«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азияда алғаш қойылды

0 24

Бас қаладағы «Астана операның» «Piccolo» Камералық театрында Дж. Россинидің карнавал стилінде жазылған «Жібек саты» операсының премьерасы болды.

Бұл опера әлем сахнасында сирек қойылады. Азия құрлығында алғаш қойылып отыр. Оқиғасы да қызық. Шынайы махаббатқа құрылған. Тыңдарманды бірден XVIII ғасырға ерте жөнеледі. Осы шым-шытырық жағдайлардың бәрі музыка тілінде сөйлегенде мүлде басқаша кейіпке айналды.
Спектакльдегі партия­ларды орындауда шебер­лікті талап етеді. Бұл жағынан опера әншілеріне аз салмақ түспейді. Біз көрген қойылымдағы кейіпкерлердің образдары барынша толық ашылды. Айталық, Дорвильдің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин пен Дамир Сәдуақасов әсерлі жеткізе білді. Джулияның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова керемет орындады. Джермано рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байгожин мен Азамат Жылтыркөзов сәтті ойнап шықты. Басқа да кейіпкерлердің партияларын орындаған өнерпаздарға да көрермендер дән риза болды.


Операның сахналық безендірілуі де көркем. Декорациялар мен костюмдер комедия дель арте бағытында ұсынылды. Оқиғаға себеп болған XVIII ғасырдың ортасындағы венециялық ауқатты адамның үйінің сән-салтанаты да тамаша бейнеленген. Әртістердің киімдері де ерекше. Карнавал стилінде тігілген. Бір сөзбен айтқанда, оқиға жұртшылыққа венециялық алаңда өтіп жатқандай әсер қалдырды.
Осындай ғажайып толы қойылымды тап-тұйнақ­тай жұртшылыққа жеткізе білген Италиядан келген қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің шеберлігін ерекше айтып өткен жөн. Операның қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың да еңбегі зор.
Айта кетейік, бұл қойы­лым «Жастар жылы» аясын­да Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жұртшылыққа ұсынылды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды