Понедельник, 26 Июнь 2017
-->

Байғұтты ТОРТАЙ: АҚОРДА – ТАҢДАУЛЫ ЖОБАЛАРЫМНЫҢ БІРІ

Тұңғыш Президенттің мерекесі қарсаңында Елбасының резиденциясы, Есілдің сол жағалауында орын тепкен айшықты ғимарат – Ақорданың жобасын жасаған белгілі архитектор, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Байғұтты Тортаймен сұхбаттастық.

bajghutty-tortaev

СӘУЛЕТ ӨНЕРІ – ОТБАСЫМЫЗБЕН ТАҢДАҒАН САЛА

– Байғұтты Сейітжанұлы, архитектура мамандығын таңдауыңызға не себеп болды, кім әсер етті?
– Мен өсіп-өнген отбасы мүшелерінің бәрі өнерге жақын. Әкеміз он саусағынан өнер тамған шебер еді. Қанмен берілген қасиет қой. Мектепте жүргенде сурет, сызу пәндеріне бейім болдық, қабырға газетін жасауға белсене араластық. Архитектура факультетіне бірден келе қойған жоқпыз. Бір жылдары әкеміздің ізін жалғап, орман шаруашылығымен айналыстық. Мен оқуға түсуге барған жылы конкурстан өтпедім. Қаладан келе сала тыңғылықты дайындыққа кірістім. Ол кездері ауданға «Архитектура СССР» журналының бір-ақ данасы келетін. Журналға жазылуға рұқсат алып, төрт-бес жыл көлеміндей машықтандым. Өнерімді бағалап, ауылдық мектепке мұғалімдікке шақырды. Ақыры, бес жылдан кейін оқуға түскенде биік шыңды бағындырғандай керемет сезімге бөлендім. Менің әсерім болуы керек, інім Арапбай да сәулет өнерін таңдады. Екеуміз ілгері-кейін сол факультетті бітірдік. Балаларымыз біздің жолымызды таңдады. Үлкен қызым Динара – еліміздің 15 қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің авторы. Міне, ұрпақтар сабақтастығының жарқын мысалы! Ал үлкен ағамыз – құрылысшы. Жас мамандарды бағыттап мені – Таразға, Арапбайды – Ақтөбеге жіберді. Кейін елордамыз Астана болған кезде бас шаһарға қоныс аударуға деген құштарлық пайда болды. Ағайындар бір-бірімізбен хабарласа жүріп, 1999 жылы Астанаға келіп, жұмысқа орналастық.

– Бұл – Астананың елорда болған алғашқы жылдары ғой. Сол кезде қазіргі елорданың келбеті қандай еді?
– Ол кезде Астана шағын қала болатын. Біз білетін үш-ақ үлкен көше бар еді: қазіргі Бейбітшілік, Республика және Жеңіс даңғылы. Ал ғимараттардан – қазіргі ескі орталықтағы қалалық әкімдік, бұрынғы Парламент үйі, Сыртқы істер министрлігі болатын. Ал қаланың өзінде дұрыс жол да болмайтын. Сонда «Бұл қашан қала болады?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ойым ағаттық екен. Шаһар әп-сәтте өзгеріп, әсем қалаға айналды. Құрылыс қарқынды жүргізілді. Елбасынан бастап, сәулетшілерге дейін білек сыбана жұмыс істедік. Алдымен Ақорда мен Үкімет үйінің маңайына шоғырланған ғимараттар салынды. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде әкімшілік нысандардың бәрі бірінен кейін бірі пайдалануға берілді.

ӘРБІР ҒИМАРАТ ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ЫҢҒАЙЛЫ БОЛУЫ ШАРТ

– Ағайынды Тортаевтар Ақорда, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот сынды жалпы саны 30-дан астам ғимараттың сызбасын сызып, авторы атанды. Енді қан­дай жобамен айналысып жатырсыздар?
– Астананың ауа райы өте құбылмалы екені белгілі. Жақын­да осы климатқа қолайлы жоба жасадым. Ғимараттың төбесі «Ханшатыр» сияқты жабық болатындай конструкцияны ойлап шығардым. Ол отқа жанбайтын көпқабатты шыныдан жасалады. Жауын жауған кезде үйдің шатырына салмақ түседі. Автоматты түрде үстінен ыстық ауа үрленіп, жауған қар еріп, суы қазылған кәрізге ағып кетеді. Кіре сала бірінші қабаттың астында көкөніс өсетіндей жер қыртысын дайындауға болады. Келесі қабатта адамның тынығуына арналған бөлме ойластырдым. Тұрғылықты үйдің астына паркинг істеуге болады. Бұл аулада ойнайтын балалардың және үлкендердің қауіпсіздігі үшін жасалған. Жаңа жобаны Астанада, Қызылордада, Атырауда жасау ойда бар. Менің басты қағидам – қаладағы сәулет ғимараттары халыққа мейлінше ыңғайлы болуы шарт.
– Астана архитектурасында ұлттық нышандарымыз неге көп ескеріле бермейді?
– «Травертин» деген таспен түгел ғимараттарды қаптап шығудың өзі – біздің ортаазиялық сәулет өнеріне тән дизайн. Әрине, егер ұлттық нышан деп барлық ою-өрнегімізді пайдалана берсек, көрші Ташкенттегі сияқты көрініс болушы еді. Алайда, еліміз Еуразия кіндігінде жатқанын да ескерген жөн. Демек, Астананы Еуропа мен Азияның тұжырымдалған баламасы деп қабылдау керек.

ЕҢСЕСІ БИІК ЕРЕКШЕ ҒИМАРАТ

– Көркі көз тартатын әсем ғимарат, Президентіміздің резиденциясы Ақорда ағайынды Тортаевтардың қаламынан туған сәулет жобасы. Осы ғимараттың өмірге келу тарихы жөнінде айтып берсеңіз?
– Ақорда – біз үшін де таңдаулы жобалардың бірі. Өйткені бұл мемлекет – өмірінде бір рет қана салынатын жалғыз орда. Тендерге 17 жоба қатысты, басым көпшілігі – шетелдіктер. Сол кездегі ҚР Президенті Істері Басқармасының басшысы Темірхан Досмұхамбетов: «Жігіттер, байқауға 17 адам қатысып тұрсыздар. Қазір өз жобаларыңызды қорғайсыздар. Ішінен төртеуін таңдап аламыз. Бір ай уақыт беріледі. Жобаларды жетілдіріп, қайтадан осы жерде жиналамыз. Бірнеше іріктеуден кейін жеңімпазды анықтаймыз» деді. Елбасы жасаған ескертпелер мен ұсыныстарын жүзеге асырдық. Міне, осылайша, біздің жоба үздік болып танылды. Ал Ақорданың ішкі дизайнын италиялық мамандар жасады. Жобаның авторы ретінде мен де атсалыстым. Ғимараттың өзіне тән ерекшеліктерін ескерту, маңыздылығын түсіндіру менің мойнымда еді.

05-07

Әр залдың өзіндік мінезі бар. Мәселен, күмбезді зал сән-сал­танатты шараларға арналған. Ішіне кірген кезде жан сарайың ашылады. Ал жиын залының табалдырығын аттағаннан бастап өзіңді жинақы ұстайсың. Қабырғалар өткізілетін шараның маңыздылығынан хабар беріп тұратындай көрінеді. Түстері де соған сәйкес таңдалған. Ита­лиялық жігіттер де өнерден құр алақан емес. Бір бағыт берсең, іліп әкететін өз ісінің мамандары. Келген қонақты үлкен салтанатпен қарсы алуға арналған жердің де маңызы зор. Біз оның көлемін мүмкіндігімізше ұйымдастыруға тырыстық. Конструкциялық шешімнің арқасында барлығын ойдағыдай етіп жасағанымызға ризамыз. Жобаны сызған уақытта оған түсетін салмақты, жердің отыруы, жауын-шашынның әсері міндетті түрде ескеріледі. Ақорданың құрылысы 2001 жылда басталып, 4 жылдың ішінде аяқталды. Ғимараттың қаңқасы мен пайдалануға берілген кездегі көрінісі екі түрлі ғой. Осыдан бір жылдан бұрын ғана Ақорданың ішін түгел аралап шықтық.

– Ақорданың өзге мемлекет­тің резиденциясынан қандай айыр­машылығы бар?
– Осыдан бір-екі жыл бұрын ағылшындық Theestle.Net порталы президент сарайларын салыстырып, рейтингтегі орнын айқындап берген болатын. Біздің Ақордамыз үздік үштіктен көрінді. Бірінші орынға АҚШ-тың Ақ үйі лайықты деп танылса, екінші орынды – Тәжікстан президентінің Ұлт сарайы – Касри Миллат иеленді.
Ақордамыз – өте еңселі, өзіндік келбеті мен тәкаппарлығы бар резиденция. Хан сарайындай әкімшілік ғимарат екені көрініп тұр. Салиқалы. Дәулетіне сәулеті сай орда. Ішіне кіргендегі әсер өте керемет. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі ой-санасына пара-пар идеясын жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз. Бүгінде, бір адамның ғана бағыты дүйім жұрттың жұмысына ұласып жатыр.

– Ғимараттар жобасын жасап жатқан кезде қандай да бір нысанның ойламаған жерден өзгерген сәттері болды ма?
– Әрине, болды. Мысалы, әу баста Үкіметтің үйі 27 қабат деп келісілді. 19 қабатты салып жатқан кезде қонаққа елімізге Борис Ельцин мырза келді. Ол кісі сол жерде тұрып «Бұл ғимарат Ақордадан биік болып кетеді-ау» деген пікірін білдірді. Ельциннің пікірінен кейін дереу құрылысты тоқтатуға тапсырма берілді. Са­лын­баған 5 қабаттың көлемін сақ­тай отырып, бір күннің ішінде жобаға өзгертулер енгізіп, апарып бердім. Мақұлданды. Осылайша, алғашқыда 27 қабатқа жобаланған нысан Ақорданың биік еңсесін еселеу үшін 21 қабатпен аяқталған еді.

Сұхбаттасқан:
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*