«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бала өміріне қауіпсіз қала

0 12

Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының алқа отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Бақыт Сұлтанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева қатысты.

«Бала өміріне қауіпсіз қала» тақырыбында өткен елордалық ұстаздардың кеңесінде оқушыларға сапалы білім берумен қатар олардың қауіпсіздігі де бас­ты назарда болуы тиісті екені айтылды. Қауіпсіз қала – бұл ең алдымен біздің балалардың білім ордасына аман барып, сау қайтуы, қатар құрбысымен қарым-қатынас жасап, көшеде алаңсыз жүріп, үйірмелер мен түрлі мәдени орындарына қорқынышсыз барып-келу мүмкіндігі.
– Мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде 7 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды. Жыл аяғына дейін қосымша 5 мың камера орнататын боламыз, балалар қауіпсіздігі – біздің басты назарымызда, – деді алқа отырысын ашқан қала әкімі.
Кеңесте бүгінгі заманның залалы мектеп оқушыларының әлеуметтік жүйелерге деген тәуелділігі мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы ретте Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин осы әрекеттердің алдын алу мақсатында тиісті органдармен бірлесе кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Елордалық білім жүйе­сі басшысының сөзін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова да қолдап отыр.
– Біз әлеуметтік желілерге салатын ақпаратты жарияламас бұрын, оның кішкентай балалар назарына түсуін ескеріп, хабарламаларды жіберу алдында жауапкершілікті сезінуіміз қажет, – деді министр.


Балаларды тәрбиелеу жолында ата-аналармен үнемі байланыста болу елордалық білім беру жүйе­сінің басты қағидасына айналып келеді. Ұстаздар мен ата-аналардың тығыз байланысы, алдымен білім беру мекемелерінде болып жатқан жағдайдан әрдайым хабардар болып отырады. Өзекті әрі маңызды мәселелер туындағанда бірлесе отырып, талқылап, тиімді шешу жолдарын анықтап, бірлесе әрекет етеді.
– Білім сапасы, тәрбие жұмысы, тамақтану қызметін ұйым­дастыру, білім нысандарын оқу жылына даяр­лау, білім беру ұйым­дарындағы санитарлық және қауіпсіздік нормаларды сақтау бо­йынша мониторинг ата-аналардың белсенді қатысуымен өткізіледі. Осы жұмыстың нәтижесінде ортақ мүддеде түсіністік қалыптасып, елордалық білім беру жүйесі күннен күнге жандануда, – деп өз сөзінде Әнуар Жанғозин ата-­аналар қауымдас­тығына алғысын білдірді.
Алқа барысында сөз кезегі ата-­аналарға да берілді. №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі оқушысының ата-анасы Қанат Әуесбайұлы өз баяндамасында бірнеше өзекті мәселелер көтеріп, бала қауіпсіздігі үшін әлем елдерінде қолданылып келе жатқан кейбір тәжірибелерді сүйеніп, өз ұсыныс­тарын айтты.

– Баланы ерте жастан өмір қауіпсіздігін сақтауға бейімдеу (Жапонияда балалар мектепке ата-ананың көмегінсіз қатынайды, оқу бөлмелерін өздері тазалайды), ал Еуропа елдерінде өзін-өзі басқару жұмыстары кең қолданылады (ерте жастан еңбекке араласу, кезекшілік, қоршаған орта тазалығын сақтау т.б.). Осындай жұмыстардың негізі біздің елде де бар, бірақ соны жандандыруымыз, тәрбиені сөзімізбен ғана емес, ісімізбен де көрсете білуіміз керек. Олар үшін біз – еліктеуге тұрарлық тұлғамыз. Жасы кішілер бізге қарап бой түзейді. Сондықтан әрбір ісімізге мән бергеніміз жөн, – деп айтты қала мектептеріндегі «Ата-аналар клубы» мүшесі.
Алқа отырысында, мектептегі түлектер­дің бітіру кеші де талқыланды. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Сәдуақасованың айтуы бойынша, бұл кештер жыл сайын сән көрсетіліміне айналуда.
– Мен балалар мен ата-аналардың мектеппен қоштасу кешін есте қаларлықтай керемет қылып өткізуге деген талпыныстарын түсінемін, бірақ менің ойымша, әр нәрсенің шегін білу керек. Бір кешке соншалықты көп қаражат жұмсағанша, оны басқа да пайдалы істерге жұмсау әлдеқайда тиімдірек. Біз бұл тақырыпты біздің балалармен талқыладық, балалар осы идеяны әбден қолдап отыр, – деп қорытындылады.
Білім мазмұнын және оқыту тәсілдерін таңдау мәселесі, яғни баланы мектепке неге және қалай оқытуды анықтау мәселесі үнемі біздің алдымызда тұрады. Басты назарда – білім ошақтарында бүгінгі таңдағы бекітілген барлық
қауіпсіздік нормалары мен шарт­тарға сәйкес қолайлы, қолже­тімді, сапалы білім беру ортасын ұйымдас­тыру, білікті кадрлар даярлау. Өткізілген алқа отырысы осы жұмыстың жетілдірілуіне бағытталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды