«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азаттықты ту еткен…

0 87

Биыл елді елең еткізген оқиғалар көп болды. Соның ішінде бәсі мен бағасы, мазмұны мен маңызы бөлек, айтулы шара – Алаш автономиясының жүз жылдығы. Иә, тура осыдан бір ғасыр бұрын жүрегі ұлтым деп соққан ұлы тұлғалардың мақсаты жүзеге асты.

Тарихқа жүгінсек, Алаш автономиясы 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда жарияланды. Кейін Орынборды большевиктер басып алғаннан соң Семейге көшті. Алашорда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Автономия бір жарым жылдан аса билік құрса да, оның мемлекеттік негізі бар, құрылым болды. Бүгінгі тәуелсіз еліміз – соның жалғасы. Осы жерде тағы бір айта кететін дүние бар. Ол – Түркістан автномиясы жайында. Оған да биыл ғасыр толды. Оның басында да қазақ азаматтары жүрді.
Жалпы, алаш идеясы – мәңгілік. Оған көзіміз толық жетті. Қанды қол Кеңес өкіметі де оны құрған азаматтардың көзін жойып жіберсе де, бәрібір ұлттық идея өшкен жоқ. Мұның бәрі – әділдік пен ақиқаттың ешқашан тот баспайтын саф алтындай асылдығында. Ұлт жолында шейіт болған аталарымыздың рухы туған халқымен қайта қауышты.
Биыл алаштың жүз жылдығы елімізде қал-қадерінше атап өтілді. Одан әр аймақ, әр ауыл тыс қалған жоқ. Жер-жерде алаш ардақтыларына ас бері­ліп, жиындар, конференциялар ұйымдастырылды. Құнды кітаптар жарық көрді. Енді соны рет-ретімен баяндайық.
Сол шаралардың ең басты­сы, елордада өткен «Алаш және Азаттық идеясының сабақ­тастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы қатысты. Түркия, Ресей, Әзербайжан секілді елдерден ғалымдар келді. Сол жиында Гүлшара Әбдіхалықова: «Алаш қозғалысының пассио­нарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді» деп парасатты сөз өрбітті.
Алатаудың етегіндегі Алматыда да Алаштың жүз жылдығын мерекелеу аясында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынның шымылдығын түрген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 20 ғасырдың басында «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің тәуелсіздік үшін күрескенін жеткізді.
Сондай-ақ, осындай ғылыми конференциялар Батыс Қазақ­стан, Қостанай, Ақтөбе секілді облыстарда да жалғасты.
1917 жылы 12 желтоқсанда Орынбор қаласындағы II жалпықазақ сьезінде Алаш автономиясының құрылуы туралы қаулы қабылданды. Дәл осы тарихи күнді сабақтастырып, қалалық Тілдерді дамыту бас­­қармасы «Алаш мұраты және рухани жаңғыру: сабақ­тастық пен жалғастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оған алаштанушы ғалымдар қатысып, осы бағыттағы өз пікірлері мен ойларын ортаға салды. Жиын аясында алаш тақырыбында жазылған ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Оған бас-аяғы 80-нен астам авторлардың еңбектері топтасқан. Сондай-ақ, елордадағы Ұлттық музей мен Әскери-тарихи музейі де халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Оңтүстік Қазақстан облысында «Алаш мұрасын ардақ тұтқан ақындар» атты облыстық жас ақындар айтысы болды. Таяуда «Қамшы» ақ­­парат агенттігі «Алаш арыс­та­ры­ның ізбасары» деген медальмен, алашқа қызмет істеп жүрген бір­қатар азаматтарды марапаттады.
Бәрінен бұрын, маңызды ша­ра­ның аясында, Алаш астанасы атанған Семейде, ұлты­мыздың ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылды. Бұл – елімізде алаш көсеміне алғаш қойылып отырған мүсін. Биіктігі үш жарым метр болатын ескерт­кіштің авторы – Бақытбек Мұха­метжанов деген азамат. Бұл көптің көңілінен шыққан игілікті іс болды. Реті келгенде айта кетейік, көрнекті қоғам қайраткеріне арналған мүсін Санкт-Петерборда да бар. Тағы бір ауыз толтырып айтатын дүние – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына байланысты энциклопедиялық бағыттағы жинақ жарық көрді. Кейбір көңілге мұң әкелетін өкініш те бар. Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейхановқа береміз дегенге біраз болды. Сол әлі де даулы күйінде қалып тұрғаны жанымызды жабырқатады. Бас қаламызда да алаш арыс­тарына көрнекті жерден еңселі ескерткіш тұрғызылса деп те армандаймыз.
Міне, алаш автономиясының жүз жылдығы да тарих қой­науына еніп барады. Әлі де алаштың талай торқалы тойларын атап өтерміз. Бастысы, аталар аманатына адал болсақ дейміз. Ойымызды Әлихан атамыздың тағылымды сөзімен түйіндегіміз келді. Ол: «Біздің кемшілігіміз әр ұрпақ өзіне тиісті жүкті белгілі бір орынға апарып қоймайтындығында» деп айтыпты. Өткір айтылған сөз. Алаш азаматтары өздері арқалаған жүкті белгілі орынға апарып қойды. Сол үшін олардың алдында басымызды иеміз. Ал біз бен сіз өзімізге артылған жүгімізді көздеген биігімізге апара аламыз ба? Бір сәт ойланып көрейік…

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды