«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Ажалдың талай қалдым арасынан»

0 21

Жеңіс күні жақындаған сайын Қаржаубай көкемді жиі ойыма аламын. Бұл кісі – ел шетіне жау тигенде қолына қару алып, сұм соғыстың саз балшығын кешкен ардагерлердің бірі.

Майдангер 1918 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданы Қарағайлы ауылында дүние­ге келген. Соғыс басталған жылы әскерге алынып, бірінші Беларусь майданының №306 атқыштар полкінің құрамында зеңбірекші болып, талай ­қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 22 қаңтар мен 20 нау­рыз аралығында Шығыс Пруссия аймағындағы ұрыс кезінде жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Қаржаубай көкемнің ақындық қасиеті де болған. Майдан даласында жүргенде туған жері мен бауырларын сағынғанда шерін өлеңмен тарқатып, оны хат түрінде жіберіп отырған. Сондай хаттардың бірінде көкем:
Ажалдың талай қалдым
арасынан,
Жан сақтап қарағайдың
панасынан.
Сау барып дәм тататын күн
бола ма?
Дариға-ай, Ақмоланың
қаласынан.

Отырмыз оқ астында өлең
жазып,
Шыбын жан паналарға
окоп қазып.
Қалмады мен көрмеген
қиыншылық,
Нәр татпай үш-төрт
тәулік жүрек талып.
Сәлемде Рахила атты
анамызға,
Білдірмей амандықты
жатамыз ба?
Дүние-ау, бұл соғыстан
аман қайтып,
Сіздердің қолыңыздан
дәм татамыз ба?
Осы өлең шумақтарынан қанды қырғынның ауыр қасіретін сезесіз. Бірақ көкемнің анасымен, бауырларымен қауышсам деген арманы орындалды. 1945 жылы сәуір айында ауыр жараланып, госпитальға түсіп, со­ғыс аяқталғаннан кейін аман-есен елге оралды. Содан ке­йін соғыстан тұралап қалған шаруашылықты көтеруге белсене атсалысты. Ұзақ жылдар бойы Ерейментау ауданында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Бейбіт күндегі еңбегі үшін бірқатар медальдармен марапатталды. Жамал тәтем екеуі бірнеше бала сүйіп, қырық жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кешті. Бір өкініштісі, көкем ержеткен Жұмағали деген баласының ғана қызығын көріп, 68 жасында өмірден өтіп кетті. Бірақ та Қаржаубай Шақай баласын туған елі, жақын ағайындары адамгершілігі жоғары, қайырымы мол, адал азамат ретінде еске алып, қадір тұтып жүреді.

Бабай ҚАЛҚАМАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды