«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азияда өмір сүріп, Батысқа еліктейміз

0 79

Жақында өткен Азия қаламгерлерінің бірінші форумына Азиядағы елдерден 90-ға жуық қаламгер келді. Сөз сүлейлерінің келелі кездесуінде біз Моңғолия­ның еңбек сіңірген қайраткері, Моңғолия қазақ қаламгерлері қауымдас­тығының төрағасы, Баян-Өлгей аймағында шы­ғатын «Шұғыла» журналының бас редакторы Сұраған Рахметұлынан сұхбат алған едік.

– Нұр-Сұлтанға үнемі келіп тұрасыз ба? Астанамызға келгенде сізді не толқытады?
– Әрине! Қазақтың екі жүрегі жоқ қой. Әр қазақтың жүрегін бұрып, жанын тартып тұратын бір ортақ мекеніміз болса, ол – Қазақстан! Сосын да бұл мекенге үнемі ат басын бұру дағдылы әдетімізге айналған.
Нұр-Сұлтан – әлемдегі ең жаңа астаналардың бірі. Ортасы жайлы, көрінісі әсем бұл шаһарға келгісі келетін, көргісі келетін адамдар аз емес, әрине. Осы жолы менімен бірге келген моңғолдардың, тағы да басқа азаматтардың бұл қаланы көріп таңғалып, тамсанбағаны жоқ. 20-30 жылдың ішінде осындай әсем қала салғаны – әр қазақтың мақтанышы. Ал маған Нұр-Сұлтанның төңірегіндегі
жасыл орман да ерекше қуаныш сыйлайды. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, 100 мың гектарға жуық жерге егілген бұл орманның игілігін біз ғана емес, ұрпағымыздың ұрпағы көреді, бұйырса.
– Осы реткі форумның мән-­маңызы қандай, сізше?
– Біз Азияда жасап жатсақ та, көп жағдайда батысқа еліктеуді әдетке айналдырғанбыз. Азия шығыстағы үлкен құрлық бола тұра, өзінің айтайын деген барлық ұсыныстарын, идеяларын батыс арқылы айтып келді. Шын мәнінде, шығыстың өзінің үлкен әдеби әлемі бар. Сол әлемді ашуға алдымен ниет білдіріп жатқан мемлекет – Қазақстан. Қазақ елі бұл игілікті бастаманың алауын жақпаған жағдайда, құрлық қаламгерлерінің қарым-қатынасына жаңа жол ашылмайтын да шығар. Форумда айтылып жатқан ұсыныс­тар да өте керемет. Азия қалам­герлерінің өз сыйлығы, ортақ әдеби сайты болсын деген ұсыныс­ты шараға қатысқан жазушылар қуана құптады.
Азияның үні Азияның рухымен айтылуы тиіс. Мысалы, Азияда қаншама мемлекет, қаншама ұлт, қаншама өркениет бар. Сол өркениеттің ішінде көшпелі өркениеттің орны бөлек. Алайда сол көшпелі өркениетті дәуір шаңының астында қалдырдық. Әсілі, әлем Азия арқылы көшпелі өркениетті, көшпенді елдердің дәстүрін, философиясын білуі, түсінуі керек еді. Өкініштісі, біз Азияның барлық кереметін, мүмкіндігін, ұлы өркениетін әлемге әлі толық насихаттай алмай келеміз.
– «Шұғыла» журналы шығып жатыр ма? Қазақ тілінде қанша газет-журнал бар? Қазақ тіліндегі радио, телевизияның жағдайы қалай?
– «Шұғыла» журналы көп тиражбен тарамайды. 1957 жылдан бастап бүгінге дейін ешқандай үзіліссіз шығып келе жатқан, қазір қаржының тапшылығына тіреліп, бір-екі нөмірі кейіндеп жатыр.
Біраз басылымдар бар. Әйелдерге, партияларға арналған журнал деген сияқты әртүрлі журналдар бар. Бірақ олардың шама-шарқы соншама күшті емес.
1963 жылы құрылған ұзын толқындағы радио бар. Ұлан-­Батырдан күніне 1 сағат бағдарлама таратады. Ал Баян-Өлгейдің орталығында 5-6 телеарна бар. Ұлан-Батырда қазақ тілінде күніне 30 минут ақпарат жүргізіп отыратын телеарна бар. Ал газетке келсек, алғашқыда оншақты газет болған. Қазір бір-екі газет қана қалды. Газеттердің жабылуы электронды әлемдегі бәсекеге байланысты.
– Қазақ тілінің жағдайы ше?
– Моңғолияда қазақ тіліне қазірше қысым жоқ. Сондықтан мен былай айтар едім: қазақ тілінің жағдайы Қазақстанда қандай болатын болса, Моңғолиядағы және дүние жүзіндегі 43 елдегі қазақтардың жағдайы соған байланысты. Себебі шетелдегі қазақтардың күретамыры Қазақстанда жатыр. Неге десеңіз, қазір – интернет дәуірі. Қазақстанда айтылып жатқан барлық ұғымдар, сөзжасамдар және де сөзге қатысты өте үлкен түсініктердің барлығы шетелдегі қазақтарға да әсер етеді. Ал бұл жақта басқа тілде сөйлеп жүрген адамдардың әсері шетелдегі азаматтарды да былғайды. Бұл – тілдік трагедияға қатысты дүние.
Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазақ тілі­нің мәртебесін көтеру туралы айтты. Бұған бүкіл дүниедегі қазақ­тар көз тігіп отыр. Бірақ тілдің мәселесі жалғыз Президенттің қолынан келетін нәрсе емес. Оған барлық қазақ үн қосуы керек. Мен ойлаймын, бүгінгі Қазақстанның қазіргі мемлекеттік құрылымы, бүгінгі жағдайына қарап тек қана Президенттің айтуымен іс оңалмайды-ау! Себебі билікте шұбар тілділер мен мақау тілділер тұрған кезде ешуақытта қазақ тілінің мәртебесі өспейді.
Қазақстанның бірінші байлығы – қазақ пен оның тілі! Біз үшін одан артық не бар?! Қазақ тілі бәрінен үстем тұруы керек еді. Жаны жәннатта болғыр Қадыр ағам: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген еді ғой…
– Шетел қазақтарында сақталып қалған салт-дәстүрді құтқарып қалу үшін Қазақстан Үкіметі не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жалпы, бүгінгі өркениет – батыстың өркениеті. Бүгінгі жаһандану – ол батыстан жасалған үлкен түрен. Бұл – жолдағы құндылықтардың барлығын ластап, барлығын мансұқтайтын өте қиын ауқым. Осыдан сақтанудың ерекше жолы – мемлекеттік бағдарлама, мемлекетаралық қарым-қатынас, жалпы ұлттардың өзара бірлігі. Осыған байланысты Қазақстан мемлекетінің геосаясатының ішінде қазақтың дәстүрін сақтап қалудың, қазақ тілін сақтап қалудың ең үлкен құпиясы жатуы керек. Бұл – Президенттің, Үкіметтің қолындағы жұмыс. Ал оған түрткі болатын, оны күнделікті айтып, күнделікті ескертіп отыратын бір үлкен фактор бар, ол – Парламент. Парламент ешқашан басқа тілде сөйлеуге болмайды. Парламент басқа тілде сөйлейтін болса – ми басқа тілде сөйлеп тұр деген сөз. Сондықтан парламент сайлауы кезінде ана тіліне жақсы сөйлейтін адамдарды ескеру керек.
1980 жылға дейін Баян-Өлгейде үлкен көш, салтанатты түйелі көш, киіз үй, ошақ, бие бау (қазір азайып келе жатыр) бәрі бар еді. Қазір азайды. Болашақта тарпы да қалмауы мүмкін. Қазақстандағы телеарналар осыны ескеріп, түсіріп алса жақсы еді. Әлемде сүттен 270 түрлі өнім істей алатын әйел – қазақтың әйелі. Басқа еш жерде олай істей алмайды. Қазақстанда соның қаншасы дәріптелді?!
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Архив-2025» бағдарламасы аясында шетелдегі қазаққа қатысты деректерді жинау айтылды. Моңғолияда моңғол тілінде жазылған қазаққа қатысты деректер бар ма?
– Мемлекет тарих жасайды, оны тасқа таңбалағандай қағазға түсіріп, мұрағат жасайды. Мұны мемлекетшілдіктің ең қарапа­йым дәстүрі деп айтуға болады. Шетелде қазаққа қатысты жиналмай жатқан дерек өте көп. Соның бірі – Қытай. Моңғолияда да бар. Оның аударылып шыққандары да, шықпайтын құпиялары да бар. Оның көбі біздің қолымызға түсе бермейді. Сондықтан оны екі мемлекет келісім арқылы шешпесе, жеке адамдарға олар архив ақтартпайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды