Вторник, 25 Июль 2017
-->

АЗИЯНЫ ТАМСАНДЫРҒАН АСТАНА

Астананың әсемдігі әлемнің назарына ілікті. Туристік әлеуеті жағынан Азияның алғашқы бестігіне енді. Әйгілі Lonely Planet басылымы Астананы рейтингтің 5-ші сатысына бір-ақ шығарды. Бұл жерде жаһанның жанарын өзіне байлап, бас қаламыздың барлық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берген ЭКСПО көрмесінің орны ерекше.

Айта кетейік, еліміз турис­тердің ешбір кедергісіз көрмеге келуі үшін 45 мемлекетпен визасыз режим жүйесін іске қосқан болатын. Олардың қатарында ЕО елдерімен бірге АҚШ, Канада және Австралия бар.

Рейтинг басында Қытайдың орталық бөлігінің солтүстігінде орналасқан Ганьсу провинциясы тұрса, екінші орынды екі Жапон қаласы бөлісіпті. Олар – ірі портты қала Иокогама және елдегі ең көне қалалардың бірі Камакура. Туристер үшін ең жылы орын Үндістанның Керала штатындағы күнгейлі жағажайлар үшінші орында тұрса, төртінші орынға талғағыштардың сүйікті мекеніне айналған Сингапурдың Кеонг Саик Роуд кварталы орналасыпты. Lonely Planet ұсынған Азияның ең керемет жерлерінің ондығына Такаяма (Жапония), Сиань (Қытай), Канди (Шри-Ланка), Малакка (Малайзия) және Раджа-Ампат (Индонезия) енген.

Ең қуаныштысы, туристер 2017 жылы баруы тиіс Азияның ең көрнекті жерлерінің алғашқы осы ондығының қатарында бесінші болып Астана тұр. Басылым сарапшылары елордамызды «Шексіз жазық даланың жүрегінде орналасқан әйнек пен болаттан жасалған сағым» дей келе, «Астана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың футуристік қиялының бір бөлшегі, оның көк тіреген зәулім үйлері, үлкен алаңдары және бұлыңғыр әйнекті пирамидасы бар» деп жазған.

Гүлжан РАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*