«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Баһадүр бабалар дәріптелді

0 45

Жаугершілік заманда қазақтың қарыс жерін дұшпанға бермейміз деп атқа қонған батырларымыз аз болмаған. Есімдері көмескіленіп, тарих тасасында қалғандары қаншама десеңіздерші. Олардың ерлігі жырға, әнге, күйге айналды. Елорданың Мемлекеттік академиялық филармониясы Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында қазір есімдері көп айтыла бермейтін батырларды дәріптеп, «Баһадүр бабалар» атты музыкалық театрландырылған қойылымын өткізді.

Қалада өскен қазіргі жастардың идеалдары өзгерген. Оларға Қабанбай батырдан гөрі аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор жақын. Мұны ауылдағы атасына (Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев) қыдырып келген немеренің сөзінен аңғарамыз. Тіпті, немеренің бірі Баһадүр деген өзінің тап-тамаша атын жатырқап, Баха болып атануын құп көреді.
Ал екіншінің аты – Батырхан. Аталары осы екі немересін баһадүр, батыр бабаларымыздың құрметіне осылай деп атаған. Қойылым сценарийінің авторы, Батырханның бейнесін сомдаған жас ақын Қуат Ежембек қоғамда қазір кездесетін келеңсіз көрініс­терді ұлттық тәрбиемен шебер қиюластырған. Кеш барысында ақсақал немерелеріне бірқатар батырларымыздың ерлігі жайында әңгіме шертті.
Биыл Шығыс Түркістан қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Оспан батыр Исламұлының туғанына – 120 жыл. Елдің еркіндігі үшін басын бәйгеге тігіп, ше­йіт кеткен батырдың ерлігі туралы өлең-жырлар жазылды. Кештің басында ақын Ғалым Қабибекұлының «Оспан батырдың соңғы сөзі» толғауы мен композитор Тоғжан Жахиннің «Оспан батыр» шығармасы орындалды.
Бұған қоса, Қарасай, Орақ-Мамай, Қапал, Еспенбет, Көрұғлы, Өтеген батырлар тұлғалары жыр мен күймен әспеттелді. Атап айт­қанда, Сүйінбай Аронұлының «Қарасай батыр», Дулат Бабатайұлының «Еспенбет батыр» жырлары, Нұрғиса Тілендиевтің «Менің бабам Қарасай» күйі, Шолпан Қорғанбек, Серік Әбдінұров сияқ­ты композиторлардың шығармалары шалқыды. Бұл туындыларды Дархан Мұқан, Арайлым Рахымқызы, Күнсұлу Тұрлыбекова, Жазгүл Данылбаева, Айнұр Қонысбаева, Әйгерім Нартүйе, т.б. өнерпаздар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік ететін елордалық филармонияның қазақ оркестрі (дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) орындады.
Кеште біраз батырдың есімдері жаңғырды. Олардың бірін білсек, бірін білмейді екенбіз. «Ұлан-ғайыр жер үшін, текті туған ел үшін бірлігін бекітіп, терезесін тең ұстаған баһадүр бабалардың ерлігі сіз бен бізге – аманат. Батырларымыздың дара жолын дәріптеп, батырлығын насихаттау – елдігіміздің айғағы» деді кеш идеясының авторы-бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Әбдірахманов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды