«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ажал шақырған жүргізушілер

0 69

Қазір күнделікті жаңалықтар таспасын қарап отырсаң, ең алдымен «Жол-көлік оқиғасынан бәленбай адам қаза болды», «Жантүршігерлік жол апаты бәленбай адамның өмірін қиды» деген көңіл құлазытар сөздерді жиі оқимыз. Өткен жылдың 29 желтоқсанында Алматыда болған үлкен жол-көлік апаты естіген жұрттың аза бойын қаза қылды.

Куәгерлердің айтуынша, мас күйінде көлік тізгініне отырған «Гелендвагеннің» жүргізушісі жоғары жылдамдықпен бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, «Митсубиши» автокөлігімен соқтығысты. Оқиға орнынан қашып кеткен желіккен жүргізуші кейін ұсталды. Алапат апат үш адамның, оның ішінде актриса Шолпан Елгезекованың өмірін үзді. Тағы бір жолаушы – актриса Айзада Сатыбалдиева ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Полицейлер «Гелендваген» жүргізушісінің қайғылы оқиғадан бұрын «Grand Opera» түнгі клубында көңіл көтеріп, ол жерден мас күйінде шық­қанын анықтады. Шыны керек, барлық қалаларда көңіл көтеретін орындардың былық-шылығы жетерлік. Ондай жерлердегі дау-дамай, төбелес, есірткі сату, тән саудасы сияқты қылмыс түрлері азаймай отыр. Біздің құқық қорғау органдарының бір кемшілігі, адам өлімі болып немесе үлкен жанжал шыққан соң әлгі мекемені тексереді. Ал қайғылы жағдайдың алдын алу үшін неге бұрынырақ тексеріс жүргізбейді?
Жыл сайын мыңдаған адамдардың өмірін жалмаған жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуі депутаттарды да алаңдатып отыр. Жуырда бір топ «нұротандық» депутаттар Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа сауал жолдап, мәселені тікесінен қойды. Павел Казанцевтің келтірген дерегінше, 2018 жылы елімізде жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан аса адам опат болып, 20 445 адам ауыр жарақат алған. «Бейбіт заманда кінәсіз адамдар соғыстағыдай қырылуда. Салыстырып қарасақ, бұл көрсеткіш Ауғанстанда 10 жылдай соғыс жағдайында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің санынан көп екен» деді депутат өз сауалында.
Оның айтуынша, жол апатынан зардап шеккендердің 70 пайыздан астамы – еңбекке жарамды жастағылар. Олардың көпшілігі мүгедек болып қалады. Демек, бұдан мемлекетке үлкен шығын келуде. Моральдық шығындарды айтпай-ақ қоялық.
Депутат мынадай сұрықсыз статистика келтірді: 28 жылда біз 82 мыңға жуық адамнан айырылыппыз, ал зардап шеккендердің саны жарты миллионға жетіпті! Сонда неге кері кетіп барамыз? Жыл са­йын құзырлы органдарға реформа жүргізілуде. Заңнамалық жағы қам­тамасыз етілуде. Жолдар жөнделіп жатыр. Көшелерге «Сергек» камераларын орнаттық. Әрине, жол­дағы апаттардың (95 пайызы) ең әуелі жүргізушінің кінәсінен болатынын жұрттың бәрі жақсы біледі. Яғни, адамның санасы өзгермей, апат азаймайды. Көлік жүргізуге оқытатын ұйымдарға қойылатын талаптарды да қатайту қажет. «Қауіпті жүріс» деген мәселе бар. Өкініштісі сол, біз «күйіп» тұрған мәселелерді тек талқылаумен шектелеміз. Сөйтіп, ажал шақырған жүргізушілерді «тәубесіне» келтіре алмай отырмыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды