Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

ӘЗӘЗІЛДІҢ АРБАУЫ

«Арақ «Арақ  ішкен, мас  болған жұрттың бәрі не жақсы, не жаманды айыр­майды» деген екен хакім Абай.  Мас болу – өз еркіңмен жындану екенін бұрынғылар да айтып кеткен. Соған қарамастан елімізде маскүнемдікке салыну азаймай тұр. Кейінгі бес жылда ғана 12 мен 18 жас аралығындағы  араққа үйірлер саны 10 есе, ал 20 мен 40 жастағылар арасында 16 есе өскен. Арақ барша жамандықтың кілті екенін біле тұрып, жылына 648 млн декалитр алкоголь өнімін өндіреді екенбіз

Ішкілікке салыну салдарынан естіген адамның төбе шашын тік тұрғызар, сұмдық қылмыстар көбею­де. Мұны соңғы жылдары Астана қаласы Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандық №2 соттарында қаралған қылмыстық істерден көруге болады.

Жын-перілер елестеген…

Астана қаласындағы ­К.Байсейітова көшесі бойындағы көп қабатты үйлердің бірінде көршілер түнімен төрт-бес жасар сәбидің тынбай жылаған дауысын естіп, таңға жақын полиция шақыртады. Жедел жеткен шұғыл топ ішке енгенде есік алдында қанға бөгіп жатқан әйелдің өлі денесін көреді. Жанында шашы жалбыраған қыз бала анасының қолын ұстап отыр. Ал келесі бөлмеде қолына асүй пышағын қатты қысып алған отыз екі жасар Алексей Мурин ұйықтап жатады.

Сұрастыра келгенде көршілер оның бір аптадан бері үздіксіз арақ ішіп жүргенін айтады. Ол жерде Алексеймен сөйлесу мүмкін болмады. Ертеңгі күні айыққасын берген жауабында түнімен «шайтанмен алысып шыққанын» ғана есіне түсіреді. Көшеден қатты мас болып келіп, еденге ұйықтап қалған оған «төсегіңе барып жат» деп оятқан әйелі жын-пері болып елестеп, үстелдің үстінде жатқан пышақпен тамағынан орып жіберген. Ал төрт жасар қызы келесі бөлмеде ұйықтап жатып аман қалған.

Тап осыған ұқсақ оқиға одан бір-екі жыл бұрын ­Б.Бейсекбаев көшесінде де болған.Төркініне аттанарда Гүлназдың жүрегі бір нәрсені сезгендей қайта-қайта бес жасар баласы Жомартты құшақтай берді. Екі қызымен бірге алып кеткісі-ақ келді. Алайда бала «әкеммен қаламын» деп жыламсырап көнбеді. Оның үстіне мұрны бітіп, тұмауратқандай болып тұрғасын «жолда одан сайын ауырып қалар» деген оймен үйде қалуына келіскен-тін.

Күйеуі аузына жүз грамм арақ тисе болды көзі аларып, мінезі өзгеріп шыға келетін есерсоқ болатын. Дегенмен, емделгеннен бері кейінгі кезде ішуін қойғандай көрінген. Келіншегі кетісімен базарға барып, ескі достарын кездестіре қалғаны. «Көптен кездеспедік, ойда жоқта жолыққан сәтті күнді атап өтейік» деп қоймады екі досы. Бұл басында «маған болмайды, мен емделіп жүрмін» деп бас тартқанымен, ерік-жігері жетпеді. Тағы бір қолқалағанда стақандағы «шайтанның зәрін» тамағынан қалай өткізіп жібергенін өзі байқамай қалды…

…Көзін ашса, үйдің іші тас қараңғы. Жарықты жақты. Сағат таңғы бестің кезі екен. Қасында басының мылжа-мылжасы шыққан баласы қанға бөгіп жатыр.Оқиғаның жай-жапсары кейін анықталды. Араққа сылқия тойып, есінен айырылған оны «достары» үйіне әкеліп, төсегіне жатқызып кетеді. Бірер сағаттан кейін қарсы бөлмеде жатқан баласы оянып, әкесінің қасына келеді. «Әке, тоңдым, сенің қасыңа жатайын» деп көрпесінің шетін ашқан бес жасар баласы арақтың уытына бөккен оның көзіне қараңғыда әлде бір албастыдай елестеп, бейкүнә сәбиді көтеріп алып, басын қабырғаға соққылайды. Сөйтіп, әлі толық есі кіріп үлгермеген бүлдіршін маскүнем әкесінің қолынан мерт болады…

Қорыққанға қос көрінген…

Анасымен арадағы күндегі дау-жанжалдың барлығы арақтан болатындығы қырық сегіз жасар Романның ойына да кіріп шыққан жоқ. Бәтуасыз ұлының мағынасыз тірлігінен мезі болған шешесі бірде оған «мен сені тәуіпке барып емдетемін. Сөйтіп, енді ішімдік атаулыға жоламайтындай етемін» деп көкейіндегі ойды айтып қалды. Осы сөз кемпірдің басына бәле болып жабысты. Енді, маскүнем баласы жүз грамм арақ ішсе, тас төбесінің шымырлап, тамырларының тартылатынына анасы сыр­тынан дуа салдырды деп күдіктенетін күйге түсті.

Ақыры ащы суға тойып алған кезекті айқай-шу кезінде анасының басынан оқтаумен ұрып, жан тәсілім етеді. Таңертең мастығынан айыққанда өзінің не істегенін ұққан ол бірден тамырын кеседі. Алайда азғынның көрер жарығы бар екен аяқ астынан жиен қарындасы келе қалып, «жедел жәрдем» шақыртып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалады. Келесі осыған ұқсас жағдай осыдан төрт-бес жыл бұрын Пригородный ауылында болған.

Күздің қоңыр салқын күндерінің бірінде жергілікті тұрғын Ирина «бүгін менің туған күнім» деп үйіне шөлмектестерін шақырады. Еш жерде жұмыс істемей қаңғыбастық өмір кешіп жүрген Сергей, Вадим деген біреулер кештетіп ескі танысының үйіне келеді. Пешке от жағып қойғанымен, Иринаның қазаны қайнап жатпаған еді. Өйткені шешесінен қалған үйдегі барлық дүние-мүлікті сатып, ішімдікке жұмсаған оның бұл жолы бар қаражаты екі шыны арақ алуға ғана жеткен.

Жоқ жерден себеп тауып, ащы суды әкесінің құны кеткендей сіміргендер, біраздан кейін ақыл-естен айырыла бастайды. Сөйтіп, Сергей мен Ирина сөзге келіп қалады. «Үйден шық, әйтпесе мен сені дуалап, қол-аяғыңды матап тастаймын» деп айғай салады үй иесі ескі танысына.

Осындай айғай-шу кезінде Сергей еденге тайып құлап, аяғын қатты жаралап алады. Ол бұл жарақатын «шынында да Ирина маған бір нәрсе істеді» деп күдіктеніп, қасындағы Вадимге «оның ішіне ібіліс кіріп кеткен, соны шығару керек» деп үгіттей бастайды. Сөйтіп, ақыл-естен айырылған екі малғұн дастарқанынан дәм татып отырған әйелдің басын ошақтағы жанып жатқан отқа тығып, тірідей өртеп жібереді…

Адамның азғындық жолына түсуіне бірден-бір себепші – араққа салынудың соңы осындай орны толмас оқиғаларға алып келетіні айқын көрініп отыр. Сондықтан, барлық жамандықтың кілті, харам сұйық арақтан жасымыз да, кәріміз де аулақ болғанымыз жөн.

(Белгілі себептерге байланысты кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілді.)

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*