғазы ағамыз – сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі. Оның балдырғандарға арналған бірнеше кітабы жарық көрген. Ол шығарған әсем әндерді жас таланттар тамылжыта шырқап, республикалық конкурстарда жүлдегер атанды. Ақынның топтама өлеңдері «Балауса» байқауында топ жарған.
Кештің қызықты, әсерлі өтуі­не қаладағы №7 және 14-інші мек­теп-гимназияларының 5-6-сынып оқушылары белсенді атса­лысты. Олар қаламгердің өлең­дерін мәнерлеп оқып, әндерін шырқады. «Қыңыр лақ» шығармасынан шағын қойылым қойды. Шара барысында ақынның өзі де сөз алып, жеткіншектерге әлі ыстығы суып үлгермеген жырларын оқып, жеткіншектердің қойған сұрақтарына жауап берді. Кеш иесінің қаламдас серіктері Т.Бейсембектің балалар әдебиетін дамытуға қосып жүрген еңбегіне ізгі лебіздерін білдірді.
«Бүгінгі кеш өте тартымды өтті. Тілеуғазы ағаның шығармаларын балалар сүйіп оқиды. Әндері де керемет. Қаламгерді мерейтойымен құттықтап, ұшқыр қаламынан тамаша туындылар күтеміз» дейді кітапхана меңгерушісі Марал Ақтаева. Шара соңы ақынның кітап көрмесіне ұласты.

Мерей ДІЛДӘБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды