«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бала күтушінің бәсі артып тұр

0 79

Елордада мемлекеттік мекемелер бала үш жасқа толғанда ғана бақшаға қабылдайды. Бұрындары үшке дейінгі нәрес­телерге «ясли-сад» болатын. Ал соншама жыл бойына қызметін тастап, қарап отыра алмайтын әйелдер бала күтушісін іздеуге мәжбүр. Бұл үрдіс ақшасы тасып, не адам жұмсап асқандықтың емес, қажеттіліктің белгісі болып бара жатыр. Осылайша, бала күтушінің бәсі артып, оған қояр талабы да өзгерді.

Әзірге оған ауылдағы ағайынның жұмыссыз жүр­ген қызы келіспесе, та­ныс-білістерден сұрастырып, одан да қайыр болмаса бала күтушісін ұсынатын агент­тіктерге жүгінеді. Осы қызмет тұрғысында ел­ор­дада қанша адам бала күту­шілікпен айналысады, сұра­ныс қандай, олардың еңбек қатынастары қалай рет­теледі дегендей арнайы статистика жүргізіліп, еңбек заңдылығында да мәртебесі қарастырылмаған. Дегенмен, қаламызда үй қыз­метшілерімен қоса бала күтушісін де жұмысқа тұр­ғызатын агенттіктер жетіп артылады. Әрқайсысының ашылғандарына 20-15 жылдың белесі болып қалған. Дені кәсіптерін дөңгелетіп, сұранысқа сай тұрақты бизнес көзіне айналыпты.
Агенттіктер сіздің қалауыңызға қарай, алғашында бес «супер-няня» ұсынады. Олардың жалақысы 120-150 мың аралығында белгіленген. Сол ақшаңыздың 50 пайызын агенттікке төлеу­ге міндеттісіз. Үш айдың ішінде таңдаған адамыңыз көңіліңізден шыға қоймаса, онда тағы басқасын талап ете аласыз. Егер аптаның бес күнінде таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс күні белгісеңіз, 200 мыңға дейін жалақы сұрайтындар бар. Бұл, әрине, қалталылардың қатал талабына сай келетіндердің тәуекелдік бәсі. Былайғы жұрт бала күтушісін 100 мыңның ішінде де, 60 мыңның айналасында да іздейді. Оған да табылып жатады. Баланы белгілі бір мезгілде сағаттап қарауға да келісуге болады. Бұл қыз­мет сағатына 500 теңгеден басталады.
Дегенмен, жақсы қызметші табу қиын деп жас аналар безектейді. Білетіндер жақсы «няняны» да тәрбие­леу керек, әр отбасының қалыптасқан әдеттеріне қарай икемдеу керектігін айтады. Расында да ешқандай тәжірибесі жоқ жас қыз­дан көп нәрсе күту қиын, сондай-ақ ата-бабасы «жалшы» ұстап көрмеген бүгінгілердің де үйіндегі «бөтенмен» жұмысы істеу дағдысы кемшін соғып жатады. Мұндайда асқан білімі болмаса да, өз ісіне пысық, шаруасына мығым елгезек қыздар – таптыр­майтын кандидатура. Жұмыс беруші мен қызмет­шінің арасында сенім, өзара құрметтің нәтижесінде баланың айналасында қалыпты жағдай болып жатса, онда бала тәрбиесінің болашақ өмірінің негізі мықты деуге болады.
Бала күтушісін қызметке алғанда атқаратын міндетін түсіндіру керек. Негізінде оған, баланы суға шомылдырып, тамағын дайындап, таза ауада серуендетуі тиіс. Баланың киімін жуып-тазалап, оның өй-өрісін да­мыта­тын ойындарды ойнатып, ойыншықтарын жинап, бөлмесін таза ұстау да – бала күтушісінің міндеті. Оның жалақысы осы мәселелерді шешуі тиіс. Ескерте кету керек, сабырлы, мейірімді, тәжірибелі бала күтушісін қолды-­аяққа тұрғызбай, бір бала өсіп бақшаға бергенде келесі нәрес­тені бағуға басқа отбасы шақырып жатады. Мұндайлардың агент­тіктегілерге де күні түспейді.
Баласына күтуші іздегендердің кейбірі педагогикалық немесе медициналық білімі мен сауаты, бірнеше тілде таза сөйлейтіндерді де аттай қалап жатады.
Алайда бала күтуші­ле­рі­нің басым көпшілігі бұл талаптарға сай келмейтіні анық. Оларды қысқа курс­тар­ға оқытып, бала тәрбие­леу негіздерін үйретіп жат­­­қан ешкім жоқ. Біз бір агент­тікпен хабарласқанымызда бір аптадай бағыт беріп қана жөніне жібереді екен. Бұл жеткілікті ме?

Мөлдір СЫЗДЫҚОВА, «Қасиет» психология орталығының маманы:

– Бала күтушісін іздегенде, баланы мезгілімен тамақтандырып, асты құрғақ, үсті таза болса болды деп ойлайтын аналар қателеседі. Сәбиіңіздің өміріндегі маңызды орны бар адамның жеке қасиетіне мән беру керек. Бала нені түсінуші еді дегенмен, айналасындағы адамдардың жан жылуымен құнарланып, солардың аялы алақанынын сезінуі қажет. Бала күтушісі сәбиге анасынан да артық уақытын бөледі, соның ықпалында өседі. Кейде өсіп келе жатқан сәби тәрбиешісінің сөйлеу мәнеріне салып, әдеттерін қайталайды. Бұл да ізсіз кетпейді. Бөтен адамды үйге кіргізіп тұрып, балаңыздың психо-эмоционалды жағынан да зардабы болмайтынына көз жеткізіңіз. Балаңыздың жанында мейірімді, оң-солын таныған, жақсы мен жаманды білетін адамның болғаны дұрыс. Сосын бала күтушісін жұмысқа аларда көп ойланыңыз, оны қайта-қайта ауыстырсаңыз да, баланың бөтен адамға үйренісу оңай емес.

Айнұр, тәжірибелі бала тәрбиешісі:

«Мен көп жылдар көпбалалы ананың балаларын бағуға көмектестім. Жалақымды мезгілінде төлеп тұрды. Осы отбасында үйреніскенім соншалықты бір туғандай болып кеттім. Егер бағатын баланың әке-шешесі парасатты адамдар болса, сізге де қиянат жасамайды. Ал егер тек ақша санап қалған жандар болса, жеке басыңыз­дан да кемшілік тауып отырады. Арасында менің міндетіме кірмейтін үй шаруаларын да жүктейді. Менің түсінгенім, өз жұмысыңды біліп, артық нәрсені жасамау керек. Ұнамаса, кете беріңіз. Нарық үлкен, бала күтушісін қажет ететіндер аз емес. Тағы да бала күтушісінің мәртебесі болуы тиіс, сонда отбасы мүшелері де құрметпен қарайды, ересектер сыйлап тұрған соң бала үшін де бе­делді. Керісінше болғанда тәрбиенің де мәні кетеді».
Байыптап қарасақ, бұл тек қана жас аналардың мәселесі емес. Бүгінде үрдіске айналып бара жатқан әйелдердің жұмысбастылығының, сәбиі үшке толғанға дейін үйінде қарап отыра алмайтын себептері көп. Оның бастысы – қаражат­тың аздығы. Мемлекет тарапынан көмек бала бірге толғанға дейін беріледі. Одан кейін ана қосымша қаражат іздеп жұмысқа тұруға мәжбүр. Егер осы көмек екі жасқа дейін бе­рі­ліп, екіден бастап бүлдіршіндерді балабақшаға қабылдай бастаса, онда көптеген аналар көздерінің қарашығындай сәбилерін кім көрінгенге тапсыр­мас еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды