«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Байқоңыр ауданының ақжолтай бастамасы

0 43

Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы ақжолтай бастама көтерді. Аудандық әкімдік пен Ардагерлер кеңесі кеше Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда «Салт-дәстүрлер – халықтың асыл қазынасы» атты аудандық ашық байқауын өткізді.

Ең маңыздысы сол, бұл байқау­ға елордамыздың Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандарынан да үміткерлер қатысты. Сондықтан да көрермені мен жанкүйерлер де көп болып, мектептің үлкен залында ине шаншар жер қалмады. «Ақсақалдың ақ батасы» және «Ақ әженің бесік жыры» номинациялары бойынша ұйымдастырылған сайыста іріктелген 25 үміткер бақ сынады.
Бұл байқау Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының негіздерінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, ұлттың тарихи және рухани құндылықтарын насихаттауға қолдау көрсету, рухани тәрбие жұмыстарын атқаруда ардагерлердің қоғамдағы орны мен рөлін көтеру, жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлерінің негізінде тәрбиелеуге бағытталған. Мектептің кіреберіс залында ұлттық қолөнер көрмесі мен оркестрлік концертті тамашалаған жұртшылықтың көтерілген көңіл күйін аңғардық.
Байқаудың қазылар алқасында республикалық және астаналық Ардагерлер кеңестерінің басшылары Өмірзақ Озғанбаев пен Сансызбай Есілов, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Базаркүл Сыздықова және басқа да белгілі азаматтар мен қоғам қайраткерлері болды.
Ал байқаудың өзіне келер болсақ, Хайдар Әбдірахманұлы, Абылай Әлиев, Серік Әлжанов, Сақташ Әлсейітов, Амангелді Қабиев, Серік Орал, Қуат Рахимжанов, Торғауыт Шахзада, Мелс Ысқақов сынды аталарымыз өнегелі өнерімен көзге түссе, Кенжетай Жанұзақова, Жамал Каленова, Күлпаш Қалқабекова, Баян Қапашева, Сапа Қа­йыр­жан-тегі, Кенжетай Нүркенова, Несібелді Орал, Бейсекүл Рахымбаева, Самал Сабырова, Айсұлу Сейдахметова, Сафура Сейтмағамбетова, Күлжан Тоқбаева, Дәмеш Шәкерқызы секілді әжелеріміз салт-дәстүріміздің түр-түрін көрсете білді. Дегенмен Қуат Рахимжанов пен Айсұлу Сейдахметова 1-орынға ие болды.
Байқауда жүлдеге қол созған ардагерлердің бәріне арнайы дипломдар, алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Ең басты сыйлық халықтың қошеметі болды, әрине.
Мағыналы да мазмұнды шараның соңында қатысушылар мен қонақтарға Байқоңыр ауданы әкімдігі атынан Ораза айтына арналған мерекелік дастарқан жайылды. Мұнда да ән әуелеп, күй күмбірледі.

Түйіндеп айтарымыз, Байқо­ңыр ауданының игі бастамасы елордамыздың рухани тіршілігіне бір серпін бергендей болды. Салт-дәстүрімізді әспеттеген аталарымыз бен әжелерімізге өнеріне сүйсініп, жанкүйер болған көпшіліктің көңіл күйіне қарап осындай ой түйдік. Ақжолтай демекпіз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды