«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Бабалар ізімен» экспедициясы – Израильде

0 21

Жуырда «Бабалар ізімен» атты экспедицияға қатысушылар Израильге сапарға аттанды. Қазақстандық ғалымдар Иерусалимде зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Олар қасиетті қаланың ғажайып тарихымен, сондай-ақ мәмлүктер билеген дәуірден сыр шертетін тың деректермен танысады. Израильдегі қасиетті қаланың бірі – Хеврон. Ол Иерусалимнен 30 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер патриархтар жерленгендіктен киелі деп саналады.

Тарихшы Ибраһим Ысқақтың айтуынша, Жақып пен оның әйелдері осы жерге жерленген. Монумент бұдан 2 мың жыл бұрын салыныпты. Осы кезге дейін ғаламат ғимарат бірнеше рет қолдан-қолға өтіп,
әркімнің иелігінде болған. 13-ші ғасырда бұл жерге Бейбарыс Сұлтан бабамыз келеді. Ол бекіткен ережелер 700 жылға дейін сақталған көрінеді.
«1263 жылы Бейбарыс Сұлтан әскерімен осы қалада соғысқан. Бұл жерді көргеннен кейін мұсылмандар да, христиандар да, еврейлер де аяқ баспасын деп бұйырыпты деседі. Бейбарыс Сұлтанның төрт крест жорықшыларымен шайқасы сәтті өткен. Ол бекіністерді бірінен кейін бірін жаулап алып, Таяу Шығысты азат етеді» дейді тарихшы Рафи Касимов. Ғалымдардың пікірінше, мұндай жеңістерге ол нақты шешім қабылдай білетіндігінің арқасында қол жеткізген. Сол кездегі дамыған пошта жүйесінің де көмегі тиіпті.
Израильдік тарихшы Катя Ситрин-­Сильверман жедел хабар алмасу жүйесін мәмлүктер өте жоғары деңгейге көтергенін айтады. «Бірнеше шақырым сайын пошта ғимаратын салған. Хат жіберуге көгершіндерді пайдаланған. От жағып та белгі берген. Сонымен қатар, мәмлүктер сұлтанына Каирде қар мен мұз қажет болған. Оны Ливан тауларынан жеткізіп, сусындарды салқындату үшін қолданған» дейді ол.
Бұл жерде мұсылмандар үшін аса қасиет­ті орындар көп. Соның ішінде – Әл-Ақса мешітінің алатын орын ерекше. Өйткені ол Мекке мен Мәдинадан кейінгі ғибадат ететін қасиетті орын деп есептеледі. Бұл туралы «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов: «Әл-Ақса мешітін 7-8 ғасырларда арабтар тұрғызған. Крестшілердің келуімен бұл орын корольдің сарайына айналады. Бірақ 1187 жылы Саладин крестшілерді қуып жіберіп, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізеді. Одан кейін абаттандыруды біздің бабаларымыз – мәмлүктер өз қолына алады. Олар жаңа нысандар салып, «Қубат-Әс-Сахра» мешітінің мұнарасын алтынмен аптайды» деп әңгімелеп берді. Аталған экспедицияға қатысушылар Иерусалимдегі әрбір нысанға зерттеу жүргізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды