«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бала бақылаусыз жүрмесін…

0 31

Өткен аптада Астана қаласы Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке жасы толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың ата-анасының бақылауынан тыс қалып, қаңғыбастыққа салынбауын қадағалау мақсатында ірі сауда орталықтары мен компьютерлік клубтарда, интернет-кафелер мен барларда рейд жүргізді.

Ілияс Есенберлин көшесінің бойында орналасқан «Bootsamr» интернет клубына тәртіп сақшылары бас сұққанда сағат түнгі сағат 23:50 болған еді. Бар ынтасы компьютерге ауған он шақты жасөспірім ювеналды полиция капитандары Агел Бескентірова мен Эльмира Айтбекті, полиция аға лейтенанты Райгүл Құрмашева мен полиция лейтенанты Тазагүл Қайыржанованы елеген де жоқ. Ал келесі қатарда жайбарақат отырған 13-14 жасар шамасындағы екі қыз бала мен үш жасөспірім бұл іс-әрекеттерінің заңға қайшы екенін түсінетіндіктерін мойындай отырып, бір досының туған күнін атап өтуге бір-екі сағатқа ғана ойнау­ға келгендіктерін айтып ақталды. Бұлардың үшеуі мектеп оқушысы болса, екеуі колледж студенті екен.

Сондай-ақ, Кенесары көшесінің бойындағы компьютерлік клубтардың бірінен 2001 жылы туған Н. есімді жеткіншектің түнгі уақытта сағат 22-ден таңғы 06-ға дейін заңды өкілінсіз ойын-сауық мекемесінде болу фактісі анықталды. Осыған байланысты компьютерлік клубтың иесі – В. есімді азамат ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабының 1-бөлігі бо­йынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Мұндай жағдайда кәмелеттік жасқа толмаған жас­­өспірімдердің әке-ше­шелерін шақыртып, хаттама толтырамыз. Осындай алғашқы ескертуден кейін олар мұндай келеңсіздіктің енді қайталанбайтыны туралы бізге қолхат береді. Сөйтіп, түнде бақылаусыз жүрген балаларын заңды ата-анасының қолына тапсырамыз. Алайда ант-су ішіп, перзенттерін қатаң жөнге салатын болып кеткен кейбір ата-аналар біздің алдымызға екінші қайтара келіп отыратын кездері де болады. Мұндай жағдайда әкімшілік іс жиналып, ювеналдық сотқа жіберіледі» дейді Астана қаласы ПД ЖПҚ ювеналды полиция бастығы, полиция подполковнигі Әсет Сыздықов.
Жыл басынан бері заңды белінен басып, балаларының түнгі уақытта ойын-­сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс орындарда заңды өкілдерінсіз жүруіне жол берген 300-ден аса ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жа­уапкершілікке тартылыпты. Алайда мұнымен ба­­ла­лардың көше кезіп, қаң­ғыбастыққа салынуы тыйыл­май тұр. Тәртіп сақ­шылары бас сұққан кез келген интернет-клубтардан бейсауат уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген жасөс­пірімді көруге болады. Ал мұндайда клуб иелері «жаңа ғана келіп еді, енді өзіміз де шығарып жібергелі жатыр едік» деп көпе-көрінеу өтірік айта бастайды.

Рейд жүргізілген екі күн­нің ішінде ювеналды полиция қызметкерлері Сарыарқа ауданы бойынша 13 компьютер клубы мен 9 мейрамхананы, 7 дәмхана мен 5 ойын-сауық орталығын тексеріп, ересектерсіз өз бетімен жүрген 14-тен 16 жасқа дейінгі 43 баланың ата-­анасы мен 21 жасқа дейінгілерге алкоголь өнімдерін сатқан 4 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар түнгі уа­қытта тыныштықты бұз­ғаны, тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін кәмелетке толмаған 2 жасөспірімге ескерту жасалса, 10 бала Астана қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, 50-ге тарта жеткіншек полиция бөлімдеріне жеткізілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды