«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азаттық аңсаған батыр

0 50

«QAZAQSTAN» ұлттық арнасы еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қалың көрерменге та­ғылымға толы сый ұсынды. 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі қаһармандарының бірі, құралайды көзге атқан мерген, халқымыздың азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен батыр, бір ғасырға жуық жат жерде бассүйегі сақталып, былтыр елге әкелініп, туған жеріне жерленген асыл ер Кейкі Көкембайұлы жайында «Кейкі мерген» атты 16 бөлімнен тұратын тарихи драманың таныстырылымы болды.

Айтулы шараның тізгінін ұстаған «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин ұлттық арнаның отаншылдық рух бағытында бірталай жобаларды жүзеге асырып жатқандығын айта келіп: «Бізде тарихи тақырыптар өте көп. Сондықтан жыл басында қандай тарихи драма түсіретінімізді көп ойландық. Ақыры, былтыр бассүйегі елге әкелінген ержүрек Кейкі атамызды түсіруге тоқталдық. Оның үстіне өткен жылы жарыққа шыққан «Тар заман» мен «Кейкі мерген» телехикаясының оқиға желісі мен кейіпкерлері ортақ. Барлығы да бір уақытта болған жағдайлар. Осы хикаяны түсіруге қолдау көрсеткен Ақпарат және коммуникация министрлігіне алғысымды білдіремін» деді.
Көркемтуынды өткен ғасырдың ба­сындағы «ақ қашып, қызыл қуған» аласапыран кезеңдегі батырдың жан күйзелісін суреттейді. Тарихи драмада Кейкімен бірге Амангелді батыр, Әбдіғапар хан, Әліби Жангелдин, Міржақып Дулатов және Ахмет Бірімжанов секілді тұлғалардың образдарын көресіз.
Фильмнің ғылыми кеңесшісі болған тарихшы-ғалым Берік Әбдіғали өз сөзінде хикаяда батырдың ғана емес, сол заманда өмір сүрген тұлғалардың өмірі мен тарихи оқиғалар арқылы азаттық ойды көрсету болғандығын баяндады. Жасынан ел ішіндегі мергенді көзі көрген қариялардан естіген әңгімелер мен тарихи деректерді жинақтап, «Кейкі батыр» деген кітап жазған өлкетанушы Шөптібай Байділдин түсірілім тобына кеңесші ретінде көп мәліметтер берген. Таныстырылымда Шөптібай ағамыз да батыр өмірінен қысқаша ой өрбітті. Ал Қостанайдан әдейі ат арытып келген, Кейкінің туған ағасы Қосжанның ұрпағы Сейітқали Қосжанов осы игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға әулеті атынан ризашылығын жеткізді.
Тарихи драма Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында төрт ай ішінде түсірілген.
Таныстырылымда жиналған қауымға драманың соңғы 16-бөлімі ұсынылды. Мұнда Кейкі батыр мен жары Ақжан және серіктерімен қызылдардың жазалаушы жасағының қолынан азаптап өлтірілген сәті бейнеленген.
Тұжырып айтқанда, ұлттық арнаның азаттық аңсаған батыр туралы түсірілген 16 бөлімнен тұратын фильмі бүгіннен бас­тап көрерменге жол тартып, мерекелік демалыста күн сайын 4 сериядан көрсе­тіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды