«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бағдары айқын бағдарлама

0 13

Астанадағы Ұлттық музейде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына арналған есеп беру жиыны өтті. Оған ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қатысты.

 

Жиын тізгінін ұстаған Аида Балаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында мазмұны терең, ауқымы үлкен жобалар жүзеге асқандығын айта келіп, соны іске асыруға белсенді үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
Бір жылғы атқарылған жұмыстарды атап өткен Аида Ғалымқызы алдағы белгіленген шараларға да тоқталды.
– Біз әр бағытта істелген жұмыстың қорытындысын тыңдап қана қоймай, оны осы жерде талқылап, ашық әңгіме өрбітейік. Тың жоба, ұтымды ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар. Алдағы күнде бағдарламаны елге қалай жеткіземіз? Оған қоғамның әрбір мүшесі атсалысса дейміз. Сонда ғана оның нәтижесі болады. Елбасы да соны үнемі айтып отырады. Сондықтан әлі атқарылмақ жұмыс көп. Бағдарламаны барынша қызықты ету қажет. Бастысы, қол жеткізген жетістік бар. Оны күні кеше бір ғана жоба аясында көрдіңіздер. Енді соны алға жылжыту – бәріміздің міндетіміз, – деді А.Балаева. Сондай-ақ, ол бағдарламаны халыққа жеткізуде елеулі үлес қосқан журналистердің еңбегін ерекше атап өтті.
Ал ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бағдарлама аясындағы «Жаһандағы заманауи қа­зақстандық мәдениет» жобасында көзделген шараларды баяндады. Оның айтуынша, бұл жоба еліміздің мәдениеті мен руханиятын жер жүзіне таныстырып, әлемдік деңгейден өз орнын табуға мүмкіндік бермек.
Айтулы жоба екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, ұлттық құндылығы мол шығармаларды іріктеп, үздіктерін анықтау. Екіншісі, оларды шет мемлекеттерге насихаттау. Қазір алғашқы кезең аяқталды. Озық туындылар сараптаудан өтті. Бұл үшін еліміздегі шығармашылық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істедік. Сондай-ақ, ең үздік ұжымнан құрылған солистеріміз гастрольдік сапармен 50-ге жуық елді аралап, шетелдік көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, өзге мемлекеттерде қазақ әдебиетінің орталықтары ашылды, – деді вице-министр.
Жиында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы жаңадан ашылатын үш мемлекеттік қорыққа қатысты арнайы қаулы шыққанын жеткізді.
– Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен арнайы үш мемлекеттік қорық ашылады. Оны Президент Әкімшілігі қолдады. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Бірінші қорық – елорданың іргесіндегі Бозоқ қалашығы. Тарихымызда елеулі оқиға болған жер. Көбі оны біле бермейді. Болашақта сол жерде үлкен музей-орталық ашылады. Екінші қорық – Ботай. Бұл жерде адам баласы алғаш жылқыны қолға үйретті. Үшіншісі – Сарайшық. Атырау облысында орналасқан. Қазақтың талай ардақты хандары жатқан жер. Кезінде
Қасым xан елдің астанасын Ұлытаудан сол жерге апарған. Сөйтіп, Алтын Орданың мұрагері біз екенін көрсетті. Сондықтан Сарайшық біз үшін үлкен геосаяси құндылық, – деді ол.
Сондай-ақ, шара шеңберінде әрбір жоба бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерін көрсететін көрме ұсынылып, еліміздегі мәдени мұраны бір жерге жинап, кең түрде насихаттап отыратын «Мәдениет» порталының таныстырылымы болды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды